Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Компанияларға қызығушылық артты

Самұрық-Қазына активтері Ресейде таныстырылды

Өнеркәсіпке әлемдік даму үлгілерін енгізуде шетелдік инвесторлардың рөлі айтарлықтай. Сондықтан халықаралық жиындарда қазақстандық өкілдер тарапынан ұлттық компаниялардың инвестициялық тартымдылығы туралы жиі айтылады. Осы секілді Петербург халықаралық экономикалық форумы алаңында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Ахметжан Есімов ресейлік және халықаралық бизнес-қоғамдастық өкілдерін Қор дамуының ұзақмерзімді стратегиясының негізгі бағыттарынан хабардар етті.

Бүгінде әлемдегі ірі, тәуелсіз отыз қордың қатарына кіретін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 74 миллиард доллар сомасы көлемінде жоғары сапалы активтердің ірі қоржынына ие.

Экономиканың түрлі саласын қамтитын ұйым құрамында мұнай өндіру және өңдеу, химия өнеркәсібі, энергетика, логистика сияқты салаларда көшбасшы болып отырған компаниялар бар. Жақын келешектегі жоспарлармен бөліскен ҰӘҚ басшысы алдағы басты міндет – Қор компанияларының тиімділігін арттыру, портфельді сапалы басқару және тұрақты дамуды қамтамасыз ету екендігін, бұл мақсаттар Қорды дамытудың 2028 жылға дейінгі жаңа стратегиясының негізіне айналып отырғандығын атап өтті. Белгіленген мақсаттарға шешуші стратегиялық бастамалар арқылы, соның ішінде портфельдік құрылымдарды оңтай­лан­дыру және кешенді жекешелен­діру бағдарламасын жүзеге асыру жолымен қол жеткізуге болады. А.Есімов халықаралық және ресейлік компанияларға жекешелендіру бағ­дар­ламасы аясында сатылымға шыға­рылған ең ірі қазақстандық кәсіп­орындардың активтері туралы айтты. Отандық жекешелендіру бағдарла­масына 876 актив кірсе, оның 215-і –«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қарауында. 2022 жылға дейін IPO-ға Қордың 6 компаниясы, олардың ішінде биыл үшеуі – «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана» және «Қазақтелеком» шығарылатындығы айтылды. Сондай-ақ ағымдағы жылы экономиканың түрлі секторларында ұсынылған ірі, орта және шағын компаниялар кіретін 50 активті жекешелендіруді аяқтау жоспарланған. Қоржындық ком­па­ниялардың кірістілігін арттыру арқылы ұлттық әл-ауқатты көтеру – Қордың негізгі басымдығы болып қала береді. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, инвестициялық тартымдылықты кө­те­руге, сол арқылы активтердің өсі­мін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі күні Ресей Қазақстанның барлық сауда әріптестері арасында көш бастап тұр. Соңғы жылдары көршілес елмен арадағы екіжақты сауда көлемінің елеулі түрде ұлғаюы осының дәлелі. Атап айтқанда, өзара сауда көлемі 16 млрд долларды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда, 25%-ке өскен. Қазірде елімізде ресейлік капиталдың қатысуымен 8300-ден астам кәсіпорын жұмыс істесе, олардың инвестиция көлемі 11,4 млрд АҚШ долларына тең. Бұған өз кезегінде инвесторларға арналған қолайлы жағдай, яғни, салық жеңілдіктері, жүргізілген ин­фра­құрылымдар мен басқа да артық­шылықтар септігін тигізіп жатқаны анық. Тұрақты инвесторлармен, биз­нес-серіктестермен және сарапшы­лармен іскери байланыс орнату­дың халықаралық алаңы­на айнал­ған Петербург форумында осы статистиканы келтірген «Самұрық-Қазына» басшысы тиімді әріптестікті әрі қарай да жалғастыра беру қажеттігін айтты. Сонымен қатар бізде агрохимия кластерінің құрылып, онда қазір ТМД нарығында жоқ глифосат жобасы іске асырылуда. Мұндай жоба екі ел аграршыларының ортақ қызығушылығын тудыратыны хақ. Қор басшысы Қазақстандағы мемле­кеттік активтерді жекешелендіру бағ­дар­ламасы инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік болып отырғандығын атап өтті.
Қазақстан экономикасының басты салалары негізінен энергетика мен өндірісте болуына қарамастан, еліміз соңғы жылдары көлік және логистика, сондай-ақ инфрақұрылым әлеуетін айтарлықтай арттыра алды. Ал 2030 жылға қарай еліміз шикі мұнай экспорттаушылардың онды­ғына кіруді стратегиялық мақсат етіп отыр. Сонымен қатар 2014 жылы Үкімет жариялаған ауқымды транс­фор­мация бағдарламасы аясында ұлт­тық компаниялар құрылымы үздік стандарттармен, жаңа бизнес-процес­термен толығып, экономиканы жаң­ғырту бағытындағы озық үлгілерді игере бастады.
ПХЭФ-тің панельдік сессиясы аясында ресейлік және халықаралық іскер қауымдастыққа энергетика, мұ­найхимия саласындағы, тау-кен, кө­лік және логистика секторындағы Қор компанияларының тобы жүзеге асырып отырған бірқатар ірі инвес­тициялық жобалар таныстырылды.
Әлеуетті инвесторлар жекешелен­діру бағдарламасына және IPO-ға үлкен қызығушылық танытты. Олар­дың назарынан стратегиялық инвес­торларға сатылатын «Самұрық-Энер­го» және «Тау-Кен Самұрық» сияқты ірі компаниялар да тыс қал­мады. Оның біріншісі электр қуатын өндіру, жеткізу және жүзеге асыру бойынша толық циклды қамты­ған энер­гетикалық холдинг болып табыла­ды. «Самұрық-Энерго» Қазақ­стан­дағы электр қуатының 30%-ке жуығын өн­діреді. Оның жеке көмір ресурс қоры елдегі энергетикалық көмір өндірісінің 40%-ке жуығын құрайды. «Тау-Кен Самұрық» компаниясы мырыш, қорғасын, мыс, темір рудасы және алтын секілді металдар бойынша игерудің әртүрлі сатыларындағы жобаларды жүзеге асырады.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниялары да инвестициялық тұрғыда тартымды болып табылады.
«Самұрық-Қазына» АҚ-тың ПХЭФ-2018-дегі Инвестор күні аясында шетелдік инвесторлармен бір­қатар келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, «Біріккен химиялық компания» ЖШС мен Ресейдің ірі газ өңдеу және мұнайхимия компаниясы «СИБУР Холдинг» ЖАҚ Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы – Поли­пропилен жобасында үлесті сатып алуға келісті. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ және ресейлік «Ремлокомотив» АҚ «Тұлпар-Тальго» ЖШС-нің жарғылық капиталын­да­ғы компанияның қатысу үлесі туралы меморандумға қол қойды. Сон­дай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ пен Германияның «SAP» компаниясы арасында меморандумға қол қойыл­ды.
Бүгінгі таңда «ҚазМұнайГаз» ірі мұнай-газ компаниясы 23 млн тонна мұнай және газ конденсатын, 7,5 млрд текше метр табиғи және ілеспелі газды өндіреді. Компания магистральді мұнай құбыры жолдарымен мұнай тасымалының 65%, табиғи газ тасы­малының 95%-ін қамтамасыз етуде. Ал темір, теңіз, әуе және автокөлік жолдарымен тасымалды порт және әуежай инфрақұрылымын, қоймалар мен терминалдар желісін пайдалана отырып интеграциялайтын «Қа­зақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміз бойынша темір жол көлігімен жүк тасымалдаудың 100%-ін жүзеге асырады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру