Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Баламалы қуат көздерінің тиімділігі неде?

Парламент Сенатында «Жаңар­тылатын энергия көздері туралы: заңнамалық қамтамасыз ету, саланы дамытудың ақиқаты мен келешегі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дөңгелек үстел отырысын ашқан аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев өз сөзінде БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті жөніндегі деректерін келтірді. Атап айтқанда, су энергиясы жылына 170 миллиард кВт.сағат, оның қазіргі таңда 5 пайызы пайдаланылады; күн энергиясы жылына 1 шаршы метрге 1 300-1 800 кВт.сағат; жел қуаты жылына 920 миллиард кВт.сағат, кәдеге жаратқанымыз – 2,2 МВт орнатылған; мұнай эк­вивалентінде биогаз 54 мың тонна; геотермалдық энергия 520 МВт. Міне, көріп отырғанымыздай, елімізде жаңартылатын энергия саласын дамытудың зор әлеуеті бар. Былтырғы жылы жаңартылатын энергетиканың үлесі небәрі шамамен 1 пайызды құрады.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы заң Қазақстанға «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын жасауға мүмкіндіктер берді. Аталған құжат бойынша елімізде жаңартылатын энергия үлесі 2050 жылы 50 пайызға жетуі тиіс.
Жиында сенатор Әбдәлі Нұралиев 2009 жылдан бері күн энергиясы қуатының құны 60 пайыздан астам арзандағанын, жел энергиясының бағасы соңғы жылдары екі есе қысқарғанын атап өтті. Осылайша, жаһандық нарық энергетикалық саудада күн және жел энергиясының өте төмен бағаларына куә болуда. Сондықтан қазірдің өзінде күн және жел энергетикасын субсидиясыз дамыту туралы сөз болып отыр.
Энергетика министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінде елімізде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын 20-дан астам қуат өндіруші ұйым жұмыс істейді. Биыл күзде жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу жөніндегі халықаралық сауда аукциондары өтеді, онда шығарылатын қуат көлемі 755 МВтты құрайтын болады.
Еліміздегі, әсіресе оңтүстік өңір­лердегі электр қуатының тапшы­лығын азайтуда баламалы энергия көздерін кеңінен пайдаланудың қаншалық маңызды екені түсінікті. «Жер көлемі 2,7 миллион шаршы шақырым аумақты алатын елімізде халықтың орналасу тығыздығы төмен (бір шаршы шақырымға 5,5 адамнан) жағдайда электрмен жабдықтауды орталықтандырудың тиімсіздігі белгілі, оны тасымалдау барысы елеулі түрде шығынды болады. Сондықтан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану шалғай елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз етудегі шығындарды азайтуға, жаңа электр желісін тарту құрылысы жұмыстарында үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Ә.Нұралиев.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімені қорытындылай келіп, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев бірлескен күш-жігер Елбасының жаңартылатын энергетика көздері саласындағы алға қойған міндеттерін нәтижелі шешуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Жаңғыртылатын қуат көздері саласындағы маңызды мәселелер Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мәселелеріне арналған үкіметтік сағат барысында талқыланатын болады.
Дөңгелек үстел отырысына Энергетика министрлігі, «Қазақстан жаңартылатын энергия көздері одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, Қазақстан жаңартылатын энергетиктер қауымдастығы мен «Бурное Солар-1» және «Astana Solar» кәсіпорындарының басшылары қатысты.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру