Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Ауыл шаруашылығының алар асуы

Ол мемлекеттік бағдарламаның  ойдағыдай жүзеге асуына байланысты

«Республика халқын қажетті азық-түлік өнімдерімен аста-төк қамтамасыз ету былай тұрсын, тіпті экспорттық әлеуетті арттыруға да Қазақстанның мүмкіндігі молынан жетеді. Солай бола тұра неге азық-түлікті шет елден тасымалдауға мәжбүрміз?». «Сауда сөрелеріндегі отандық азық-түлік сырттан әкелінген өнімдермен салыстырғанда неге қымбат?». «Ауыл шаруашылығы саласына тікелей қатысты түйткілді мәселелерді шешудің жолдары мен мүмкіндіктері қандай?». Баспасөз беттерінде осындай сауалдар жиі көтеріледі. Бұл ретте тұтынушыларды толғандырып жүрген көкейкесті мәселелер аз емес. Ауылдағы ағайын да Үкіметке қарап: «Біздің жағдайымыз қалай болады?» деп елең-алаң болып отыр. «Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына байланысты тиісті тапсырмалар берді ғой, нәтижесі болып қалар» деп ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарап отырғандар да аз емес. Өйткені ауыл көркейсе ел көркейетінін жұрт жақсы біледі. Мұны Елбасы да талай мәрте айтты. Күдіктен үміт басым болып тұрғаны сол.
Көптің көкейінде жүрген осындай мәселелерді Ауыл шаруашылығы министрлігі де әбден саралаған көрінеді. Осы салаға байланысты көптің көкейінде жүрген сауалдарға да жауап тапқан сыңайлы. Оның жолы – Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына тиісті түзетулер енгізу және қаржылай қолдауды жақсарту.

Премьер-министрдің орын­басары – ауыл шаруа­шы­лығы министрі Өмірзақ Шөкеев Пар­ламент Мәжілісі депу­таттары ал­дына осы мә­селеге байланысты тастүйін дай­ындалып келген екен, кел­тірген дәлелдемелері мен тұжы­рымдары тайға таңба бас­қандай нанымды да сенімді шықты.

ЕТ ЭКСПОРТЫ АРТА МА?

Министр Өмірзақ Шөкеев кел­тірген деректер мен дәлелдерге қарағанда, ет экспорты айтарлық­тай артатын түрі бар. Бұл Мем­лекет басшысының «Төр­тін­ші өнеркәсіптік рево­лю­ция жағ­­дайын­дағы даму­дың жаңа мүм­­кіндіктері» атты Жол­да­уын­дағы ауыл шаруашы­лығы өнімі экспортының өсімін бес жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру жөнінде жүктеген міндетін жү­зеге асыру мақсатындағы қа­дам екені сөзсіз. Осы ауқымды мін­­детті шешу үшін Ауыл шар­уа­шылығы министрлігі Қа­зақ­­станның экспорттық әлеуеті жоғары позицияларын айқын­даған. Бұл ең алдымен, ет өнім­дері, оның ішінде сиыр және қой еті. Жүргізілген талдау қоры­тын­дысына қарағанда, осы өнім түрлеріне тиісті қолдау көрсе­тіл­ген жағдайда экспорттық пайда 2027 жылға қарай 2,4 млрд. АҚШ долларына дейін жететін түрі бар. Осы мақсат жүзеге асатын болса, онда сиыр және қой еті өндірісі бойынша экспорт 600 мың тоннадан 1,6 млн. тоннаға дейін ұлғаяды.
Бұл мақсаттың жүзеге асаты­нына сенуге болады. Өйт­кені Қазақстанда ет өндіру көле­мін арттыруға, оның сапасын ха­­лық­аралық талаптарға сай ай­тар­лық­тай жақсартуға барлық мүм­кіндік бар. Біріншіден, құ­нар­лы жайылым жеткілікті. Екін­шіден, қажетті құнарлы мал азығын дай­ын­дайтын егістік алқап­тар да бар. Үшіншіден, ауыл шаруа­шы­лығы са­ласының жай-жапсарын жақсы білетін білікті мамандар мен жұ­мыс күші де жеткілікті.

Ал қазақстандық етке сырттан сұраныс пен тартымды экспорттық нарық бар ма? Бар болып шықты. Басқасын айтпағанда, Азия мен Таяу Шығыс елдері тарапынан сиыр мен қозы етіне деген сұраныс тұрақты түрде өсіп отырады екен. Сондай-ақ көршілес мемлекеттер – Ресей мен Қытай да аталған өнімдерді өздеріне ірі импорттаушылар болып табылады.

БАҒДАРЛАМАЛАР  БАЯНДЫ БОЛСА…

Министр Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығындағы түрлі салаларды дамытуға байланысты бағдар­ла­маларды жайып салды. Соның ішінде ет өндіруді арттыруға байланысты да бағдарлама бар. Әрине, жап-жақсы бағдарлама жасалғанымен, онымен іс бітпейді. Оны іске асырудың те­тік­тері мен жолдарын да жаңаша қарастыру қажет. Соның ішінде салааралық және ведомствоаралық сипаттағы бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріндегі салық жүйесі мен техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылым, экспортты қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту және ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері қазіргі уа­қытта ең өзекті болып тұр. Сон­дықтан осы мәселелердің барлы­ғы арнайы бағдарламада бар.
Тағы бір айта кететін жайт, бұл бағ­дарлама бір-екі жылдың ішінде, тез арада жүзеге асады деу бекершілік. Оған уақыт керек. Қажетті қаржы керек. Сол себепті оны ұзақ мерзімді салалық бағдарлама ретінде қарас­тырған. Оны іске асыру мерзімі 10 және одан да көп жылды құрайды. Сонымен бірге бұл қатып қалған құжат емес. Уақыт өте келе нарықтың қажеттіліктеріне байланысты кеңейе бермек.

АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА  АЙТАРЫМЫЗ…

Ауылдағы ағайынның Ауыл шар­уашылығы министрлігінің осындай жан-жақты қамтылған кешенді бағ­дарламасынан хабары бар ма? Олар биліктің қолға алып отырған мақ­сатты істеріне белсене араласып, өздеріне тиесілі нәпақаны алса кәнеки.
Жергілікті әкімдіктер де қарап қалмас, жұмыла жұмыс істесе, нә­тижесі ойдағыдай болатын түрі бар. Мәселен, етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының түп негізі неде? Бұл – отбасылық фермалар тү­ріндегі шағын шаруашылықтар. Мұның тиімділігі жоғары болады деген үміт бар. Өйткені, қай ауылды алсаңыз да бүкіл отбасымен мал шаруашылығымен айналысатындар бар. Әкесінің ісін жалғастырып жат­қан балалар да бар. Олар бұл саланың ұңғыл-шұңғылына әбден қанық. Істің көзін біледі. Тек оларға мемлекеттік қолдау мен демеу керек. Ары қарай өздері алып кетеді. Тек осы істі жолға қойып берсе болғаны. Мемлекеттік қолдаудың бар екенін анық сезінген отбасылық фермалар жұмысты алға сүйрейтіні анық.
Сонымен бірге ірі қара мал өсіру жөніндегі фермерлік шаруашы­лық­тар, өнеркәсіптік бордақылау алаң­дары және заманауи ет өңдеу кешен­дері де осы бағдарлама аясында, зәкірлік кооперация нысаны ретін­де жұмыс істемек. Бұл – Америка мен Австралияның тәжірибесі. Ми­нис­трлік соны Қазақстанның ауыл шаруа­шылығына енгізуді мақсат етіп отыр. Олардың жоспарына қараған­да, ірі қара мал, қой және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланылатын жайылымдар алаңын 58 млн. гектардан 100 млн. гектарға кеңейту көзделіп отыр. Сәтін салса, ірі қара мал 15 млн. басқа дейін, қой 30 млн. басқа дейін көбеймек.
Жобаға қатысушылар үшін қол­дау­дың жеке шарттары көзделетін болады, олар: жер учаскелерін басым­ды­­лықпен беру, фермерлік шар­уа­шы­лықтарға мал басын, техника мен жабдық сатып алуға жеңіл­дік­пен несие беру, жайылымдар ин­фра­құрылымын құру. Міне, осы­ның бәрі Қазақстанда ет өндіру мен оны экспортқа шығаруды айтар­лық­тай арттырады деген сенім бар. Тағы да айтсақ артық болмас, ауыл­дағы ағайын осындай ілкімді жобаларды іліп алып, оның тиімді жүзеге асуына өз үлестерін қосса, құба-құп болар еді. «Ел игілігі үшін жасалып жатқан бағдарламадан шет қалмаса екен» деген ой ғой.

СИЫРДЫҢ СҮТІ – ТІЛІНДЕ

«Сиырдың сүті – тілінде». Осыны жиі айтамыз. Бұл рас. Сиыр асыл тұқымды болса, азығы құнарлы болса, мал күтіміне лайықты көңіл бөлсе, көл-көсір сүтке кенелтетіні айдан анық.
Қазір Қазақстанға келіп жатқан сүт өнімдері де аз емес. Оның ішінде адам денсаулығына пайдасынан гөрі зияндылығы басым өнімдер де бар екені баспасөз беттерінде жазылып жүр. Қырғызстаннан, Ресейден жеткізілетін сүт өнімдеріне байланысты осындай келеңсіздіктер бол­ғанын жұрт жақсы біледі. Енді соның бәріне бәсекелестік тұрғыда тос­қауыл болатын шығар. Өйткені, Ауыл шаруашылық министрлігі қа­растырған Мемлекеттік бағдарла­ма­да сүт шаруашылығына байланыс­ты көкейге қонымды жоспарлар бар.
Сүтті мал шаруашылығы бағдар­ла­масы да сүт өндіру жөніндегі от­басылық фермалардан, өнер­кә­сіп­тік тауарлы-сүт фермалардан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын зәкірлік кооперация қағидаты бойынша жасалады. 2027 жылға қарай отбасылық фермаларды 380-нен 930-ға дейін, ірі тауарлы-сүт фермаларын 108-ден 170-ге дейін, сүт зауыттарын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылатын болады. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемін 2027 жылға қарай 1 млн. тоннаға ұлғайту міндеті қойылған.
Министр бұл міндетті орындауға болатынына бек сенімді. Әлбетте сиыр сауу бұрынғыдай қол күші­мен атқарылмайтын шығар. Бағдарла­ма­ның аясында ауыл шаруашылығы саласына да жаңа технология мен әдіс-тәсіл енгізілетіні шүбәсіз. Соған сай мамандар да даярланатын болады. Қол күші барынша азайып, цифрландыру жүйесіне басымдық берілетіні сөзсіз. Бұл да Елбасының тапсырмасы.

ИМПОРТТАН ҚҰТЫЛАТЫН  КҮН ЖАҚЫН БА?

Министр Өмірзақ Шөкеев кел­тір­ген деректерге сүйенсек, Қазақ­стан­­ның азық-түлік импортынан құ­тылатын уақыт алыс емес. Әлбетте ол үшін осы мақсатта қолға алынып жатқан іс-шаралар ойдағыдай орындалса, Қазақстанның ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге шама-шарқы бар. Айталық, құс шаруашылығы біздің ел үшін таңсық емес. Күні кешегіге дейін бір ауданда бір емес, бірнеше құс фабрикасы болды. Нарықтық экономикаға көшкеннен кейін сол фабрикалардың көбі жекеменшікке өткенімен, көбі ұзаққа бармай жабылып қалды. Оның себеп-салдары әртүрлі. Ең басты себеп – құстың құрама жемі қымбат. Соған байланысты кеткен шығын ақталмайды. Көптеген құс фа­брика­ларының қожайындары айт­қан уәж осындай болатын.
Қазақстандық құс өсірушілер осындай лажсыз күйге тап болғаннан кейін көрші мемлекеттер жұмыртқа мен құс етін тасымалдай бастады. Олардың тауарларының ішінде де талапқа сай емес, жарамсызы бар екенін БАҚ біткен жарыса жазып жатқанмен, әзірге импортқа тәуелді бола тұруға тура келеді.
Келешекте қалай болмақ? Бірін­шіден, құс шаруашылығын дамыту бағдарламасына қарағанда, импортты ығыстыратындай жоспарлар бар. Осы бағдарлама шеңберінде жер-жерде жаңа кәсіпорындар салынатын болады. Екіншіден, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған фабрикалар да жаңғыртылып, заманауи тех­нологияға көшеді. Үшіншіден, осын­­дай жұмыстардың нәтижесінде ет және жұмыртқа бағытындағы құс­тар­дың өнімділігін арттыру көзделіп отыр.
Бағдарламаны іске асыру нәтиже­сінде құс еті өндірісінің көлемі 4 есеге немесе 560 мың тоннаға ұлғаятын болады. Бұл әрине, Қазақстанның қажеттілігінен әлдеқайда артық. Сондықтан 150 мың тоннасы экс­портқа шығарылады. Тағамдық жұ­мырт­қа өндірісін де 1,5 есеге немесе 2,5 млрд. жұмыртқаға арттыру жоспарланған. Оның 1,5 млрд. данасы – экспорт.
Демек, мал мен құс шаруашылы­ғына байланысты осындай іс-шаралар кәдеге асатын болса, еліміздің ауыл-аймақтары да көркейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың тұр­мыс-тіршілігі жақсарады деген сөз.

АРПА-БИДАЙ – АС

Қазақстанның астықпен атағы шыққаны әмбеге аян. Шет мемлекеттерден бидайға сұраныс жақсы. Жыл сайын экспорт көлемін арттырып, табысқа кенеліп отырған шаруашылықтар республикада жеткі­лікті. Енді олардың қатары артатын болады. Өйткені, бұл саланы да жаңа сапалық деңгейге жеткізу бағытында бағдарлама жасалған. Ондағы ең басты мақсат – еңбек өнімділігін артыру.Бұл қолдан келетін тірлік.
Еңбек өнімділігін арттыратын факторлар қандай? Тиісті минис­тр­лік соның тізбесін жасаған. Бірін­ші – сапалы тұқым, екінші – техни­ка­лық жарақтандыру, үшінші – нақ­ты егіншілік, төртінші – тыңайт­қыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, бесінші – егістік алқапты әртараптандыру, алтыншы – суармалы жерлерді айналымға енгізу. Осындай жағдайларды ескере отырып, егін және өсімдік шар­уа­шы­лығында жүйелі шаралар көз­де­ліп отыр. Мұның ішіндегі ең өзек­тісі – тұқым шаруашылығы. Қа­зір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басым бөлігі айналым қаражатының жоқтығынан себу үшін тұқым сатып алмайды және іс жүзінде жаппай репродукциядағы өз тұқымдарын пайдаланады. Соған бай­ланысты көп жағдайда өнімділік жоғары болмайды. Енді осы жылдан бастап тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізіл­мек. Ондағы мақсат – фермерлердің белгіленген нормалар бойынша тұ­қым сатып алуға жұмсаған шығыс­тарын 100 пайыз өтеу. Мұны шаруа адамдары қуана қабылдары хақ. Өйткені мемлекет тұқым шаруашылықтарына фермерге босатылған элиталық және 1 репродукциялы тұқымның құнын толық өтейді. Оның үстіне енді суб­сидия алу үшін бірнеше құжат жи­наудың қажеті болмай қалады. Өз кезегінде дихан өнімін жинап болған соң алынған субсидиялардың 30 пайызын тұқым шаруашылығын дамыту қорына қайтарады. Қор қайтарылған қаражатты жинақтап, оны өте тиімді шарттармен (бар-жоғы 2-3 пайыз шамасында) аттестатталған тұқым өндірушілер үшін негізгі техникалық құралдар мен жабдықтарды сатып алуға және жаңартуға жұмсамақ. Шаруа адамдарының қолы ұзарды деген осы.
Егістіктердің электронды картасы мен нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг секілді нақты егіншілік элементтерін енгізу шеңберінде шаруашылықтар­ға арналған нақты технологияларды қол­данудың экономикалық мо­дель­дері әзірленбек. Енді универ­си­теттердің, ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруа­шы­лықтардың базасында осы технологияларды көбейту және тиімді оқыту ұйымдастырылатын болады. Бұл да дихандар үшін үлкен көмек. Осындай технологияларды енгізу дәл себу, ты­ңайтқыштарды, қорғаныс құрал­дарын саралап енгізу және шығын­дарды қысқарту есебінен өндіріс тиім­ділігін орта есеппен 15 пайызға арт­тыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні елімізде суармалы жер көлемі егіс алаңының бар-жоғы 7 пайызы ғана. Мемлекеттік бағдар­лама аясында суармалы жерді 2 млн.гектарға дейін жеткізу көзделуде. 2027 жылы оны 3,5 млн. гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар.

ТЕХНИКАЛЫҚ  ЖАРАҚТАНДЫРУ  ЖАҚСАРАДЫ

Жасыратыны жоқ, қазір көптеген шаруа қожалықтарында техника ескі-құсқы. Кешегі кеңшарлардан қалған техника. Оны жамап-жасқағанмен, пайда жоқ. Түбегейлі жаңартқан жөн.
Мемлекеттік бағдарламада техни­калық жарақтандыруға ерекше ба­сым­дық берілген. Бұл лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және инвестициялық субсидиялау көлемдері есебінен шешілмек. Осылайша, аталған қолдау шараларын кезең-кезеңімен арттыра отырып, министрлік 2022 жылға қарай кәсіпкерлердің техникаға деген инвестициялары көлемін 273 млрд.тең­геге дейін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Осы шаралардың арқасында ауыл шаруашылығы техникасының паркі бес жылда оңтайлы деңгейге жеткізілетін болады, бұл алдағы жылдары жылына 6 пайыз деңгейіндегі техниканы жаңартудың нормативтік қарқынына жетуге мүмкіндік бере­ді. Биылғы жылдан бастап инвес­тициялық субсидиялау аясында өтеу пайызы 25 пайызды құрайтын болады.
Министр Ө.Шөкеев ауыл шаруа­шы­лығын қаржыландыру тетіктерін же­тілдіру жөнінде де жоспарларымен бөлісті. Оның бәрі ойдағыдай жүзеге асатын болса, онда еліміздің ауыл шаруашылығы саласының алар асуы алда екеніне сенгің келеді.

Ғалым ОМАРХАН,
АСТАНА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру