Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Ұрпақ биіктерге қарап бой түзейді

Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы жан-жақты жүзеге асуда

Қоғамның жас мүшелеріне тағылымды, қамқор көзқарас – баянды болашақтың негізін қалаудағы басым шарт екендігі сөзсіз. Кемел келешек алдындағы осы жауапкершіліктің шынайы үлгісі ретінде балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап жатқан Ақтөбе өңірінің іс-жобалары айрықша атап өтуге тұрарлық.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған балалар мен жасөспірімдердің орындау шығармашылығын қолдау және дамыту мақсатында рухани, адамгершілік, эстетикалық тәрбие факторын паш еткен балалар мен жастардың музыкалық оркестрі және ансамблінің шеруінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта бастау алған «Бақытты бала» акциясы балалардың барлық мәселелерін шешуге үлес қосуға бағытталғанын атап өтті.

Ағымдағы жыл облыста Бала­лар жылы болып жарияланып, осы орайда жергілікті әкімдік «Ру­хани жаңғыру», «Туған жерге тағзым» бағдарламалары аясында «Бақытты бала» жобасын жасаған.
Елбасы жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне ерекше назар аударып келеді. Бұл ретте ел дамуына елеулі үлес қосатын жас ұрпақты қалыптастыру мақсатында бала­лардың өзекті проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін іс-ша­ралар жалғаса береді. Жыл басынан бері Ақтөбе облы­сында 600-ге жуық іс-шара өткізілген, әлеуметтік, спорттық және мәде­ни нысандар салынған. Жазғы демалысқа арналған тиімді шаралар қабылданып, мүгедек ба­лаларға ерекше көңіл бөліну­де. Аз қамтылған отбасылар­дан шық­­­қан, мүмкіндігі шектеулі ба­ла­­ларға, республикалық және ха­лық­аралық олимпиада­лар­дың, жарыстар мен байқау­лар­дың жеңім­паздары мен жүлде­гер­­ле­ріне білім беру-сауықтыру лагерьлеріне және экскурсия жа­сауға жолдамалар бе­рілуде.
Ағымдағы айдан бастап өңірде Қазақстандағы, тіпті ТМД-дағы жалғыз инклюзивті лагерь жұмыс істей бастады. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыста жұмыс сапарымен болған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әб­діқалықова жыл бойғы инклю­зивті «Күншуақ» лагерінде болды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акциясы өтіп, естелік сыйлықтар, лагерьге тұрмыстық техника тарту етілді. Г.Әбдіқалықова бізде ерекше қажеттілігі бар балалар қоғаммен біте қайнаса алмағандығына, олар өз проблемаларымен қала беретін отбасыларда болғандығына назар аударып, соңғы жылдары жағдай өзгергендігін, Мемлекет басшы­сы­­ның тапсырмасымен бел­гілі бір заңдар қабылданып, стан­дарт­тар жа­салып жатқандығын айтты.
«Бақытты бала» өңірлік жобасы аясында бой көтерген «Күншуақ» лагері Алға ауданының Бестамақ ауылынан 3 шақырым жерде орна­ласқан «Ақбөбек» жаз­ғы лагері жанынан құрылды. 1964 жылы Алға балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналып са­лын­ған бұл лагерь олар­дың са­нының азаюына байланысты соңғы жылдары бос тұрған еді. Енді демалыс аймағында 8 тұрғын үй корпусы, асхана, клуб, монша, спорт алаңдары, басқа да ғимараттар бар. Барлық нысандар қалпына келтірілген. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды коррекциялық қолдаумен, жазғы демалыспен қамтамасыз ету және сауықтыру үшін бар­лық жағдай жасалған. Биыл «Күн­шуақ» лагерінде 650 бала демалады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ мұнда Мемлекеттік хатшыға оқу корпусы бар «Әсем» жыл бойғы лагері таныстырылды. Соның арқасында балалар оқудан қол үзбей демала алады. Ақтөбе қаласында 13 гектар алаңда орналасқан «Әсем» демалыс аймағы келешекте халықаралық лагерь болуы қажет деп ойластырылған.
Балалар мерекесіне орайластырып ұйымдастырылған бірегей өнер мерекесі – «Baqytty Bala» бірінші балалар вокалдық фестиваль-конкурсы. Қаладағы Өнер орталығын көрерменге толтырып, ән-жырды әуелеткен бай­қаудың ең бір салтанатты тұсы – оның әлемге әйгілі әнші, қазақ музыкасының бірегейі Димаш Құдайбергеннің қатысып, қолдауымен өтуі. Қазақстанмен қа­тар, Ресей, Украина, Өзбекстан және Грекия елдерінен келген жас музыкалық дарындар қатысқан «Baqytty Bala-2018» тұңғыш халық­аралық эстрадалық ән байқауы жаңа есімдерді тапты. Облыс әкімдігінің, «QAZAQSTAN» рес­публикалық те­леар­насының қол­дауымен «Ди­маш­Али» шығар­ма­­шылық орта­лы­ғы ұйым­дас­тырған фестиваль қатысу­шы­лардың орындаушылық шебер­лік­терін жетілдіруді, вокал өнері­нің үздік дәстүрлерін дамытуды мақсат етеді.
Байқаудың бас жүлдесін бір­ден екі қатысушы иеленді. Олар – ақтөбелік Наргиз Жанұза­қова мен Оралдан келген Ержан Максим. Жеңімпаздардың әр­қай­сысына 1 миллион теңгеден берілді. Сондай-ақ Наргиз «Славян базары-2015» халықаралық бай­қауының же­ңім­пазы, «Sin­ger-2017» финалисі, «MTV Music Awards» сыйлығының иегері Димаш Құдайбергеннің атау­лы жүлдесін жеңіп алды. Осылай­ша ол Димаштың әлемдік сапа­ры­на қатысады. Гала-концерт­те өнер көрсеткен Димаш қатысу­шы­лардың барлығына алғысын біл­діріп, туған жеріне деген ыстық сезімін жеткізді.
Конкурстың басқа да лауреаттары 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Олардың қатарында өз елімізбен қатар, Ресей, Өзбекстан, Грекиядан келген өнерпаздар бар. Барлық қаты­сушыға ұйымдастырушылар мен демеушілер атынан бағалы сый­лық­тар табыс етілді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев байқаудың барлық қатысу­шысына алғыс айтып, «Baqytty Bala» фестивалі жыл сайынғы оқи­ғаға және өңірдің нағыз брендіне айналатынын жеткізді.
– Байқау алғаш рет өткізі­ліп тұр, бірақ соңғы рет емес. Біз Ақтөбеде жыл сайын дәстүр­лі түрде «Бақытты бала» халық­аралық байқауы өтетін болады деп шештік. Біз жас таланттарды қашанда қолдайтын боламыз. Қымбатты балалар, бізге сый­лаған мерекелеріңіз үшін рахмет. Әрқайсысыңызға Димаш­тың шы­ғар­машылық жолын берсін деп тілеймін, – деді облыс басшысы.
Ол сондай-ақ өзге елдерден кел­ген қонақтарға және ұйым­дас­ты­рушылардың барлығы­на бай­­­қауды жоғары деңгейде өткіз­ген­­дері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ облыс әкімі көрермендер арасында елімізге байқауды тамашалау үшін Жаңа Зеландиядан келген Анита Рай Уордтың отырғанын атап өтті. Ол төртінші деңгейлі онкология ауруына қарамастан Қазақстанға мүгедектер арбасымен жолға шыққан.
Байқаудың финалдық концерт­тік бағдарламасына әлемдік музы­каға жаңа леп әкелген дара Димашпен қатар, украиналық «Голос. Дiти. 2017» вокалдық бай­қауы­ның жеңімпазы Данелия Төлешова, Вит­ебскідегі «Славянский базар-2015» халықаралық фес­тивалінің бас жүл­де иегері Луиза Нұрқуатова, ар­мян әншісі Джордан Аракелян, әуе гимнасты Анастасия Дидух қатысты.
Қазылар алқасы да Қазақстан, Өзбекстан, Украина және Түркия елдерінің кәсіби әртістерінен құралды. Ән байқауына 20 елден келген 420 жас музыка таланттары қатысты. Қашықтан іріктеу айналымынан 20 бала өтті. Шараның билеттерінің дені жетім және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға берілді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру