Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Өнеркәсіпті тұрақты өсім күтіп тұр

Тау-кен саласына барынша мән берілуде

Ел экономикасын дамытуда мұнай-газ секторы секілді тау-кен металлургиялық кешені де айрықша роль атқарады. Бай минералдық-шикізаттық базамыздың өзі ТМК өнімдерінің жаһандық нарығындағы айшықты орынға сұранып тұр. Ішкі жалпы өнімнің 7%-ін, өнеркәсіптік өндірістің 23,5%-ін және қазақстандық экспорттың 23%-ын құрайтын осынау іргелі секторда 800-ге жуық ірі, орта және шағын кәсіпорындар жұмыс істейді.

Әлемдік тау-кен өнеркәсібінің өсуі жолында жасалған қадамдар Астанадағы ЭКСПО конгресс-орталығында 25-ші Дүниежүзілік тау-кен конгресінде сарапқа салынды.

Конгресс геологиялық барлау, өндіру және байыту, тәуекелдерді бағалау, саланы цифрландыру, жаңа технологияларды енгізу, халықаралық қаржыландыруды тарту секілді маңызды мәселелерді қамтып отыр. Дүниежүзілік деңгейдегі шараның Қазақстанда ғана емес, ТМД аумағында да бірінші рет өткізілуі еліміздің әлемдік тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі өзіндік беделін айқындайды. Өйткені, қойнауы кенге толы жерімізде Периодикалық кестенің 99 элементі кездеседі. Олардың 70-і барланған, ал 60-тан астамы өндірісте пайдаланылуда. Еліміз әлемдегі алюминий кенінің ондығына кірсе, ТМД елдері арасында темір рудасының қорлары бойынша үшінші орынға ие. Уран өндірісі бойынша алдымызда тек Австралия, сондай-ақ мыс кендеріне бай елдердің тізіміндеміз. Бұдан басқа, жыл сайын бізде 100 млн тоннадан астам көмір өндіріледі екен. Тау-кен металлургия кешенінің өнімдері Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Ресей, Қытай және ЕО елдеріне экспортталады.
Бүгінгі таңда 85 ірі және 79 орта ТМК кәсіпорындары жұмыс істейтін Қазақстанда тау-кен өнеркәсібінде орнықты өсім қалыптастыруға барлық негіз қаланған. Оған базалық металдар бағасының өсуі, сондай-ақ соңғы кездері жүзеге асырылған заңнамалық өзгерістер мүмкіндік туғызбақ. Өткен жыл да ТМК нарығы көрсеткіштері бойынша еліміз үшін табысты аяқталған болатын. Атап айтқанда, былтырдың қорытындылары бойынша, тау-кен өндіру өнеркәсібінің көлемі 9,3%-ке, өңдеу өнеркәсібі – 5,1%-ке өскен. Түсті металл кенін өндіру көлемі 8,2%-ке көбейіп, темір кенін өндіру көлемі 6,9%-ға өскен. Металлургия секторындағы көрсеткіштер жоғары серпінді көрсетеді. Яғни, бұл өндіріс көлемінің өсуіне байланысты: қара металлургияда көлем 6,6%-ға өссе, түсті металлургияда өндіріс 5,5%-ті құраған. Сонымен, ТМК өндірісі құрылымында түсті металдар үлесі – 60%, қара металдар – 20%, көмір – 17%, басқа да металдар 3% болды.
25-ші мерейтойлық Дүниежүзілік тау-кен конгресіне 50 елден 1200-ден астам делегат жиналды. Олардың ішінде Польшаның кәсіпкерлік және технология вице-министрі, Моңғолияның тау-кен өнеркәсібі министрі, ZijinMining Group Co.Топ Майнинг атқарушы директоры, тау-кен ісі жөніндегі канадалық Торонто қор биржасының жетекшісі, германиялық Thyssen KruppIndustrial Solutions AG тау-кен өндіру саласы­ның технология бөлімінің басшысы және басқа да қонақтар бар.
Конгресс жұмысын ашқан инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек жиынның отандық ТМК дамыту мен елдердің халықара­лық байланыстарын нығайтудағы маңызын атап өтті. Министр ел экономикасының құрылымында тау-кен металлургиялық кешені мұнай-газ саласынан кейін екінші орынға ие екендігін тілге тиек етті. ТМК-нің дамуының негізі – минералдық-шикізаттық база. Қазақстан табиғи қорлары жөнінен әлемде алтыншы, минералдық шикізатты өндірудің мұнай мен газсыз жалпы көлемі жағынан оныншы және жан басына шаққанда пайдалы қазбаларды өндіру бойынша үшінші орынды иеленеді. Сала әлемдік нарыққа мыс, уран, титан, ферроқорытпа және полиметаллдарды ұсынып, аймақтық темір, көмір және алюминий нарығына айтарлықтай әсер етеді.
– Негізгі стратегиялық міндет – елдегі шикізатты барынша өңдеу, сондай-ақ жоғары сапада өңдеуге көшу. Бұл міндеттер индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады, онда қара және түсті металлургия, өңдеу өнеркәсібінің басқа секторлары экономиканың басым секторларымен анықталады. Біз 2010 жылдан бастап экспорттау үшін базалық металдарды өндіруді ұлғайтып, жаңа өнім түрлерін шығардық, – деді ИДМ басшысы.
Ж.Қасымбек елдегі ТМК-нің дамуына қолайлы инвестициялық ахуал ықпал еткенін атап өтті. Бұған ішкі нарықтағы ойыншылардың белгілі салаларда әлемдік көшбасшылар – Glencore, ArcelorMittal, Posco, Tenaris, EvrazHolding, Polymetal және басқалармен ынтымақтастығы дәлел бола алады. Былтыр австралиялық модельге көшу үшін Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекстің қабылдануы бұл бағыттағы салмақты бастама болғандығы айқын. Кодекс саланы мемлекеттік реттеудің ашық әдістерін, геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті, ұлттық стандарттарды әлемдік деңгейде үйлестіруді қамтамасыз етудегі үздік халықаралық тәжірибені ұсынады. Бұл құжат шетелдік инвесторларды, оның ішінде шағын кәсіпорындарды тартуға, жаһандық тәжірибе көрсеткендей, жаңа кен орындарының 60%-тен астамын ашуға бағытталған. Сондай-ақ өткен жылы қабылданған жаңа Салық кодексі Қазақстанда геологиялық барлауды дамытуды айтарлықтай ынталандырады. Биыл салаға қатысты көзқарастарды тұжырымдамалық түрде өзгертуге және елді ЭЫДҰ стандарттарына жақындатуға бағытталған жаңа Экологиялық кодекс әзірленеді. Астана халықаралық қаржы орталығы құрылды. Онда тәуелсіз сот және халықаралық арбитраж ағылшын заңының принциптері мен нормалары бойынша жұмыс істейтін болады. Жүйелік өзгерістер, тиімділікті арттыру, инвестицияларды ұлғайту, көптеген жаңа депозиттер ашу, өзара пайдалы шарттар жасасу өнеркәсіптің дамуына елеулі ықпалын тигізеді.
Еліміздің тау-кен металлургиялық кешені заңнамалық қана емес, сонымен қатар технологиялық трансформацияны да өткеруде. Өткен жылы Еуразиялық топ (ERG) темір кені өндірісін интеграциялау үшін мониторинг пен жасанды интеллект пайдаланылатын Қашар темір кенішінде «ақылды кеніш» жобасының іске қосылуы туралы жариялады. Индустрия 4.0 элементтері сектордағы басқа да бірқатар кәсіпорындарда енгізілген. Бұдан өзге, Еуразиядағы экономикалық және географиялық әсерді кеңейтуге бағытталған Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Орталық Азиядағы Қытай инвестицияларының көлемін артты­руға әкеледі. Қазақстан өзінің мыс, алтын және уранға бай кен орындарымен инвестициялардың басым нысаны болып қалады. Сонымен қатар әлемдік мұхитқа шыға алмайтын Қазақстан үшін алыс шетел нарықтарына өз өнімдерін, әсіресе ТМК өнімдерін тасымалдау қиын. Осы мәселеде Еуропа одағының теңізге шыға алмайтын мүше елдерінің тәжірибесі үлгі аларлық, олар ЕО бойынша өз әріптестерінің көлік, порт инфрақұрылымын пайдаланады.
Польшаның кәсіпкерлік және технологиялар вице-министрі Т.Кошчинский тау-кен металлургия өнеркәсібінің әлемдік экономикаға әсер етуі және Қазақстанмен жүк тасымалы саласындағы ынты­мақ­тастықтың перспективалары туралы айтты. Ал Канаданың Торонто қор биржасының тау-кен бизнесі бөлімінің жетекшісі Д.М.Перссон әлемдегі саланың даму перспективалары мен үрдістерін алға тартты. Қатысушылар конгрестің Қазақстанның тау-кен металлургия өнеркәсібі үшін тигізер пайдасын, нарықтағы қолайсыз жағдайда елдегі ТМК тиімділігін оңтайландыру мен жақсарту шараларын байыптады.
Тиімді өндіру мен өндірістің не­гізгі факторларының бірі – жоғары са­палы инновациялық жабдықтар мен жаңа технологиялар екендігі белілі. Осы орайда ДТК-2018 аясында «Тау-кен жабдықтары, тау-кен және пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу» халықаралық MiningWorldCentralAsia көрмесі ашылды. Ол жыл сайын Қазақстанда өткізіліп, әлемнің 200-ден астам компаниясын жинайды. Биыл көрме Ақтөбе мыс компаниясы, KazMinerals, ERG, Kazakhmys, Kazzinc сияқты еліміздің тау-кен өндіруші және өңдеуші жетекші кәсіпорындарының экспозициясымен ерекшеленді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру