Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Ұлытауда туризм дамиды

Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қасиетті Қазақстан» жобасының аймағымызда туризмді дамытуға айрықша ықпалын тигізетінін атап айтты. «Қарағанды облысы Ұлытаудың арқасында Қазақ мемлекеттілігінің бесігі деген дәрежені иеленсе игі іс болар еді», – деді облыс басшысы. Осыған орай, биыл Ұлытауда туристерге арналған визит-орталық салынатынын мәлімдеді.

Ұлытау – қазақтың киелі мекені, тарихи көне мұра­лары­ның орталығы. Бүгінде қасиетті өңірді еліміздің ішін­де ғана емес, әлемге танымал жасаудың жолдары қарас­тырылуда. Ұлытаудың мәртебесін асқақтатып, туризмге кеңінен жол ашу үшін инфра­құрылымдарды дамыту көзделуде. Ел бюджетінен 5,5 млрд теңге қаржы бөлініп, Қарағанды – Жезқазған автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты, Алашахан, Жошы хан кесенелері мен өңірдің басқа да киелі орындарына апаратын жолдарды жөндеу басталды. Бұл жұмысқа 2,7 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Облыс әкімі атап өткендей, өткен жылы Ұлытауға 11 мыңға жуық турист келген екен. Ал, ауданда жылына 50 мың туристі қабылдайтын мүмкіндік бар. Оларды тарту мақсатында құны 718 млн теңге тұратын визит-орталық салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары биыл басталады. Ұлытауда жыл сайын өткізілуі дәстүрге айнала бастаған «Көкмайса» этнофестивалі де көптеген шетелдіктердің қызығушылығын туғыза бастады.
Сонымен қатар, облыс басшысы үстіміздегі жылғы 13 шілдеде Ұлытауда халықаралық фольклорлық музыка фестивалі өткелі отырғанын хабарлады. Оған Қытайдан, Ресейден, Мексикадан, Перуден, Польшадан, Франциядан, Түркиядан, Тәжікстаннан және басқа да елдерден шығармашылық ұжымдар, сондай-ақ қазақстан­дық өнер жұлдыздары қатысады деп күтілуде. Фестивальға жобамен 10 мыңдай қонақ келуі мүмкін. Туристерді тарту мақсатымен әлемнің алдыңғы қатарлы туроператорлары шақырылып отыр. Фестиваль болатын күннің қарсаңында ауданның Болатсай алқабында киіз үйлер тігіліп, этноауыл бой көтермекші. Қазір дайындық жұмыстары қауырт жүргізілуде. Екінші күні «Жезкиік» фестивалі Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасының жағасында жалғасады. Бұл жерде қазір үлкен сахна құрылуда және көрермендерге арналған орындар жабдықталуда. Су айдыны жағасындағы классикалық музыка фестиваліне әлемнің әр елінен 17 солист қатысады. Фестивальға қатысушылар шеруі қаланың басты көшелері арқылы өтеді деп жоспарлануда. Соңынан гала-концерт ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Кеңгір су қоймасында желкеншілер фестивалі өтеді.

Амандық РАХҰЛЫ,
Қарағанды облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру