Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

«Бастау» халықтың көңілінен шықты

Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасы түлектері мен қатысушыларының форумы өтті. Форум ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезі қарсаңында ұйымдастырылған бизнес-апталық аясында өткен ірі шаралардың бірі болды. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен «Бастау» жобасы аясында өз кәсібін ашқан жүздеген кәсіпкер қатысты.

Форум мінберінен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов елдегі жаппай кәсіпкерлікке тың серпін мен қарқын әкеліп, қысқа мерзімде ұлттық жобаға айналып үлгерген «Бастау» жобасының жетістіктерін саралап, кешегі мен бүгінгі жұмысына баға берді.
Іске қосылғаннан бергі қыс­қа уақыт ішінде «Бастау» жобасы тиімділігін дәлелдеп, халықтың көңілінен шықты. Жоба мыңдаған адамның жеке кәсібін ашып, бизнеске батыл қадам жасауына мүмкіндік берді. «Жоба бойынша әр кәсіпкерді алғашқы бір жылда аяғына нық тұрғызу үшін қолынан демеп, кәсіпкерлік негіздеріне үйретіп, тұсауын кесіп, үлкен бизнеске, нарыққа шығуына жағдай жасау керек», – деді Абылай Мырзахметов.
Төрағаның айтуынша, «Бас­­таудың» қолға алынуына осын­дай қолдау құралдарының көптен бері болмағаны себеп болды. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қарамастан, оқу мен шағын несиеге қол жеткізу тетігі болмады. Сондықтан «Бастау» жобасы ауылдағы азаматтарды кәсіпкерлікке тартуды мақсат етті. Алғашында қанатқақты режімде іске асырылған жоба қазіргі күні шалғай жатқан ауыл-ауданды да қамтып отыр. «Бастау» тиімділігін дәлелдеді. Өңір-өңірде жоба бойынша оқып, білім аламын, отбасымды асыраймын, тәуелсіз боламын деген ынталы азамат көп. Осындай үрдіс үшін бизнес-тренерлерімізге рахмет. Олар әр азаматқа кеңес беріп, адамдардың біліктілігі мен білімін, іскерлік сауаттылығын арттыруға үлес қосып отыр. «Бастаудың» жұмысына Үкімет те қызығушылық танытып, назарда ұстап отыр», – деді Абылай Мырзахметов.
ҰКП басқарма төрағасы биыл Елбасының тікелей тапсырмасымен жобаны шағын несиелеуге қосымша 20 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Осы ретте «Атамекенге» ауылдың экономикалық әлеуетін көтеруде үлкен міндет жүктеліп отыр. Сонымен қатар, Абылай Мырзахметов ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру, инфрақұрылымын қалыптастыру маңыздылығын айта келіп, әр ауылға қамқоршы тағайындауды ұсынды. Бұл бағытта жобаның мүмкіндіктері пайдаланылады.
Сөз соңында Абылай Мырзахметов жобаның маңыз­дылығы оның кешенді іске асырылуына байланысты екенін атап өтті. Себебі, «Бастау» – тек ақша табу жолы емес, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын бірегей жоба болып табылады. «Оқу аяқталып, бизнес-жоспарды қорғап болған соң, қатысушыларға қаржыландыру көзін табу қажет болады. Яғни шағын несиелеуге қол жеткізу керек. Мысалы, кішкене шаштараз ашудың өзіне біраз қаражат кетеді. Алдымызда үлкен міндет тұр. Бабаларымыз батыр болды, батырлығымен жерді сақтады. Қазіргі біздің батырлығымыз кәсіп ашып, экономиканың дамуына үлес қосу», – деді Абылай Мырзахметов.
«Бастау» түлектері мен қа­тысушыларының форумы аясында 2017 жылы қорғалған 30 үздік бизнес-жоба авторлары марапатталды.
Айта кетейік, биыл «Бастау» жобасы бойынша мақсатты көрсеткіштер екі еселенді: қамту аумағы 80 ауданнан 160 ауданға дейін артып, қалалар мен моноқалалар қамтылды. Қатысушылар саны 15 мыңнан 30 мыңға дейін ұлғайды. 2018 жылы жоба бойынша 6 мың кәсіпкерлік субъектісін құру мен 15 мыңнан кем емес жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру