Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір

Журналистика ауқымды реформалардың алдыңғы сапында

Журналистика ауқымды реформалардың  алдыңғы сапында 

Кәсіби мереке қарсаңында қазақ журналистикасының корифейлері мен оның болашағы – талантты жас қаламгерлер Сенатта бас қосты. Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары саласында қажырлы еңбек етіп жүрген журналистер қауымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Сенат төрағасы палата депутаттары да, өзі де ақпарат са­­ласының мамандарына құр­метпен қарайтынын, олар­дың кәсіби шеберліктері, патриоттық, адамгершілік қасиеттерін жоға­ры бағалай­тынын атап өтті. «Бұқа­ралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі бәсеңдемейді. Керісінше олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр», – деді Қ.Тоқаев.
Төраға біздің елдегі жур­налистика ауқымды ре­форма­лардың ұдайы алдыңғы сапында екенін, бас­па және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алғанын атап өтті. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел жұмыс жүргізуде.
Сенат төрағасы біздің еліміз күрделі геосаяси жағдайдағы да­мудың өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанына назар аударды. Әлемнің әр бұрышында жанжалдар азаймай отыр, санкциялық түрдегі теке-тірестер өршіп барады. «Жаһандық екі үрдіс – жаһандану мен ұлтшылдықтың арасындағы қарама-қайшы­лық та ұлғая түсуде. Қазақстан халықаралық қоғам­дастықтың жауапты және беделді мү­шесі ретінде өзінің ұлттық мүдделерін қорғауда тиісті ұста­нымдарды табандылықпен паш етіп отыр», – деді ол.
Төраға халықтың шынайы сеніміне ие әрі шет елдерде беделі зор еліміздің Мемлекет бас­шысы халықаралық аренада Қа­зақстанның мүд­десін әрдайым биік ұстап келе жатқанын атап өтті. «Елбасының Көшбасшылық әрі Тұңғыш Президент мәртебесі – еліміздің саяси жүйесіндегі тұрақтылықтың сенімді кепілі. «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы», таяуда қабылданған «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заң­дар еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жүргiзуде Елбасының жетекші рөліне құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етеді. Бұл қазіргі әлемдегі дүрбелеңге толы жағдайларда маңызды рөл атқарады. Елбасы – біздің Конституциямыздың және ішкі саяси тұрақтылықтың сенімді кепілі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ­станның негізін салушы ретіндегі сіңірген еңбегі аса ауқымды, тарихи маңызы зор», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі қоғам мен бұқаралық ақпарат құрал­дарының алдына биік міндеттер қойып отыр. Технологиялық, эконо­микалық және әлеу­меттік ауқымды өзгерістер бұрын­ғы әдеттер мен таптау­рын көзқарастардан арылып, жаңаша ойлауды талап етеді. Осы ретте Сенат төрағасы Елбасының биылғы Жолдауында цифрлық тех­нологиялардың дендеп енуіне байланысты қазақстан­дық­тарды жаһандық өзгерістер мен қатерлерге дайын болуға шақыруына журна­листердің назарын аударды. Бұл міндет тек қоғамның қолдауымен табысты шешіледі. Сондықтан цифрландыру идеясының мән-маңызын қалың бұқараға жет­кізуде журналистерге аса жауапты міндет жүктеліп отыр.
Бұқаралық ақпарат құрал­дары жастардың күш-қуатын шығар­машылық арнаға қа­рай бұруы тиіс. Жас ұрпақ бар­лық әлеуметтік маңызды іс-шараларға белсене араласуы қажет. Өскелең ұрпақтың білімі мен жаңа технологияларды қолдануы, шығар­машылық тұрғысындағы тың көзқарасы, күш-жігері мен игі бас­тамалары бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Сенат төрағасы еліміздің дәс­түрлі құндылықтарын сақ­тай және ұлықтай отырып, қоғамның рухани өмі­рін жаңартуға бағытталған Елбасының «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасын іске асыруда ақпарат құралдарының рөлі ерекше екендігін атап өтті. «Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген бағдарламалық мақаласынан кейін «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық» жобалары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгін­де қазақ тілін латын жазуына көшіруге дайындық жұ­мыстары аяқталуда. Рухани жаңғырту қоғамда қызу қолдау тапты және оны белсенді түрде жалғастыру үшін ауқымды істерді атқаруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» – экономикалық тұрғыда жан-жақты есептелген әрі мұқият тексерілген қа­дам­дарды жүзеге асыруға бағытталған бірегей құжат. Бір­лескен күш-жігердің ар­қа­сында миллиондаған қа­зақстандықтардың, әсіресе жастардың өмір сапасы мен тұрмысын жақсартуда басты мақсатқа қол жеткіземіз деп ойлаймын».
Төраға парламенттің заң шығару қызметіне қолдау көрсе­туде бұқаралық ақпарат құрал­дарының ерекше рөл атқара­тынына тоқталып өтті. Бүгінде БАҚ жаңа заңдардың қабылдануы туралы ақпарат жеткізумен қатар, қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір болып табылады.
Парламент қабырғасын­дағы кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздің ақпарат саласында белсенді қызмет етіп жүрген бірқатар баспасөз өкілдеріне Сенаттың Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыс етіп, барша журналистер қауымының Отанымыздың гүлденіп, дамуы жолындағы еңбектерінің табысты болуына тілектестігін білдірді.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру