Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Құжат өзектілігімен құнды

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті жиында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және өзектендіру мәселелері, сондай-ақ Алматы агломерациясын іске асыру барысы қаралды.

Отырыстың күн тәртібінен тыс Жамбыл облысында «Астана-Алматы» пойызының жолаушылар вагондарының жолдан шығып кетуіне қатысты мәселе қаралды. Орын алған оқиға салдарынан 25 жолаушы түрлі жарақаттар алып, 12 жасар бала қаза тапты. Б.Сағынтаев қайтыс болған баланың ата-анасы мен жақындарының қайғысына ортақтасатынын білдіріп, көңіл айтты.
Вагондардың жолдан шығу салдарын жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында құрылған жедел штабтың жұмысын апат болған жерден онлайн байланыс арқылы баяндаған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Қ.Алпысбаев тексерудің алдын ала нәтижесін жариялады. ҚТЖ басшысының айтуынша, бұған дейін пойыздың олай жолдан шығып кету оқиғалары болмаған. Теxникалық жағынан түсініксіз жайттар көп. Ол жердегі темір жолдың диагностикасы ағымдағы жылы 6 маусым күні жүргізіліп, ешқандай кемшіліктер анықталмаған. Аталған учаскеде сағатына 100 шақырыммен жүруге болады. Ал құлаған пойыз 93 шақырыммен жүрген. Негізі, рельстер және басқа да қосымша бөлшектер тек 60 процентке пайдаланылған. Қазір Шудағы апат бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда. Оған отандық және ресейлік мамандар тартылып отыр. Комиссия қатар тұрған жолмен жүк пойызын жүргізіп көрген. Сынақтың нәтижесінде жолаушылар пойызының жолдан шығып кетуіне басқа пойыздың әсер етпегені анықталды.
Премьер-министр ҚТЖ-ға аймақ әкімдігімен бірлесіп тиісті көмектер көрсету және қаза тапқан жолау­шының отбасына жәрдем беруді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендерді бақылауға алу және олардың сапалы емделуін қамтамасыз етуді, Ішкі істер министрлігіне Инвестициялар және даму министрлігімен, ҚТЖ-мен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп вагондардың жолдан шығып кету себептеріне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырып, аталған оқиғаны тергеуді жеке бақылауға алғанын мәлімдеді.
Отырыста Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын өзектендіру бойынша баяндаған ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев етті және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, суармалы жерлерді, қант саласын дамыту бойынша 10 және одан көп жылға арналған ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленгенін айтты. АӨК мемлекеттік бағдарламасы саланың негізгі тұжырымдамалық және АӨК-ті цифрландыру, техреттеу, салық салу, ауылдық аумақтар секілді онымен сабақтас бағыттарды шешуді көздейтін болады және мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі ретінде салалық және сабақтас бағдарламалар тізілетін ашық платформа болады. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов өз кезегінде АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу 4 теңге жеке инвестицияға шаққанда 1 теңге бюджет қаражатын тартуға мүмкіндік беретінін айтты. Тұқымын одан әрі жетілдіру үшін асыл тұқымды аналық мал басын әкелу бойынша шараларды қабылдау мал шаруашылығындағы жалпы өнімді 200 млрд теңгеге немесе 10%-ке арттыруға септігін тигізбек.
Жиында инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р.Скляр мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік статусына қайта бекітілетінін айтты. Жобада Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға арналған нормалар қарастырылған. 2019 жылдан бастап жыл сайынғы сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысына қаржыландыруды 10 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Бұл әлеуметтік тұрғын үймен жыл сайын шамамен тағы 1 мың азаматты қамтамасыз етуге жол ашады. Құрылыстың көлемін арттыру үшін құрылыс алаңдарын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге қаржыландыруды 20 млрд теңгеге арттыру көзделген. Сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындар үшін өз қызметкерлерін қолдау бойынша нормалар қарастырылған. Мұндай ұйымдар өз қызметкерлеріне тұрғын үй қарыздарын бастапқы жарна ретінде бере алатын болады. Бұл мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметкерлер үшін тұрғын үй проблемаларын шешу үшін үлкен көмек. Енгізіліп жатқан өзгерістер аясында жеке құрылыс салушылардың бағдарламаға белсенді қатысуы үшін әкімдіктерге салынған нысандарды сатып алу құқығы беріледі.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет мүшелері тиісті қаулы жобасын бірауыздан қолдады.
Отырыста қаралған келесі тақы­рып – Алматы агломерациясын Қазақстанның әлемдік деңгейдегі негізгі қаласы бар ұзақмерзімді өсу полюсі ретінде қалыптастыру мақсатында қабылданған Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі іс-шаралардың 2020 жылға дейінгі өңіраралық жоспарын іске асыру барасын ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов баяндады. Бұл ретте үш негізгі міндеттер бойынша 67 іс-шараны іске асыру көзделген. Мәліметтер бойынша агломерация аумағы – 9,4 мың шаршы км құрайды. Алматы қаласының тартылыс аймағына экономикалық, еңбек және әлеуметтік тұрғыдан тығыз байланысты Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай қалалары мен Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының елді мекендері кіреді. Өткен жылы агломерация халқының саны 2,9 млн адамды, оның ішінде Алматы қаласында – 1,8 млн адамды құрады. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдің ІЖӨ-дегі қаланың ЖӨӨ үлесі шамамен 22%-ті құраған.
Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп Алматы агломерациясын дамыту бойынша іс-шараларды сапалы деңгейде жүзеге асыруды тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру