Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Қаржы нарығындағы ахуал талқыланды

Алматыда Ұлттық банк өкілдерінің қаржы сарапшыларымен дөңгелек үстел басында кезекті кездесуі өтті. Кездесу барысында қаржы реттеушісінің ақша-кредит саясатының мәселелері, ақша және валюта нарықтарындағы ахуал, сондай-ақ қаржы реттеушісінің базалық мөлшерлеме деңгейін 9,25%-тен 9%-ке дейін төмендету жөніндегі шешімі талқыланды.

Ұлттық банктің зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин дөң­ге­лек үстелге қатысушыларға жыл­дық ин­фля­цияның 2018 жылға арнал­ған нысаналы дәліз шеңберінде тө­мен­деуін жалғастырғанын айтты. «Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляцияның үстіміздегі және келесі жылға арналған нысаналы дәліз ішінде төмендеуін және 2020 жылдың соңына қарай инфляция бойынша 4% болатын орта мерзімді бағдарға қол жеткізуді қамтамасыз етуді жалғастыруда. Бұл ретте ақша-кредит талаптары бейтарап деңгейде сақталуда. Алайда инфляциялық тәуекелдердің қысқа мерзімді, сол сияқты орта мерзімді перспективада іске асу ықтималдығының өсуі аясында базалық мөлшерлеменің 2018 жылы одан әрі төмендеу әлеуеті айтарлықтай азайды», – деп түсіндірді В.Тутушкин.
Ол жылдық инфляция мамырда төмендеуін жалғастырып, 6,2%-ті құрағанын атап өтті. «Жылдың басынан бері салыстырғанда төмендеу инфляцияның барлық құрауыштары – азық-түлік және азық-түлікке жат­пайтын тауарлар және халыққа көр­сетілетін қызметтер бойынша байқалуда. Инфляцияның төмендеу қарқынын ағымдағы жылдың со­ңына дейін және келесі жылы шек­тейтін негізгі тәуекелдер азық-түліктің әлемдік бағаларының өсуі, сыртқы саудадағы әріптес елдер тарапынан инфляцияның импорты, тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың өсуі аясында ішкі тұтынудың өсуі негізгі тәуекелдер болып табылады», – деді В.Тутушкин.
Сондай-ақ Ұлттық банк өкілі сауда бойынша әріптес елдердегі инфля­цияның ағымдағы деңгейі өзде­рінің нысаналы мәндерінен төмен екендігін, алайда олардың дезин­фля­циялық әсер ету әлеуеті біртіндеп жойылғанын атап өтті. Орта мерзімді перспективаға жасалған бол­жам­дық бағалаулар Қазақстан­дағы ішкі инфляцияға инфляциялық қысымның өсу тәуекелін арттыратын нысаналы бағдарлар деңгейіне жеткенін көрсетіп отыр.
Дөңгелек үстел басында келтіріл­ген деректерге қарағанда, азық-тү­ліктің әлемдік бағасының индексі сәуірде жылдық көрсеткіш бойынша 2,7%-ке өсті. Сондай-ақ астық пен сүт өніміне бағалардың өсуі жалғасуда. Сыртқы монетарлық талаптардың қатаңдауы дамушы нарықтардан ка­пи­талдың әкетілуімен қатар жүруде. «Биылғы жылдың басынан бастап байқалған әлемдік мұнай нарығы тарапынан қолайлы әсер ету жалғасын тапты. Мұнайдың бағасы орташа алғанда бір баррель үшін 70 АҚШ долларына жуық деңгейде қалыптасып отыр», – деді Ұлттық банк өкілі.
Қазақстан экономикасында жыл­дың басынан бері үй шаруашы­лық­тары өнімдерін тұтынудың ұлғаю үрдісі байқалғаны, оған халықтың нақ­ты ақшалай кірістерінің екі жыл­дық төмендеуден кейін өсуі, сондай-ақ тұтынушылық кредиттің ұлғаюы себепші болғаны баса айтылды.
Бүгінде экономикалық белсенді­ліктің өсуі қарқыны сақталып отыр. Қысқа мерзімді экономикалық инди­катордың мәні 2018 жылғы қаңтар-сәуірде жылдық көрсеткіш бойынша 5,0%-ті құрады. Экономикалық өсімге тау-кен және өңдеуші өнеркә­сіптердегі, байланыс, сауда, сол сияқты ауыл шаруашылығындағы көрсет­кіш­тердің жақсаруы оң үлес қосты. Негізгі капиталға инвестициялардың өсуі биылғы жылғы қаңтар-сәуірде 28,9%-ті құрады.
Осының аясында өндіру мен ішкі тұтыну арасындағы айырма, Ұлттық банктің бағалауынша, оң аймаққа өтіп отыр, бұл проинфляциялық қы­сымға әкеп соғады. «Инфляциялық күтулер төмендеді, алайда түрлі күйзелістерге сезімтал болып қа­лып отыр және көбіне нарықтағы ағым­­дағы жағдайларға байланысты. Сәуірде теңгенің номиналдық айырбастау бағамы күйзелісінің аясында инфляцияның бір жыл алға күтілетін мәні 6,0%-ке дейін төмендеп, мамырдың қорытындысы бойынша 6,3%-ке дейін өсті. Қабылданатын ин­фляция да төмендеуін жалғасты­руда. «Өткен 12 айда тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасы бұрын­ғыға қарағанда тез өсті», деп санайтын респонденттердің үлесі сәуірдегі 48,8%-тен мамырда 46,2%-ке дейін қысқарған.
Ұлттық банк өкілінің айтуынша, ақша-кредит талаптары бейтарап дең­гейде қолдау табуын жалғастыруда. Нақты инфляцияның баяу төмендеуі, сондай-ақ проинфляциялық тәуекел­дердің орта мерзімді келешекте іске асу ықтималдығының өсуі Ұлттық банк­тің ағымдағы жылы базалық мөл­шерлемені одан әрі төмендетуін шектейді.
Инфляциялық күтулерді басқару және оларды одан әрі төмендету мақ­сатында болашақта ақша-кредит талаптары неғұрлым қатаң сипат алу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
Еліміздің қаржы нарығындағы ахуалды таныстырудан кейін Ұлттық банктің өкілдері сарапшылардың сұ­рақтарына жауап беріп, осындай кез­десулерді өткізудің маңыздылығын атап өтті. Ұлттық банк сарапшылармен кездесуді қаржы реттеушісінің нарықпен және қоғаммен белсенді байланыс орнату саясаты аясында жүйелі түрде өткізіп отырады.
Айта кетейік, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім биылғы 9 шіл­деде Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланатын болады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру