Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

ЕЛДЕРДІ ЕЛЕҢ ЕТКІЗДІ

Елбасы әлем мемлекеттерін саяси-экономикалық тығырықтан шығарудың нақты жолдарын айқын көрсетіп берді

Әлемдік деңгейдегі айшықты ойлар ғана дүниежүзі халықтарының жүрегіне қозғау сала алады. Біз қазіргі таңда әдеттегідей ғаламдық өзгерістер жаңалығын айлап, жылдап емес, минуттар аралығында күтуге дағдыланып алдық. Өйткені, заман талабы солай дейміз. Сондықтан еліміздің экономикалық, әлеуметтік, рухани өміріне қатысты елеулі табысты бастама, болмаса соған жедел жетудің ауқымды бағдарламаларын Елбасы қатысқан әр алқалы жиыннан асыға тосып отыру қалыпты жағдайға айналды.

Дегенмен, бейбіт ғұмыр кешу­дің маңыздылығымен қатар, жа­уапкершілік жүгін арқалата­тын бірқатар қиындықтары бар. Дүниежүзінде баянды бей­бітшілік қалыптастырудың күрделілігі, халық санының қар­қынды көбеюі, мемлекеттер арасындағы текетірестік, діни көзқа­растағы қайшылықтар, ха­лықтың әл-ауқатын арттыру, саяси дағдарыстардан шығу, т.б. ширыққан түйіндер әлемдік экономиканың маңызды факто­рына айналып отырғаны Елба­сы­мызды жиі толғандыруы кез­дейсоқтық емес. Солардың бар­лығын бейбіт жолмен шешудің жолдарын қарасатыру мақсатында Астанада алқалы жиындар өт­кізудің өзектілігі баршаға мәлім.
Астанада он бірінші рет өт­кізілген экономиканың, инвес­тицияның және инновация­ның түйінді мәселелерін тал­қылауға арналған «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты халықаралық экономикалық форум соның жарқын көрінісі.
Қазақстан Президенті атаған 5 сын-қатердің алдын алу жалпы адамзат үшін қаншалықты маңызды екендігіне, жалпы форум тақырыбына жаһан жұр­тының назарын аударуы – әлемдік деңгейдегі алқалы жиындардың өту бағыты мен тәртібін де оңтайластырып, ондағы көтерілетін, талқыланатын мәселенің күрделілігін баршаның мақұлдауы – Елбасымыздың ке­меңгерлігін тағы бір мәрте ай­қындай түсуде. Ел Президентінің сырт елдердегі беделінің жоғары болғаны форумға қатысушылар деңгейінен-ақ аңғарылады.
Алқалы жиынға Нобель сый­лығының лауреаттары, әлемге әйгілі сарапшылар, саясат­танушылар, дүние жүзінің бизнес элитасы қатысуы да осының айғағы. Пленарлық отырыста мәртебелі меймандар әрі спикерлердің санатында болған Халықаралық Олимпиада комитетінің Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші бас хатшысы Пан Ги Мун, Apple компаниясының негізін қалауға қатысқан тұлға­лардың бірі, әйгілі меценат Стив Возняк, физик, футурист және ғылымды дәріптеуші Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы, британдық қаржыгер, экономист, философ Джим О`Нил, Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, «Яндекс» компаниялар тобының негізін қалаушысы әрі басшысы Аркадий Волож және басқалар пікір бөлісіп, форум тақырыбына қатысты ойларын ортаға салды.
Мұның себебі Мемлекет бас­­шы­сының өзекті мәселені орын­ды қозғай білуінде жатыр. Мә­селен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Былтырғы форумнан бері біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәсі болдық. Жаңа қай­шылықтар, текетірестер пайда болуда, мемлекеттер ара­­сын­да өзара келісімге келу қи­ын­дап барады. Әсіресе үлкен мем­лекеттер арасында. Өзара сенбеушілік, қарсыластықтың ұста­нымын түсінуді қаламау жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күрделі кезең», – деп шиеленіскен күрделі мәселелерді әділ, байсалды талқылау мүмкіндігін туғызудың өзі адамзат үшін өте маңызды екенін еске салды.

Қазіргі уақыт әр мемлекет өз жағдайын ғана қаузайтын кезең емес. Олар өзара саяси, экономикалық тығыз байланыста. Ендеше, қай мәселенің де алдын күн ілгері алып отырмаса, келтіретін зардабынан әлем халқы опық жемек. Демек, ел басқару ісінде ескерілмейтін ұсақ-түйек болмайды. Қараңызшы, адамдардың жасының ұзаруының, өсуінің өзінде шешуін күткен қаншама маңызды күрделі жайлар бар, соны Елбасымыз оны қалайша жүрек қылын тербеп жеткізеді:
«Соңғы 70 жылда ол 23 жылға, яғни 48-ден 71 жасқа дейін өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш тек тәуелсіздік жылдарының ішінде ғана 65 жас тан 72,5 жасқа жетті, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. –Үстімізде­гі ғасыр ортасына қарай жер шарын мекендейтін 10 миллиард халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қазіргі деңгейден 60 пайызға көп азық-түлік өндіруге тура келмек. Ал ғаламшардағы базалық ресурстардың шектеулі екендігін, әсіресе таза су тапшылығының жыл санап артып бара жатқанын ескерсек, бұл оңай міндет емес».
Мұны шешу үшін елдегі білікті мамандар мен жоғары заманауи технологияларды пайдалануды жүзеге асыру қажет. Міне, бұл міндеттерден ғалымдар, білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары тыс қала алмайды. Әлемдік тәжірибеде, қазіргі күні өндірістік кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығынан гөрі, білікті қызметкерлердің сапалы болуы маңызды екен. Күн тәртібіне еңбек күшінің 80 пайызын роботтандырылған жүйелерге алмастыру мәселесі қойылуда. Мұны ескермеуге болмас.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл тақырыпты да көрегендікпен әлем жұртшы­лығының талқысына ұсынды. Олай болары, дүйім жұрт Елба­сының халықаралық дәре­жеде шиеленіскен небір қиын жағдайларда мемлекеттер арасында бітімгершілік саясаткерлігімен де танымал бола білген ірі тұлға екенін біледі. Сондықтан оған үміт артады, оң шешім күтеді.
«Мұның барлығы ұлттық экономикалар мен әлеуметтік жүйелер үшін үлкен сынақ. Бұл мәселенің басты шешімі – білім беру жүйесін реформалау. Білім беру ісінде креативті ойлау, қажетті ақпаратты таба білу, оны ұтымды пайдалану машықтарын үйретуге көшу керек. Техникалық прогрестің жылдамдығы қазіргі адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді және өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуде. Біз бұл сынаққа дайындалдық және әлі де дайындық үстіндеміз, – деді Елбасы.
Айтса айтқандай, елімізде бұл бағыттағы жұмыс әлі де өз дең­гейіне жетіп үлгермеуде, Елба­сының тапсырмасымен жастарымыз әлемнің үздік оқу орындарында білім алуына мүмкіндік ашқан «Болашақ» бағдарламасы өмірге келді. Қазірдің өзінде 70 мың стипендиат шетелде оқып жатыр. Қазақстан түлектері шетелдерде қазақ елінің абыройын асқақтатып жүргенін мақтан тұтамыз. Мәселен, еліміздің мақтанышына айналған жоғары оқу орны Назарбаев университетін бітірушілер Кембридж, Гарвард сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне бакалаврдан соң, магистратура, PhD мамандықтарына қабылдануда. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл елдегі білім сапасы халықаралық биік талаптарға сәйкес келетіндігінің айғағы. Сәйкесінше талап та осал емес. Студенттерге жағдай жасау деңгейі жоғарылап, Мемлекеттік грант саны көбеюде, жатақханалар салынуы жүзеге асып отырса да, үміт ақтала қойды деуге ерте. Демек, білім сапасына әлі де ерекше мән беруіміз қажет. Мемлекет қамқорлығы арта түскен сайын ұстаздар қауымына да, білім алып жүрген студенттерге де жауапкершілік жоғарылай бермек. Өйткені, алдағы алынуға тиіс асқардың деңгейі тым жоғары.
«Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлық Қазақ­стан» бағдарламасын іске асыру арқылы елімізде цифрлы инфра­құрылымның және ІТ-эко­жүйе­сінің дамуы қамтамасыз еті­ліп, тұрғын­дардың 85 пайызының цифр­лы сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді Қазақстан Президенті ХІ Астана экономикалақ форумында сөйлеген сөзінде.
Әлбетте, университеттердің табысты болуы оқытушы-профессорлар құрамының сапасына байланысты. Заманауи ғылым белгілі бір зерттеу ұжым бірлігімен іске асатын дүние. Елбасымыз жиі айтатын «Мәңгілік ел» болу үшін тұғыры берік мызғымас ғылым болу керек. Ол үшін шетелдік ғалымдардың өздері «қазақ жастары ғылымға, әсіресе, математикаға бейім келеді» деп мойындап жүргеніндей, іргелі ғылымға белсенді тартуымыз керек. Өйткені, ол – жоғары білімнің тірегі, оны әлем халқы мойындаған. Іргелі ғылымды дамыту арқылы елдің интеллектуалдық әлеуетін жедел көтереміз. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканың түзелуі, халықтың әл-ауқатының артуы – іргелі ғылымның оң әсе­рінен екені даусыз.
Білім жүйесінің сапасын көтеру факторлары стандарттар, бағдар­ламалар және оқулықтар сапасына тәуелді. Бұл бағытта мемлекет қомақты қаражаттан тартынып отыр дей алмаспыз, тек өткен жылдың өзінде 27 миллиард теңге бөлінгені соның айғағы. Әйтсе де, оқулықтардан концептуалдық, фактологиялық, орфографиялық, стильдік қателіктер орын алынуда, кітап салмағы мен көлемі де алаңдатушылық тудыруда. «Мұның түп тамыры неде?» дегенге келсек, елімізде оқулық жаза алатын білікті мамандар аз, оқулықтану ғылымы дамымай отыр, ЖОО-лардың кәсіптер реестрінде мұндай кәсіп қарастырылмаған.
Елбасының әрдайым істі ақыл­дасып, шешімін бірге қабылдау идеясын қадағалап отыратыны да сондықтан, өкінішке орай мұны жауапты қызметкерлер естен шығарып алады.

«Энергетикалық революция, әлемнің таза энергияға бет бұрғаны – жаһандық тренд. Соңғы 30 жылдың өзінде жыл сайын балама энергия көздерінен алынатын жаңғырмалы энергия көлемі 13 есеге артты. 5 жыл ішінде күн панельдері арқылы энергия алу құны 2 есеге жуық арзандады. Сарапшылардың айтуына қарағанда, егер автопаркті электрокарлар алмастыратын болса, бұл жер бетіндегі ауаны 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік береді».

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Астана экономикалық форумында Мемлекет басшысы адам қызметінің барлық аспектілерін, соның ішінде экономиканы цифрландыру экономикалық интеграцияға сеп болатынына тоқталды. Шынында да, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің барлығы да экономикасын цифрландыру проце­сіне неғұрлым жылдам қосылса, еуразиялық интеграцияның тиімділігі соғұрлым жедел өрістеген болар еді деп есептеймін.
Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдағы жаһандық тренд­тердің бірі ретінде энергетика­лық революцияны, әлемнің таза энергияға бет бұрғанын атап көрсет­ті. «Энергетикалық революция, әлемнің таза энергияға бет бұрғаны – жаһандық тренд. Соңғы 30 жылдың өзінде жыл сайын балама энергия көздерінен алынатын жаңғырмалы энергия көлемі 13 есеге артты. 5 жыл ішінде күн панельдері арқылы энергия алу құны 2 есеге жуық арзандады. Сарапшылардың айтуына қарағанда, егер автопаркті электрокарлар алмастыратын болса, бұл жер бетіндегі ауаны 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік береді», – деп, Мемлекет басшысы әлем елдерінің экономикасының дамуындағы басты орынға цифрлы технологиялар мен жаңғырмалы энергия көздері шығып отырғанын айтты.
«Табиғи ресурстарға әлемдік сұраныстың сақталып отырғанына қарамастан, дәстүрлі энергия көздері бүгінде айтарлықтай басымдыққа ие бола алмай тұр, қазір ол көптеген мемлекеттер үшін жоғары табыстың көзі емес. Осы орайда энергетикалық нарықтардың барлық ірі ойыншылары, яғни корпорациялар мен елдер жаңа энергетикаға көлемді инвестициялар салумен айналысуда»,– деді Президент.
Жаңғырмалы энергия көздерін дамыту және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту, ресурстарды үнемдейтін технологияларды, «жасыл экономика» құралдарын енгізу, жоғары технологиялық және ғылымға негізделген салаларға инвестициялар тарту мәселелері елімізде игі қызмет ете бастауы да заманауи қадамның алдын алу екені белгілі.
Астанадағы Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвести­циялық жобалар орталығы ЭКСПО-2017 базасында құрылуы соның дәлелі. «Жасыл экономика» мемле­кеттің экономикасының өсуіне ықпал етіп, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың драй­веріне айналды. Мұндай сәтті қа­дамдарды санамалай берсе, көз қуанары анық.
Биыл 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Астана қаласы әрдайым игі істердің бастау алатын алаңы болып отырғаны да киелі жердің қасиетінің арқасы болса керек. Жыл өткен сайын мәртебесі биіктей түскен Елорданың гүл­денуі Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асқаны есімізде. Алысқа бармай-ақ, аталмыш форум жұмысына 500-ге жуық спикер қатысқаны да алқалы жиынның салмағының қаншалық басым екенін сипаттайды. Бұл он бірінші рет өткен форум үшін рекордтық көрсеткіш.
Әлем халқының жүрегіне қоз­ғау салатын айшықты ұсыныс­тарымыз көп болсын.

Сәрсенғали Әбдіманапов,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық
сауда университетінің ректоры, Халықаралық жоғары мектеп
Ғылым Академиясының академигі,педагогика ғылымдарының
докторы, математика профессоры


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру