Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Сала жан-жақты дамытылмақ

Газетіміздің бұдан бұрынғы нөмірлерінде ескерткеніміздей, Елордамызда өткен экономикалық форумдағы кейбір маңызды мәселелерге жеке тоқталмақпыз. Бүгінгі шолуымызда әңгіме еліміз экономикасының басты жүйелерінің бірі де бірегейі – ауыл шаруашылығын өркендету жайында өрбімек.

Трансұлттық компанияларды  Қазақстан қызықтырады

Атап айтар болсақ, 11-ші Астана экономикалық форумында (АЭФ) агро­өнеркәсіптік саладағы жобаларды іске асыру мақсатында жалпы сомасы 300 млрд теңгені құраған құжаттары­на қол қойылған. Бұл туралы форум жұмысы барысындағы баспасөз мәс­­ли­хатында ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мә­лімдеген еді.
– Өз нарық сараланымдарында көшбастаушы инвесторлар болып табылатын шетелдік компаниялармен бірқатар жол картасына және меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, ет өндіру, сүт өндіру өндірістері, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру салалары қамтылды. Қол қойылған құжаттар саны 10-ға жетті, құны туралы айтар болсақ – 300 млрд теңге құрады, – деді Р. Құрманов.
Вице-министр АЭФ аясында қан­дай ірі трансұлттық компаниялармен құжаттарға қол қойылғанын атап көрсетті.
«Олардың арасында италиялық Crемоnini (Inalca Eurasia Holding) бар, сондай-ақ M.A.D. Developing Agricultural Projects компаниясымен де келісімшартқа қол қойылды, бұл – ет өнімдерін өндірумен айна­лысатын израильдік компания, Cedar Meаts – бұл да Австралияның ал­дыңғы қатарлы ет өндірушілерінің бірі, бұлардың арасында Golden Camel GROUP LTD – шұбатты өңдеумен айналысатын қытайлық компаниямен де құжатқа қол қойдық, соған сәйкес тәулігіне 100 тоннаға жуық шипалы сусын өндірілмек, бұл жоба жүзеге асырылуға жақын», – деп түйіндейді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Балық өнімдерінің  экспорты артты

Елімізде ауыл шаруашылығының тағы бір жетекші саласы – балық аулау және оның өнімдерін ұлғайту, экспортқа шығару да жақсы өріс алған. Бұл жайында өткен жұмада Парламент сенатының депутаттарымен кездесу барысында ауыл шаруашылығы министрінің тағы бір орынбасары Ерлан Нысанбаев жария етті.
«Бүгінгі күнге 17 қазақстандық кәсіпорынның экспортқа шығары­латын балық өнімінің Еуропалық одақтың сапаға қойылатын жоғары талаптарына сай. Соңғы жылдары олар өздерін жақсы жағынан танытып, бұл нарықта нық бекіді», – дейді ол.
Қазақстан мен Қытай арасындағы ветеринарлық сертификатпен келі­сіп, уағдаласудың нәтижесінде ба­лық өнімінің экспорттау нарығы кеңейе түскен.
«Оның үстіне ҚХР тізіліміне 52 отандық өндірушілер енгізілген. Мұ­нан басқа балық өнімдері 10-нан астам елдерге (Аустрия, Германия, Грузия, Канада, Қырғызстан, Литва, Нидерланды, Польша, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Чехия) экспортталады», – деп атап көрсетті Нысанбаев.
Атап айту керек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша балық өні­мінің Қазақстаннан экспортталуы жалпы сомасы 52,8 млн доллар (2016 жылы 50,2 млн долларға 23,7 мың тонна экспортқа шығарылған) 26,9 мың тоннаны құраған.
Сондай-ақ вице-министр бұл көрсеткіштердің «2017 жылы бұ­рынғы жылдарға қарағанда балық өнімінің импорты айтарлықтай төмендегенін» дәлелдейтінін атап өтті.
«Импорт құрамында теңіз және мұхит балықтары (майшабақ, скум­­брия, ақсерке, арқан балық, нәлім­дер) және теңіз өнімдері (асшаяндар, кальмарлар, мидиялар, теңіз қырыққабаты) басымырақ. Бұлар біз­дің нарықта сұранысқа ие, өйткені өзіміздің ішкі су айдындарында ауланбайды», – деп түсіндіреді ол. Атап айтсақ, 2017 жылы Қазақстанда 27,2 мың тонна балық өнімдері импортқа жеткізілген, ал 2016 жылы – 29,8 мың тонна сырттан әкелінген екен.

Ет өнімдері экспорты 2,4 млрд долларға  бағаланған

Ауыл шаруашылығы министр­лігі ет өнімдері экспортының әлеуе­тін 2,4 млрд долларға бағалап отыр. Бұл туралы осы дүйсенбіде Парла­мент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмір­зақ Шөкеев мәлімдеді.
– Қазақстанның жоғары экс­порт­­тық әлеуеттері бар бағдарлар айқын­далды. Бұл ең алдымен, ет өнімдері, оның ішінде сиыр және қой еттері. Талдау көрсеткендей, тиісті қолдау жа­салған жағдайда өнімнің осы түр­лері бойынша экс­порттық түсім 2,4 млрд долларды құрайды (сиыр еті мен қой етін өндіру көлемі 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін артады)», – деп атап көрсетті Ө. Шөкеев.
«Бұл ретте, – деп түйіндейді ол, – Қазақстанда ет өндіру саласын табысты дамытудың маңызды фактор­лары: жайылым жерлер, суғары­ла­тын шабындықтар, жұмыс күші мен көшпелі дәстүр бар».
«Азия мен Таяу Шығыстың (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам) кейбір елдері сиыр мен қозы-лақ еттерін импорттаудың тұрақты өсімі бар біз үшін тартымды экс­порт­тық нарықтар болып табылады. Тиісінше, қос көршілеріміз – Ресей мен Қытай да – аса ірі импортерлер», – деп атап айтты ол.
Сондай-ақ ішкі нарықта бос ке­ңістік және импорттан арылуымыз тиіс бағдарлар да айқындалды. «Бұл – сүт өнімдері, құс еті, жемістер мен көкөністер. Мұндағы әлеуетіміз – қосымша 1 млрд доллардан астам өнім (құс етін – 180-нен 740 мың тоннаға дейін, сүт өнімдерін 1 млн тоннаға дейін арттырып) өндірісін жолға қоя аламыз.
Иә, шын мәнінде, ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамытуға жете көңіл бөлінуі жан қуантады. Бұл алдымен ауылдағы қалың жұртшылықтың тұрмысын түзеу­ге, тыныс-тіршілігіне тың сер­пін беруге септігін тигізері даусыз. Үкімет қолға алған ауыл шар­уа­шылығын одан әрі дамытуға ар­налған кешенді шаралардың басты ұстанымы осы бо­латынына шаруалар қауымы үлкен үміт артады.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру