Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Әлеуметтік қызмет қайта құрылуда

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Өркениетті елдер денсаулығында кінараты бар жандарды қамқорлығына алып, олардың қоғам тірлігіне араласуына барынша жағдай жасап отырады. Ал, мұндай қамкөңілдік біздің ата салтымызда бұрыннан бар, сондықтан да тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап елімізде әлеуметтік көмек жүйесін қалыптастыруға баса назар аударылды. Бұл орайда әлеуметтік қызмет көрсету саласының қалыптасуы өтпелі кезеңнің қиын жағдайларында жүзеге асқанын атап өткеніміз жөн. Соған қарамастан тарихи қысқа мерзімде әлеуметтік қолдаудың ескі тетіктері халықтың әлеуметтік жағынан ең аз қамтылған және осал топтарының қажетін қанағаттандыруға бағытталған өмірге бейім жүйеге ауыстырылды.
Әлеуметтік қызмет көрсету саласын 2021 жылға дейін дамыту және одан әрі күшейту шаралары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді және ел Үкіметінің 2014 жылғы 396 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасын» іске асыру үшін әзірленді. Жүйедегі түбегейлі өзгерістер 2009 жылы қабылданған «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңынан бастау алады. 2010-2013 жылдарға орайластырылған жаңғыртудың бірінші кезеңінде жалпы оңалту қызметін көрсетуден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге ауысу шарасы жүзеге асырылып, соған сәйкес нормативтік-құқықтық актілер әзірленді. 2014-2017 жылдарға арналған екінші кезеңде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін монополиясыздандыру қамтамасыз етілді. Азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды таңдау құқығы берілді, сонымен қатар қызмет алушылардың шығындарды бірлесіп өтеу қағидаты енгізілді. 2018-2021 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде әлеуметтік қызмет көрсету қолжетімділігін кеңейту мақсатында жұмыс істеп тұрған ірі интернат-үйлерді дербестендіру, шағын жинақталған ұйымдар желісін кеңейту, көрсетілетін қызмет бөлігіне қаржы тәртібін енгізу, сондай-ақ жүйені ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету жоспарланған болатын.
Тілге тиек етіліп отырған Тұжырымдама жаң­ғыртудың үшінші кезеңінде жүйеде орын алар өзгерістердің негізгі басымдықтары мен тетіктерін айқындайды. Бұл құжат алдыңғы кезеңдердегі өз­герістердің нәтижелері мен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытудың әлемдік үдерістерін ескере отырып әзірленді. Әлеуметтік қорғау жүйесін нарықтық экономикаға сәйкестендіру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін 2009 жылдан әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту басталды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекет кепілдік берген және тегін негізде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет тізбесі жүйеленіп, белгіленді. Оған әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер енгізілді. Көрсетілетін қызметтер көлемі, сапасы мен мерзімі және оларды көрсету үшін қажетті еңбек және қаржы ресурстарын айқындайтын арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары әзірленді. Мәселен, 2009 жылы қолданысқа психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты енгізілді, 2010 жылы осы аурулармен ауыратын 18 жастан асқан адамдарға, 2011 жылы – тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен қарт адамдарға, 2012 жылы – белгілі тұрғылықты жері жоқ тұлғаларға, 2016 жылы – адам саудасы құрбандарына, 2017 жылдан бастап – тұрмыстық-зомбылық құрбандарына қызмет көрсету тәртібі белгіленді.
Мұнымен бір мезгілде Қазақ тағамтану академия­сының ұсынымдарына сәйкес қосымша тамақтану енгізілді, дәрі-дәрмекпен және материалдық-тех­никалық қамтамасыз ету жақсартылды, құрылымдық өзгерістер жүргізілді және әлеуметтік қызмет көрсету қолжетімділігін кеңейткен қызмет көрсетудің жаңа нысандары дамытылды. 2008 жылы психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған интернат-үйлерде 2,5 мыңға жуық бала болса, 2 мың бала осы интернаттарға кезекте тұрған. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған 110 стационарлық интернат-үйдің базасында 50-ден астам күндізгі стационар ашылып, оның қызметтерімен 5 мыңнан астам бала мен 18 жастан асқан адамдар қамтылған. Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінің саны бір жарым есеге көбейген. Бүгінде олар 43,7 мыңға жуық қарт адамдар мен мүгедектерді және 13 мыңнан астам мүгедек баланы қамқорлығына алған. 3 мыңға жуық мүгедек балаға жартылай стационар және үй жағдайында үкіметтік емес ұйымдар қызмет көрсетеді.
Осы орайда әлеуметтік көмек көрсетуге жекеменшік секторы тартылғанын, волонтерлер қозғалысы дамып отырғанын атап өткеніміз жөн. Нәтижесінде әлеуметтік қызмет алуға мұқтаж адамдар қызмет көрсету ұйымдарын таңдай алатын болды. Қабылданған шаралар отбасылық дәстүрді күшейтті. Тіршілік әрекетін толық және ішінара қалпына келтіру әлеуеті бар, бұрын интернат-үйлерде болған алты жүзден астам бала өз отбасыларына қайтарылды. Бүгінде олар күндізгі бөлімшелерде қызмет алуды жалғастыруда. Реформалаудың тағы маңызды салдарының бірі – балалардың ата-аналарын жұмыспен қамту мәселесі шешімін тапты.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру