Валюта бағамы: $ 360.12 409.67 5.33 ¥ 52.34

Тасымал түйткілдері қалай шешілуде?

«Атамекен» ҰКП жұмыс тобы мен Инвестициялар және даму министрлігінің көлік саясатын дамыту бойынша жиыны өтті. Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов жетекшілік еткен шараға Ұлттық экономика министрлігі және салалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.

Кездесу барысында автокөлік саласы мәселелері мен оларды шешу шаралары талқыланды. Жиынды аша отырып, Р.Скляр халықаралық жүк тасымалдау қызметінде отандық тасымалдаушыларды қорғау бойынша министрліктің жұмысы, сондай-ақ қалааралық тасымалдау үшін автобустарды жаңарту шаралары жайында ақпарат берді.
Өз кезегінде Е.Рамазанов қаралып жатқан мәселелердің кәсіпкерлік дамуындағы маңызына тоқталып, отандық тасымалдаушылардың ішкі және халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Халықаралық автокөлік тасымал­да­рындағы қазіргі жағдай, шетелдік тасымалдаушыларға бақылауды кү­шейту қажеттілігі, Ресей аумағынан өтетін транзит кезінде РФ Федералды кеден қызметінің қосарлы тексеруін алып тастау, сонымен қатар жүк паркін жаңарту бойынша бастамаларды қолдау жайында Қазақстан Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағының Астана өкілдігінің директоры Иван Янсон айтып берді.
«Инвестициялар және даму ми­нис­трлігі, «Атамекен» ұлттық кә­сіп­керлер палатасы және салалық қауымдастықтардың бірле­сіп күш салуымен Қазақстан тасымал­дау­шы­ларының халықара­лық қыз­меттер нарығындағы үлесі 52%-ға дейін өсті. Алайда бірқатар ше­шілмеген түйт­кілдер бар. Біріншіден, шет­елдік тасымалдаушы­ларды көлік­тік бақылау­дың тиімсіздігі, жүк көліктер үшін бастапқы тіркеуге жинаудың 5-тен 7 жылға дейін – 2500 АЕК-ті құрайтын мөлшерлеменің жоғарылығы салдарынан батыс еуропалық сапалы машиналарды сатып алуға тыйым салынды. Бұл мөлшермелерді 350АЕК-ке дейін төмендету қажет. Осылайша отандық тасымалдаушылар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» бағытында та­сымалдардың көлемін ұлғайта алады. Екіншіден, Автомобиль көлігі туралы заңға «бөлінбейтін жүк» нормасын бекіту қажет. Өйткені, Қытайдан Қазақстанға ауыр машиналармен рұқсат етілген осьтік жүктілікті асырып жүк тасымалданады, салдарынан тас жол қабаты зақымдалады. Бұл мәселе жайында бірнеше рет айтқанбыз және ҰКП мен Инвестициялар және даму министрлігі қолдады», – деді И.Янсон.
Оның айтуынша, ЕАЭО шарты бойынша, егер тасымалдаушының қа­жетті рұқсаттары болмаса, оған ЕАЭО сыртқы шекарасында жақын орналасқан көлік бақылау бекеті жайында хабарлама беріледі. Бұзу­шы­лықтарды реттеу мақсатында сол жерден тасымалдаушы тексеруден өтуі тиіс.
«Қазақстан-Ресей шекарасынан көлік бақылаудың тұрақты бекеттері алынып тасталған. Көліктердің жү­руін, оның габариттік мөлшерін бел­гілейтін, бақылауды автоматтандыратын және адам факторын азайтатын арнайы автоматты тексеру құралдарын орнату бойынша жұмыс жүріп жатыр», – деді Р.Скляр.
Сонымен қатар автобус жолаушы тасымалдарының тиімсіздігі тал­­қыланып, бұл мәселеге «ҚР Авто­кө­лікшілер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аманбаев өз пікірін білдірді. «Автобус тасымалдарын орындайтын кәсіпкерлердің қаржылық жағ­дайын жақсарту мақсатында олар­ды корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығын төлеуден босату керек, өйткені бұл кәсіп түрі әлеуметтік мәнге ие. Бұл шара тасы­малдаушылардың шығындарын суб­­­си­диялау кезінде бюджеттік қа­ра­­жат­ты қайта салуды доғарады», – деп атап өтті С.Аманбаев. Бұл мәсе­ле бірнеше рет түрлі мемлекеттік алаң­дарда, оның ішінде ҚР Үкіметі мінберінде көтерілген болатын. Алайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығын алып тастауды қолдамайды. Осылайша компаниялар жеке кәсіпкерлікке ыдырайды да, бизнес көлеңкелі экономикаға ойысады.
Ұлттық экономика министрлі­гінің өкілі қала және қала маңы жолаушылар тасымалдарын орындап отырған ұйымдарды корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан босату орынсыз, өйткені бұл салық түрлерінің ауыртпалығы айтарлықтай емес деген пікір айтты. Бұл уәжге қатысты Е.Рамазанов әлеуметтік маңызды бағыттардағы Қарағанды тасымалдаушыларын пи­лот­тық режимде корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығы­нан босату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Жиын қатысушылары жолаушы тасымалдаушылары саласын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама қажеттілігін көтерді. Бұған қоса тасы­малдаушыларға «Ақтау» мен «Құ­­рық» Каспий порттарына қолже­тім­­ділігі, «Шалқар-Бейнеу» жаңа тас жолын құрылысы мәселесін қарас­тыру айтылды.
«Саланың негізгі шаралары 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мем­лекеттік бағдарламасында көрсе­тілген. Осы мемлекеттiк бағдар­ла­маға жолаушылар тасымалы саласын дамыту жөнiнде ұсыныстарды енгізуді сұраймыз», – деді инвестициялар және даму вице-министрі.
Қорытындылай келе Р.Скляр «Ата­ме­кенмен» бірлесіп, отандық тасы­­малдаушыларды қолдау мен да­­мыту шараларын қолға алуды ұсынды.

ӘЛИЯ КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру