Валюта бағамы: $ 360.12 409.67 5.33 ¥ 52.34

Жұмыс деңгейі нәтижеден байқалады

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру барысы қаралды. Сондай-ақ электрондық коммерцияны дамыту, Қазақстанның VII азаматтық форумының ұсынымдарын іске асыру мәселелеріне ден қойылды.

Отырыста жоспардағы күн тәрті­бінен тыс денсаулық сақтау минис­трі Е.Біртанов елде менингококк ин­фекциясының таралуына байланыс­ты орын алған жағдайды баяндап, ахуал­дың мән-жайына түсінік берді.
Сала министрінің есебін тыңдай келе, Премьер-министр Б.Сағынтаев бұл ретте назар аударылуы тиіс бірқатар өзекті мәселелерді атап, нақты тапсырмалар берді. Үкімет басшысы халық арасында үрей тудырмау үшін менингококк инфекциясының жағдайына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі мен әкімдер орталықта және жергілікті жерлерде құрылған штаб­тардың жұмыстарының толық ашық­тығын қамтамасыз етуі, өңірлерде вак­цина бағаларын реттеу мәселелерін тез арада шешуі тиіс. Бұдан өзге, менин­го­кокк инфекциясының күдігімен жү­­гін­ген барлық науқастарға шұғыл ме­ди­циналық қызмет көрсетуді және олар­ды аумақтық тіркелуіне қарамас­тан жақын емханаларда қабылдауды, мұн­­дай мәселелерді жедел шешіп, әкім­­дермен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.
Бұдан кейін күн тәртібіне қойылған тақырыптардың бірі – 2014-2017 жыл­дарға арналған Қазақстанның «жа­сыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұ­жы­рым­даманы жүзеге асырудың не­гізгі қорытындылары жөнінде энер­гети­ка министрі Қ.Бозымбаев баяндады.
Министр келтірген мәліметтерге сәйкес, өткен жылы елімізде шамамен 1,1 млрд кВт/сағат «жасыл» энергия өндірілген. Ал биыл қуаттылығы шамамен 138 МВт жаңартылатын энергия көздерін қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда елімізде жалпы қуаттылығы 352 МВт ЖЭК пайдаланатын 58 нысан жұмыс істейді. Сондай-ақ жыл аяғына дейін ЖЭК жалпы қуаттылығын 490 МВт-қа дейін жеткізу көзделген.
Электр энергетикасын дамыту оны жасылдандыру тұрғысы­нан жаңар­ты­­латын энергия көздерін дамы­ту­ға, энергетика саласын­дағы көмір­қыш­қыл газының шығарынды­ларын төмен­детуге және елімізді газдан­дыруға негіз­делген. Осы бағыт­та министрлік келе­шекте ЖЭК құнын төмендетуді аукциондық механизм енгізумен бай­ла­­ныстыруда. Сол арқылы инвес­тор­лар мен жобаларды іріктеу про­це­сінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, жаңар­тылатын энергия көздері қуатты­лығын енгізуде соңғы тұтыну­шы­ларға тарифтердің әсерін азайтатын тиімді технологиялар мен жобаларға басымдық беріледі. Сонымен қатар қалдықтарды басқару саласында қай­талама шикізат, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату талаптарын анықтау бойынша норма­тивтік құқықтық база құрылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйе­сінің тиімділігін арттыру үшін Астана мен Алматы қалаларында жобалар іске асырылып жатыр.
Су ресурстарын орнықты пайдалану, жоғары өнімді ауыл шаруашылығы және экожүйелерді сақтау жайында ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Ны­сан­баев, Қазақстанды «жасыл» экономикаға көшіру бойынша қоғам­дық ұйымдардың атқарып жатқан жұ­мыс­тары туралы «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» қауымдастығының басшысы С.Рахымбекова айтып берді.
Жиында қаралған келесі тақырып – электрондық коммерцияны дамыту мәселелері жайында ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев баяндады.
Ресми статистика бойынша, өт­кен жылы елдегі электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 млрд тең­гені құраған. «Қазпошта» АҚ жедел деректері бойынша, биылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығы­ның көлемі 101 млрд теңгені немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9%-ін құрады. Жыл басынан бері 110 жаңа электрондық сауда субъектілері тіркелген. Нарықта 1658 интернет-дүкен жұмыс жасауда. Сондай-ақ сатып алушылар саны 5%-ке өсіп, аталған салада 71,6 мың адам жұмысқа орналасқан.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев заманауи теле­комму­никациялық инфрақұры­лымды құру нә­тижесінде елде интернетті пай­­дала­нушылар саны 2017 жылы 78,8%-ке жет­кендігін мәлімдеді.
Премьер-министр электрондық ком­мерция «Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасының басым мін­­деттерінің бірі ретінде анықталған­дығына тоқталып, еліміздің транзиттік әлеуетін пайдаланумен бұл саланы дамытуға ұмтылып жүрген әкімдерге қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Отырыста Қазақстанның VII аза­маттық форумының ұсыным­дарын іске асыру туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Д.Кәлетаев баяндады. Ол ұсынымдарды жүзеге асыру мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемін екі еседен аса, гранттық қаржыландыруды шамамен бес есе­ге, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын өңірлік мем­лекеттік органдардың санын бір жарым есеге арттыруға жол ашқа­нын атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік жобаларға бизнестің қатысуын кеңейту мақса­тында ASAR үшжақты ынты­мақтастық платформасы құ­рылды. Бұдан өзге, қалыптастыру, бағалау және стандарт­таудың жаңа тетіктерін енгізу арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қыз­меттерінің сапасын арттыру бойынша бірқатар жүйелі іс-шараларды жүзеге асыру ұсынылады.
Үкімет басшысы министрлік фо­румы­ның ұсынымдарын орындау тә­сіл­деріне қолдау білдіріп, министр­ліктер мен өңірлердің әкімдеріне Қа­зақ­станның VII азаматтық форумын ұйым­дастыру мен өткізуге қатысты мәсе­лелерді сапалы шешу және бел­сенді түрде қатысу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру