Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Елдің әлеуметтік жағдайы – мемлекет қуаттылығының көрінісі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде екі басты мәселе – партияны жүйелі жаңғырту және Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жасауды қамтамасыз ету қарастырылды.

Елбасы Саяси кеңестің былтыр қарашада өткен отырысында елі­міздегі жалпыұлттық жаңғыру­дың басты қозғаушы күшінің біріне айналуы тиіс партия қызметін өзектендіру бағытында бірқатар нақты міндеттерді алға қойған еді. Осы ретте Саяси кеңес бюросы­ның желтоқсандағы қаулысымен партияны жаңғыртудың нақты жоспары бекітілген болатын. Онда кадрлармен жұмысты күшейту, пар­тия мүшелерінің санына емес, сапасына көңіл бөлу, жергілікті өкілдік органдарында партияның рөлін арттыру, партиялық жұ­мыста жаңа технологияларды қол­дану, жастармен белсенді жұ­мыс жүргізу, аналитикалық зерт­­теулер мен партиялық білім са­па­сын арттыру қажеттігі қа­расты­рылды.
– Мақсат – «Нұр Отан» пар­тиясының Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңғыртудың сенімді тірегі және жетекші саяси күш ретіндегі рөлін одан әрі нығайту, – деп атап өтті отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде Елбасы.
Мемлекет басшысы сонымен қатар партияға қазақстан­дық­тардың өмір сапасын артты­руға бағытталған маңызды бағдарла­малардың бірі – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуына қоғамдық ба­қылау жасауды қамтамасыз ету міндеті жүктелгенін атап өтті.
Президент бүгінде өзін көш­басшы саяси күш қана емес, нақты істердің партиясы ретінде көрсете білген «Нұр Отан» әлемдік даму­дың және экономикалық үде­ріс­тердің бүгінгідей жоғары қар­қынына сай еліміздің жаңа сын-қатерлерге бейімделуі жағ­да­йын­да мемлекет игілігі жолындағы тиімді жұмысты жалғастыруы қа­жеттігіне тоқталды.
– Біз жүзеге асыруды жос­парлап отырған жұмыстардың бәрі бәсекеге қабілетті болуымыз үшін қажет. Экономиканың үшін­ші жаңғыруы, «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» біздің тара­пымыздан атқарылуға тиіс нәрсе­нің бәрін толық айқындап берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Цифр­лық Қазақстан» бағдарламасын жә­не партияның цифрландыру са­­ласындағы жобаларын орындау­дың маңыздылығына назар ау­дарды. Қазақстанның алдында елуінші жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндеті тұр­ғанын, жылдам өзгерістер үс­тіндегі әлем дамуы бізді күтіп тұр­майтындығын еске салды. Елі­міздің табысты дамуына ықпал етер факторлар туралы айта келіп, Елбасы таяуда өткен Астана эко­номикалық форумының қоры­тын­дысы бойынша шыға­рылған шешімдер жөнінде әңгімеледі.
– Жаһандық дамудан қалып қоймау үшін басқарудың сапалы болуы талап етіледі. Бұл – мем­ле­кеттік қызметті жетілдіру де­ген сөз. Біз мемлекеттік қыз­мет­ке қабылдау үдерісінің ашық­ты­ғын қамтамасыз ету және мери­то­кратия қағидатын ілгері­лету мәселелерін шештік. Бұл қа­дам­ның орындалуын пар­тия қадағалауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестиция тарту және бәсе­кеге қабілетті елді қалыптастыру қа­жеттігін атап өтті.
– Инвестициялар заң үстемдігі қам­тамасыз етілген, келісім-шарттары сақталатын, білімді мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейтін елге ғана келеді. Ал, қазіргі жағдайдағы бәсекеге қабілеттілік – цифрландыруды дамыту, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу ісінде цифрландырудың тиімді екенін айтты.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өнімділіктің өсі­мін қамтамасыз ету және ауыл шар­уа­шы­лығы экспортын арттыру мәсе­лелеріне тоқталды. Ауыл шаруа­шылығы – отандық экономика­ның серпінді дамуындағы үлесі зор са­ла­ның бірі. Қазақстанның мың­ғыр­тып мал, дән сеуіп, астық өсі­руге қолайлы түгін тартсаң май шы­ғатын кең жазира даласы бар. Өнім өткізетін орасан нарықтар – көршілес Қытай, Ресеймен қатар, Парсы шығанағы елдеріне де шығу жолдары қарастырылған. Алайда қолда бар осындай мүмкін­діктер әлі де толық пайдаланылмай отыр. Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі төмен, экспорт көлемі де ойдағыдай болмай тұр. Мемлекет басшысы осы тұрғыда агроөнеркәсіп кешенін дамы­туға баса маңыз берілуі, саладағы өнім­ділікті арттыру үшін озық техноло­гияларды пайдалану қа­жеттігін атап өтті.
Елбасы сөзінің соңында жаңа жобаларды тиімді жүзеге асырудың және Үкімет пен «Нұр Отан» партиясының алдына қойылған міндеттердің ма­ңыз­дылығына тоқталды.
– Ел ішінде қолайлы әлеуметтік жағдай болғанда ғана мемлекет табысты жұмыс істейді. Бұл – Үкіметтің басты міндеті. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстың бәрі халыққа арналған, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Нұр Отан» партиясы төрағасы­ның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияны жүйелі жаңғырту, цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Партияның ұйымдық құрылымы және кадрлармен жұмыс жетілдірілуде, жаңа париялық білім жүйесі қалып­тасуда. Жалпыұлттық маңызды мә­се­лелерді талқылауға арналған NurOtan­­Trends, NurOtanTalks пікір­сайыс алаңдары құрылып, партия­ның идеологиялық күнтәртібі жаңар­тылды. Партияның елдегі бар­лық кон­структивті қоғамдық-саяси күш­терді Президент саясаты төңіре­гіне біріктіретін жасампаздық күш ретіндегі рөлін күшейту мақсатында жұмыс жүргізілуде. Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асы­рылуын бақылау жөніндегі таяуда құрылған қоғамдық кеңес пен Үкіметтік емес және қоғамдық ұйым­дармен өзара іс-қимыл жөніндегі ке­ңес осы бағытта жұмыс істейтін болады.
Мәулен Әшімбаев Партия төраға­сы­ның тапсырмасына сәйкес, ұйымды жаңғырту және индеология­лық күн­тәртібін іске асыру бағытында 22 жаңа жоба жасалғанын атап өтті. Осы ретте еліміздің бәсекеқабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқаратын цифрландыруға баса назар аударылып отыр.
Цифрландыру тақырыбын одан әрі премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев жалғастырды. Партияның «Цифрлық Қазақстан» бағ­дарламасын қолдағандығы қосым­ша демеу болып отырғанын атап өткен вице премьер-министр: «ІТ-мамандарды даярлау жөніндегі бастама «Нұр Отан» тарапынан дер кезінде қолға алынғандығын атап өткім келеді. Бұл шаралар «Цифрлық Қазақстан» үшін адами капиталды даярлау тапсырмасымен жақсы үйлесіп отыр. Бұл бағыттағы шараларға бар­лық жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған. Биыл әкімдіктермен бірлесе отырып, 500 мыңға жуық адамды оқытамыз», – деді.
Осы ретте Мемлекет басшысы бүкіл елімізді цифрландыру идеясына жұмылдыру қажеттігін атап өтті. «Осы бағыттағы шараларды іске асыру үшін бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Біз барша Қазақстанды бұл идеяға назар аудартуымыз керек. Бұл бекерге айтылып тұрған жоқ, іске асыратын мезгіл жетті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Асқар Жұмағалиевке саланы ілгерілетуге, жобаларды әзірлеуге қабілетті адамдарды анықтап, іріктеу­ге назар аудару қажеттігін тапсырды.
Мемлекет басшысы ел экономи­касының тұрақты дамуы – бизнестің кеңінен өріс алуына байланысты екенін атап өтті. Сондықтан кәсіп­кер­лікті мемлекеттік қолдау, барынша қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыру – аса маңызды басымдықтардың бірі. Осы орайда жедел даму үстіндегі қазіргі заманда қазақстандықтар уа­қыт талабынан қалмай, жаңа салаларды игеруі, өмір ағымына ілесіп, кә­сіп­кер­лік белсенділік, сергектік танытуы, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, өз болашағына жауапкер­ші­лік­пен қарауы тиіс.
Бұл үшін барлық жағдай жасалған: алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуға болады, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, қайта даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламалары мемлекет есебінен жүзеге асырылады, өз ісін бастағысы немесе кәсібін кеңейткісі келетіндер үшін шағын несие жүйесі бар. «Ішкі жалпы өнімнің жартысын іскер адамдар әкелсін деп отырмыз. Осы көрсеткішке жетсек, мемлекет тұрақты болады. Әлемдегі төртінші экономика саналатын Германияның ішкі жалпы өнімінің 90 пайызын шағын және орта бизнес береді. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 70-80 пайыз. Сараптауларға қарағанда, бізде шағын және орта бизнестің ауқымы соңғы 2 жылда төмендеп кеткен. Мұнайдың, темірдің, көмірдің бағасы төмендесін, оның бизнеске қандай қатысы бар? Орта және шағын кәсіпкерлік – бұл икемді жүйе. Кәсіпкер бір шаруасы болмай жатса, келесісіне ауысады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгінгі өзекті мәселенің бірі – білікті мамандардың жетіспеушілігі. «Егер сен кірпіш қалай алмасаң, құры­лысқа барып қалай жұмыс істейсің? Машина жүргізе алма­саң, қалай рөлге отырасың. Мәселе жұ­мыс­сыз­дықта емес – мамандық­тың жоқты­ғында. Бұл түйткілді шешу мақ­сатында талай нәрсе жасадық. Ең бірінші, арнаулы кәсіби мамандықты жастарға ақысыз береміз дедік. Оның қалай жүріп жатқанын «Нұр Отан» партиясы жергілікті жерлерде бақылауда ұстауы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жалғасты­рудың маңыздылығына тоқталды. «Қо­ғамда урбанизация жүріп жатыр. Бұл бүкіл әлемде бар үдеріс. Ауыл­дан қалаға көшу бар, оны тоқ­тата алмайсың. Дегенмен, егер жас азаматқа мамандық беріп, туған ауылына бекі­тіп, қолдау көрсетіп, көңіл бөле­тін болсақ, ол ауылда қалып, жұмыс істейтін болады. Өз еңбегімен туған ауылының көркеюіне үлес қосып жүргенін сезіну – жас маманды қанат­тандыра түспей ме!» – деді Елбасы.
Алдымызда тұрған үлкен істерге қарағанда шағын болып көрінгенмен, маңызы салмақты осынау мәселе партияның тұрақты назарында болуы тиіс дей келіп, Елбасы жастардың ауылда еңбек етуіне жағдай жасауда «Нұр Отан» жан-жақты жұмыстар жүргізуі қажеттігін баса айтты.
Отырыстың күн тәртібінде қарал­ған маңызды мәселенің бірі – Пре­зи­дентің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға бағытталған қара­жаттың әрбір тиыны мақсатты және тиімді жұмсалуына қоғамдық бақы­лауды қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы осынау аса ауқымды әлеуметтік бағдарламаның дер кезінде қолға алын­ғанын, оны іске асыруға қомақты қара­жат жұмсалатынын, бірақ мемлекет бұл қадамға баруы тиістігін атап өтті.
Халықтың кемел келешекке деген сенімін нығайтқан, ел ішінде үлкен қолдау тапқан Елбасы­ның бес әлеуметтік бастамасы жария­лан­ған­нан бері үш ай өтті. Үкімет бағдар­ламаны жүзеге асырудың жол картасын әзірлеп, бекітті, оның заңдық негізі жасалды. Бес әлеуметтік баста­маның әрбір бағыты бойынша атқа­рылған шаралар туралы үкімет бас­шы­сының орынбасары Ерболат Досаев баяндап берді. «Бастаманың ал­ғаш­қы бағыты аясында жаңа «7-20-25» бағдарламасы бойынша банктер алдағы шілде айынан кредиттер бере бастайды. Бүгінде несие беру шарттары, қарыздың шекті көлемі және басқа да мәселелер айқындалды», – деді ол.
Осы жерде Елбасы бұл бағдарлама дәл қазіргі кезеңде баспана алудың жалғыз мүмкіндігі болып отырған пәтерсіз жүргендерге арналғандығын, бұл іске алыпсатарлардың араласуына жол бермеу қажеттігін атап өтті. «Біз пәтерлерді баспанасы жоқ жастар алғанын қалаймыз. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстар кімге және не үшін жасалып жатқанын барша қоғамға түсіндіру қажет. Тиісті есептеулер жасалды, отбасының екі мүшесі жұмыс істеген кезде ешқандай проблема жоқ. Ипотекалық несие 7 пайыздан аспайды», – деді.
Елбасы баспананың қолжетімділі­гі туралы айта келіп, мемлекет пә­терлерді тегін таратпайтынын, бұл нарықтық экономикадағы кез келген ел үшін мүмкін еместігін атап өтті. Бірақ азаматтардың өз күші мен қара­жатына сүйеніп, баспаналы болуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осы ретте «7-20-25» бағдарламасы әрбір отбасының баспана алуына мол мүмкіндіктер береді. Осыған дейін тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарна баспана құнының 50 пайызы көлемінде болса, «7-20-25» бағдарламасында бұл тек 20 пайыз болып белгіленді. Сонымен қатар бұған дейін несие беру мерзімі ең көп дегенде 10 жыл болса, жаңа бағдарламада 25 жылға созылып отыр. «Барлық партия мүшелері, әкімдер бағдарлама аясында тиісті шараларды бақылауға алып, қажетті жұмыстарды лайықты деңгейде іске асыруы тиіс. Яғни баспана кімге қажет болса, сол алуы тиіс. Сәйкесінше, адамдар осы үдеріске қосылып, жұмыстарын бастауы керек», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.


Елбасы тұрғын үй бағдарламасын іске асыру құрылыс саласындағы қарқынды арттыратынын, бұл биз­нестің даму мүмкіндігін кеңейтіп, халық шаруашылығының барлық саласына қуатты серпін беретінін айтты. Осы ретте Президент студенттер үшін 75 мың орынға арналған жатақхана нысандарын салу бағытына ерекше екпін қойды. Бұл елордаға білім алуға келген студенттердің әлеуметтік жағдайын көргеннен кейін келген ой екенін айта келіп, Елбасы: «Ешқандай тұрмыстық жағдай жасалмаған жерде студент қалай сапалы білім алады? Мұнда ғана емес, сонымен қатар өзге қалаларда да студент-жастардың білім алуы үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Бұл – біздің жастарымыз үшін үлкен игілік», – деді.
Нұрсұлтан Назарбаев барлық мем­лекеттік органдардың басшыларын бес әлеуметтік бастаманы орын­дауға айрықша мән беруге шақырды. Осынау маңызды баста­ма­лардың іске асырылуын бақылау «Нұр Отан» партиясына тапсырылған болатын. Осыған орай таяуда қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады. Бұл тұрғыда жасалып жатқан жұмыстар туралы «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын ба­қылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы болып тағайындалған сенатор Бақытжан Жұмағұлов айтып берді. «Бізге жүктелген мақсат-міндеттер – айқын да анық. Ең басты міндетіміз – бастамаларды тиімді жүзеге асыру үшін партияның және қоғамның белсенді күштерін жұмылдырып, мем­лекеттік органдарға жан-жақты көмек көрсету. Осы ретте Қоғамдық кеңеске ауқымды міндеттер жүктеліп отыр», – деді Бақытжан Жұмағұлов.
Біріншіден, Бес әлеуметтік баста­ма­ның жүзеге асуына қоғамдық мониторинг және бақылау жасау, үйлестіру. Екіншіден, әлеуметтік бас­тамалардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу. Үшіншіден, бастамаларды жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтау және оларды шешу жөнінде ұсыныстар даярлап, мемлекеттік ор­гандарға олардың сапалы орындалуына атсалысу. «Үкімет бекіткен Жол картасы біздің осы бағыттағы жұмыстарымыздың негізі болып табылды. Бес бағыт бойынша кеңестің жұмыс топтары және өңірлік кеңестер құрылды. Мемлекеттік органдар және жетекші саяси партиялармен, Қазақстан халқы ассамблеясы, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, Кәсіпкерлік федерациясы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеудің тұрақты тетігі қарастырылды. Сенат пен Мәжіліс­тің депуаттық корпусы бастамаларды тиім­ді жүзеге асыруды қамтамасыз ете­тін заңнамалардың дайындалуына және қабылдануына жүйелі қолдау көрсетіп келеді. 4 мамыр күні өткен қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында және одан кейін де жұмыс топтары бойынша атқарылатын шаралар кеңінен талқыланды. Оған барлық жауапты министрліктер мен Ұлттық банк өкілдері белсене қатысты», – деді қоғамдық кеңестің төрағасы.
Жиынды қорытындылай келіп, Мем­лекет басшысы қазақстан­дық­­тар­дың өмір сапасын арттыруға бағыт­талған осынау әлеуметтік бастама­лар­дың толығымен іске асырылуы – «Нұр Отан» партиясы мен барлық әкімдерге жүктелген маңызды міндет екенін тағы бір нақтылады.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру