Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Қаржылық тұрақтылық – орнықты дамудың негізі

Ұлттық банк 2015-2017 жылдардағы қаржылық тұрақтылық жөніндегі есебін жариялады. Есеп қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі мандат аясында дайындалды. Жалпы жаһан елдерінде алғашқы есептер ғасырлар тоғысында пайда болды. Бүгінде әлемнің алпыстан астам елінің қаржылық реттеушілері мен орталық банктері қаржылық тұрақтылық жөніндегі есептерін жариялап тұрады. Олар банк және төлем жүйелерінің ахуалын сипаттайды, қаржы жүйелерінің құрылымы, даму үрдістері мен орнықтылығы туралы хабардар етеді.

Елімізде осы тұрғыдағы алғаш­қы есеп 2006 жылғы желтоқсанда жарияланды. Сол кезде қаржылық тұрақтылық жөніндегі бөлімше құрылып, ол кейіннен қаржылық тұрақтылық департаментіне айналды. Ұлттық банк содан бері қаржылық тұрақтылық жөніндегі есепті жыл сайын жариялап келеді. Соңғы рет қаржылық тұ­рақ­тылық жөніндегі есеп 2016 жыл­ғы наурызда ұсынылып, онда 2014 жылғы оқиғалар қамтылған болатын.
Алматы қаласында өткен Қа­зақстанның 2015-2017 жылдар­дағы қаржылық тұрақты­лығы жөніндегі есепті таныстыру барысында Ұлт­тық банктің төрағасы Данияр Ақышев атап өткендей, сарапшылар, нарық қатысушылары мен академиялық зерттеушілер үшін аталған есеп банк жүйесінің эволюциясын, даму жолын түсінуде пайдалы құрал бола алады. Ал, реттеушілер үшін есеп қалың көп­шілікке өз қауіптерін түсіндіру және өз әрекеттерін негіздеуге ар­налған платформа болып табылады.
Қаржылық тұрақтылық жөнін­дегі есептің басты міндетінің бірі – тәуекелдерді уақтылы анықтау, олардың алдын алу, себептерін талдап, салдарын барынша азайту. «Біз оны қаншалықты дұрыс шеше алсақ, қаржылық дағда­рыстың шығындарын сон­ша­­лықты қысқарта аламыз. Эко­­­­­но­­ми­калық өсу әлеуеті мен са­­­па­сы, миллиондаған азамат­тар­дың өмір сүру деңгейі де со­ған байланысты болмақ. Іс жү­зінде кез келген қаржы жүйесі көптеген тәуекелдерді басынан кешіреді. Олардың кейбіреулері айтарлықтай, тіпті шамадан тыс болса, енді біреулері мардымсыз болып келеді. Біз кейбір тәуе­кел­дермен жұмыс істеуге үй­рендік. Ал, қайсыбірімен қалай жұмыс іс­теуді, қалай шамалауды әлі де болса білмейміз. Кейбір тәуекелдердің бар екен­­­дігін болжап отырғаны­мыз­бен, оларға әлі ат та ойластыр­ма­дық», – деді Д.Ақышев.
Ол бір есепте осы тәуекелдер­дің барлығын сипаттап, қамту мүм­­кін еместігін атап өтті.

Егер мардымсыз тәуекелдер тым көп қамтылған болса, есеп көз­деген мақсатына жетпейді. Жал­ған қауіп-қатер ресурстарды ма­ңызды мәселелерді шешуден шеттетеді. Есеп өз мақсатына жетуі үшін оны даярлау кезінде басым­дықтарды айқындап алған жөн. Осы тұста, сол сияқты жалпы қадағалауда көп мәселелер реттеушінің пайым­дауы мен болжауына байланысты болмақ.
Есепте өткен үш жылда орын алған тәуекелдер талданған. Сон­дай-ақ бүгінгі таңда жүйе үшін ба­рынша маңызды тәуекелдер анық­талды. Бұл келешекте тәуе­кел­дерді төмендету және мұн­дай шығындарды болдырмау үшін қажет екендігін айта келіп, Ұлт­тық банктің төрағасы Данияр Ақы­шев: «Бұл есепте қаржылық тұ­рақ­тылыққа арналған кейбір тә­сіл­дерімізді қайта қараймыз. Ол макро­экономикалық саясатқа, сол сияқты қаржылық реттеу саясатына да тең көлемде қатысты», – деді.
Ол Қазақстан Ұлттық банкі экономикалық саясатта, қаржылық дамуда, қадағалау мен реттеу тетіктерінде өзінің рөлін жүйелі түрде қайта қарау қажеттілігі туын­даған жалғыз орталық банк еместігін атап өтті. Жаһандық қаржылық дағдарыстан кейін орталық банктерде ғана емес, қаржылық қызметтің бірнеше салаларында парадигма біртіндеп ауысты. «Жаһандық дағдарыстан кейін сегіз жыл өткенде қаржылық есептілік өлшемдері жөніндегі халықаралық ұйымдар қаржы құралдарын бағалау тәсілдерін өзгертті. Күтілетін шығындарды бағалаудың реттеуіш әдістері қаржылық есептілік өлшемдеріне жақын келді. Тәуелсіз аудиторлар институтының олигополиясына байланысты тәуекелдер барынша көрініп тұр, бірақ тиесілі тиімді шешім әлі де табылмады», – деді Ұлттық банк басшысы.
Ол күн тәртібімен қоса қаржы­лық тұрақтылық туралы есеп бойынша озық тәжірибе де өзгергендігін, елдің ерекшелігіне, тәуекелдер ерекшелігіне баса назар аударылып, есептер барынша жинақы бола түскендігін атап өтті. Өзге елдерде есептердің дамуы оларды жиі жария ету және қаржылық тұрақтылық жөніндегі қосымша жарияланымдарды жасау жолымен жүрді. «Қаржы жүйесінің түйткілдерін толық түсінген жағдайда ғана реттеушінің әрекеттері тиімді болады. Қазақстанда бұл міндет кредиттік тәуекелдерді және банк активтерінің сапасын бағалаудың қалыпты әдістері ақпараттық және пайдалы болмағандығымен күрделі болды. Мұндай жағдайда талдауға тәуекелдер орын алған жерлерде реттелетін қаржы ұйымдары ғана емес, есептілік пен реттеу жүйесін қоса алғанда, қаржы жүйесінің басқа да бөліктері қамтылғаны дұрыс болады. Біз пруденциялық құралдарды ғана емес, банктің жай-күйі туралы есептілікті жасау қағи­даттарын да қайта қарадық», – деді Д.Ақышев.
Есепті кезеңде макроэкономи­калық саясат сыртқы күйзелістерге қатысты барынша икемді әрі орнықты болды. Ұлттық банк басшысы Қазақстан үшін белгіленген айырбастау бағамымен байланысты тәуекелдер банк жүйесі мен бүкіл экономика үшін маңызды тәуекелдердің бірі болғандығын атап өтті. 2015 жылы өзгермелі айырбастау бағамына өту экономика­ның сыртқы күйзелістерге осал­дығын төмендетті, макроэко­но­микалық саясаттың икемділігін арттыра түсіп, ұлттық валютамызға деген сенімнің қалпына келуіне көмектесті, долларландыру дең­гейінің төмендеп, пайыздық мөл­­шер­лемелерді басқару және ин­фляциялық таргеттеу үшін мүм­кіндіктерге жол ашты. Осы ретте Ұлттық банктің аталған есебі икемді айырбас бағамының объективті қажеттілігін және бел­гіленген бағамға байланысты қар­жылық тұрақтылық тәуекел­дерін көрсетеді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру