Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

«Бастау» – әлеуметтік кәсіпкерлік элементі

Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен кәсіпкерлік форум ұйымдастырылып, онда әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және мемлекеттік емес ұйымдардың әріптестігі мәселелері талқыланды.

Іс-шараға еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі М.Әбіл­қа­сымова, дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі А.Нүкенов, ҚР Пре­зидентi жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөнiндегi ұлттық комис­сия мүшесі, Қазақстан іскер әйелдері кеңесінің президенті Р.Сәр­сембаева қатысты. Талқылау ала­ңына мемле­кеттік құры­лымдар, ха­лық­аралық ұйым­дар, биз­нес және мемлекеттік емес ұйым­дардың өкіл­дері, сонымен қатар өз еліміз­бен қоса, Израиль, Түркия, Польша, Гру­зия, Қырғызстаннан келген қоғам қай­раткерлері мен сарапшылар шақы­рылды.
Форум қатысушыларының пікі­рін­ше, әлеуметтік кәсіпкерліктің же­тіл­меуіне – халықтың бұл саладағы ақ­паратының аздығы, бизнес жүргізу мәселелері, пікір алмасу алаңдарының болмауы себеп.
«Атамекеннің» жұмыссыздарды кә­сіп­керлікке тарту бойынша қыз­меті­нің келешегі жайында ҰКП бас­қарма төр­ағасының орынбасары Эльдар Жұ­мағазиев «Бастау» жобасы әлеу­мет­тік бағытқа ие екендігін атап өтті. Бұл толығымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобасы әрі бизнеске оқыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар кемшіліктерін ескере отырып әзірленген. Жоба бизнес негіздерін оқыту және оқытудан кейін бір жыл бойы өз идеяларын қолдай оты­рып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандарды кәсіп­кер­лікке баулу, олардың кәсіп­кер­лік­тегі мүм­кіндіктерін анық­тауға және дамы­туға бағытталған.
– «Бастау» жобасы ауыл тұрғын­дары арасында жақсы сұранысқа ие. Алғашқы жылдың өзінде еліміз бойынша 15 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. 8 мыңнан астам адам жобаларын қорғап, 3,5 мың адам қаржыландыруға қол жеткізді, жеке кәсіптерін ашып немесе бизнестерін кеңейтті. Былтыр жобаларын қорға­ған 5 мың адамға қосымша 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ақтөбе облысында жобаға 1125 адам қатысты. Бүгінде жоба нақты нәтиже беріп отыр. Кешегі жұмыссыздар кә­сіпкерлер қатарын көбейтті, жаңа жұмыс орындарын ашты. Бұл әйел­дердің белсенділігі 60%-ды құрайтын нағыз әлеуметтік бағыт, – деді ҰКП бас­қарма төрағасының орынбасары.
«Бастау» жобасы 2016 жылы Маң­ғыстау мен Ақтөбе облыстарында пи­лоттық режимде іске асырылған болатын. Пилоттық режимнің екінші нысаны – Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылы болды. Іріктеу тестілеуіне қатысқан 140 жұмыссыз бен бастауыш кәсіпкердің 60-ы оқуға өтті. Оқу аяқталғанда олар өз бетінше бизнес-жобаларын әзірлеп, қорғады. Нәтижесінде 30,1 млн теңге көлемінде 6 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 5 жобаны әйелдер қорғады. Олар шағын-жылыжай, пицца және кондитер өнімдерін пісіру және медициналық қызмет көрсетуді қолға алған. Бүгінде бұл жобалар сәтті жүзеге асып жатыр.
Биыл «Бастау» Ақтөбе облысының барлық ауданын қамтыды. Республика бойынша 30 мың адам оқыту жоспарланған. Оның ішінде кем дегенде 20 мың ауыл тұрғыны бизнес-жоба­ларын қорғауы керек. Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы биз­нес-ортаның жаңа сапалы легін қа­лыптастырмақ және осы әлеуетті әр өңірдің сұранысына бейімдеу көз­делген.
Э.Жұмағазиев бұл бағытта ҰКП мо­ни­торинг, нақты айтқанда тұрмыс­тық тізбекті анықтайтын скрининг жүр­гізіп жатқанын хабарлады.
– Жалпы, бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі өте жоғары. Жүргізіл­ген талдау көрсеткен­дей, былтыр бизнесмендер қайырымдылыққа 48 млрд теңге жұмсаған. Мұқтаж жандарға қол ұшын созған кәсіпкерлердің көбі заңнама бойынша салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар бары туралы бейхабар. Ірі салық төлеушілерге – салық салынатын табыстан 3%-дан аспайтын жалпы сома көлемінде, жоғарыда аталған салық төлеушілерден бөлек салық төлеушілерге – салық салынатын табыстан 4%-дан аспайтын жалпы сома көлемінде жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар көп кәсіпкер меце­наттық қызметін жасырады. Мұндай жандардың үлгісін насихаттау керек. Былтыр «Атамекенім» атты әлеуметтік жоба іске қосылғаны белгілі. Акция мақсаты – бизнестің қайырымдылық көрсету бойынша бастамасын қолдау, – деді атап өтті ол.
Спикер әлеуметтік кәсіпкерлікті ауқымды дамыту үшін нақты индикатив енгізуді ұсынды. «Бастаудың» өзі – әлеуметтік кәсіпкерліктің элементі. Дегенмен, индикативті күшейтіп, оған мұқтаж жандардың тізімін қосу керек. Бұл адамдар «Бастау» аясында оқып, жеке бизнес нысандарын ашар еді. Екінші ұсыныс – ұлттық кәсіпкерлер палатасында «5 мың ауылға, 5 мың қамқоршы» атты жаңа жоба қолға алынып жатыр. ҰКП басқарма төр­ағасының орынбасары аталған жобаға бизнесмендерді атсалысуға және ауыл-аймаққа қамқоршы болуға ша­қыр­ды. Спикер атап өткендей, осын­дай қамқорлықтың үлгісі – танымал кәсіпкер, Ақтөбе облысы кәсіп­кер­­лердің өңірлік кеңесінің мүшесі, «Алтын Қыран» компания тобының дирек­торы, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Исламбек Салжанов. Меценат Ақтөбе қаласындағы жаңа тарихи-өлкетану мұражайы құрылысына демеушілік жасаған. Туған өлкесі Қобда ауданында кәсіпкер 320 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесін салып, оны жергілікті билік балансына өткізген. Ақтөбе облысы қашанда белсенділігі әрі жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Бұл жолы да резонанс осы өңірден бастау алады деген сенім мол.
Облыс тәжірибесі өзекті мәселе­лерді шеше отырып, әлеуметтік кә­сіп­керлік бизнеске табыс табуға жол ашатынын көрсетіп отыр, яғни бар­лық тараптың: кәсіпкерлер, мемле­кет және халықтың ұпайы түгел. Өт­кен жылы өңірде бюджеттік емес қара­жатқа жалпы сомасы 29 млрд теңгені құрайтын 73 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Оның ішінде офталь­мо­ло­гиялық аурухана, жедел жәрдем станциясы, Жекпе-жек, күрес түр­лері сарайы, «Өнер орталығы», «Жұ­­ба­новтар әлемі» үй-мұражайы, Шығар­машылық академиясы салынып, пайдалануға берілді. Биыл облыста жалпы сомасы 28 млрд теңгені құрайтын бюджеттік емес инвес­тицияға 33 жоба іске асады. Атап айт­қанда, Ақтөбеде теннис орталығы, мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, «Ана­ларға тағзым» үй-мұражайы, Сал ауруына шалдыққан балаларға арнал­аған оңалту орталығы, Ядролық медицина орталығы салынбақ.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Атамекен» ұсыныстарына белсенді қолдау танытты.
– Кәсіпкерлікті жаппай дамытуда белсенді жұмыс атқарылуда. Был­тырғы жылдың нәтижесі бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері саны 52 мыңды құрады, бұған мемлекеттің қуатты қолдауы әсер етті. Кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке талмай ба­ғыттап келеміз. Өңірдегі шағын және орта кәсіпорындардың 40%-ын әйелдер басқарып отыр. Олар әлеуеметтік бел­сенділік танытып, «Туған жер» бағ­дар­ламасына қолдау көрсетуде. Осын­дай белсенділігімен танылып жүр­ген іскер әйелдер – Зәмзагүл Байма­ғам­бетова балабақша, халық кеңсесін салып, қазіргі таңда Неке қию сарайын тұрғызып жатса, Рабиға Тасыбаева балалар лагері, физика-математика бағытында мектеп-интернатын салды, – деп атап өтті өңір басшысы.
Форум аясында әлеуметтік кәсіп­кер­лік нысандары бойынша көшпелі таныстырылым жасалды.
Э.Жұмағазиев делегация мүше­лері­мен бірге «МК Корпорациясы» ЖШС жанынан ашылған «Taksim Food Academy» оқу орталығына барды, бұл нысан ҰКП Оқу орталықтары тізіліміне енген. Кәсіпорын еліміз бойынша дәмхана мен мейрамхана желісіне ие. Осылайша курстан өткен түлектердің 100%-ы жұмысқа тұрады. Былтыр Жұ­мыс­пен қамту орталығы бағыты бой­ын­ша 76 адам аспаз, даяшы, бармен, кассир, әкімші мамандықтарын оқыды. Биыл аспазға 12 адам, кассирға – 15 адам оқып жатыр. Білікті мамандарға деген сұраныс бар, кәсіпорын көп кө­лем­де курсанттарды оқуға қабылдауға дайын.
Айта кетелік, биыл жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия бизнес ұсынысын ескеріп, жобаны қаржыландыруға жекелей кірісті. Мәселен, аспаздарды оқыту 24 048 теңгеден 30 986 теңгеге артты, тігіншілік 24 048 теңгеден 27 690 теңгеге артты. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Атамекен» ҰКП оқу орталықтар тізіліміне тіркелу арқылы кәсіпорындар қысқа мерзімді оқытуға қаржыландыру ала алады. Бүгінде Ақтөбе облысы кә­сіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшылары тізілімге 7 оқу орталығын қосты.
Форумда Ақтөбе облысы ұйым­дары мен кәсіпорындары Израиль, Түр­кия, Қырғызстанның әлеумет­тік кәсіпкерлік бойынша ұйым­да­ры­­­мен ынтымақтастық туралы бір­­қатар ме­морандумдарға қол қой­­­ды. Осы­лай­ша форум аясында бірнеше ба­ғыттар бойынша ынты­мақ­тастық туралы ке­лісімдер жасалды. Атап айтқанда, ақ­төбелік «Азайа» тігін кәсіпорны израиль­дік «Ха­ше­мекем» кәсіпорнымен өзара бай­ланыс орнатпақ. Шетелдік бұл ком­па­нияның тәжірибесі ақтөбелік кәсіп­керлер үшін қызықты. Тараптар әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жобаларды жүзеге асырып, Қазақстан үшін жаңа салада тәжірибе алмасуға келісті.
Ақтөбе облысы мемлекеттік емес ұйымдар қауымдастығы және Қыр­ғызстан әлеуметтік кәсіпкерлік мек­тебінің басшылығы қысқа және ұзақ­мерзімді оқу бағдарламаларын ұйым­дастыру, әлеуметтік кәсіпкер­лер­ге тренинг өткізу, ғылыми және мәдени-бұқаралық іс-шаралар­ды ұй­ым­дастыру бойынша жауапкерші­лікті алып отыр.

ӘЛИЯ КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру