Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Ауыл шаруашылығы экспортқа бет бұрды

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУкафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Сарыарқаның сайын даласында мыңғырған мал өсіріп, ежелден Азия мен Еуропа базарларында сауда көрігін қыздырып келген қазақ шаруасы бүгін де жүрісінен жаңылған жоқ. Елбасымыздың ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге арттыру жөнінде агроөнеркәсіп кешен алдына қойған тапсырмасын іс жүзіне асыру бойынша қызу тірлік басталып кетті. Тиісті мекемелер өткізу нарықтарына талдау жүргізуде, мұның негізінде өнім алушы елдердің ұсыныс-тілектері ескеріліп, экспорттық нарықтар мен өнімдер тізілімі бекітілуде. Сонымен қатар мүдделі жақтармен ветеринариялық және фитосанитариялық талаптар келісілуде.
Жүзеге асырылған шаралар арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтары кеңейіп келеді. Мәселен, қазіргі таңда Қытай нарығы қой және жылқы шаруашылығына, балық өндірісіне, ара кәсібіне, сондай-ақ бидайға, кебек пен қытай бұршағына ашылды. Мұның нәтижесінде бұл елге шығарылатын агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 34,3 пайызға, немесе 134,5 млн АҚШ долларынан 180,6 млн АҚШ долларына дейін өсті. 2017 жылы Қытайға алғаш рет 3,1 млн АҚШ доллары сомасына 7,7 мың тонна соя бұршағы, сондай-ақ 190 мың АҚШ доллары сомасына 228 бас асыл тұқымды жылқының алғашқы легі жіберілді. Мұздатылған балықтың, өсімдік майы мен майлы дақылдардың экспорты орта есеппен 3,1 есеге артты. Иранға тірі қойларды, мұздатылған және салқындатылған қой етін жеткізу жөнінде орын алып келген кедергілер жойылды. Нәтижесінде 2017 жылы Иранға алғаш рет салмағы 129,5 тонна болатын, 287,3 мың АҚШ доллары сомасына 4763 бас тірі қой және 2,8 мың АҚШ доллары сомасына 509,8 тонна қой еті экспортталды. Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі қара мал және ұсақ мал жеткізуге қойылған шектеу алынды. Бұдан бөлек Біріккен Араб Әмірліктеріне ет пен ет өнімдері, тауық жұмыртқалары және үй құстарының еті кедергісіз жеткізілетін болды. Нәтижесінде 2017 жылы Әмірліктерге алғаш рет 178,2 мың АҚШ доллары сомасына 34,2 тонна мұздатылған сиыр еті және 133,6 мың АҚШ доллары сомасына 24,1 тонна қой еті экспортталды.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен оның өңделген өнімдерінің экспорты 12,5 пайызға немесе 2 123,9 млн АҚШ долларынан 2 388,5 млн АҚШ долларына дейін өсті, оның ішінде өңдеу өнімдері 10,7 пайызға немесе 73, 8 млн АҚШ долларынан 1 077,9 млн АҚШ долларына дейін артты. Бұған Қытаймен, Таяу Шығыс елдерімен, сондай-ақ Еуропа мемлекеттерімен ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс игі ықпал етті. Экспорттың негізгі көлемі бидайдан, бұл 27,7 пайыз, ұннан (19,7 пайыз), майлы дақылдардан (10,5 пайыз), арпадан (5,8 пайыз), өсімдік майынан (3,9 пайыз), мақта талшығынан (3,8 пайыз) және бұршақ дақылдарынан тұрады. Негізгі өткізу нарықтары Өзбекстан (19,7 пайыз), Ауғанстан (19,6 пайыз), Ресей (12 пайыз), Тәжікстан (9,6 пайыз), Қытай (7,5 пайыз), Иран (7,1 пайыз), Қырғызстан (5,3 пайыз), Түркия (3,5 пайыз), Италия (2,6 пайыз), Латвия (2,4 пайыз) елдері болып табылады.
Ағымдағы жылы Қытай тарапы сиыр етіне, сойылатын ұсақ малға, бір өркешті түйелерге қойы­латын ветеринариялық талаптарды және өсімдік шаруа­шылығының аралас жем, жоңышқа, рапс, арпа, жүгері, зығыр, көкбұршақ, бұршақ, мақсары, бақша дақылдары, асқабақ, қарбыз, қауын тұқымдары сияқты өнім түрлеріне қойылатын фитосанитариялық талаптарды келісуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Иранмен арада сиыр етіне және тірі ірі қара малға қойылатын талаптар бойынша мәміле жасалмақ. Мал шаруашылығының және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту мақсатында етті мал шаруашылығында азықтық өнімдер өндірісін және егіс алаңдарын әртараптандыруды дамыту арқылы сала өнімдерінің өндірісін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Отандық бәсекеге қабілетті қайта өңделген өнімдер өндірісін ұлғайту үшін өндеу кәсіпорындарын барынша жүктеуді қамтамасыз ету және экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті өнім шығаруды көз­дейтін қайта өңдеу кәсіпорындарын техникалық және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Көліктік-логистикалық ин­фра­құрылымды дамыту мақсатында көтерме-тарату орта­лықтарын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің логистика картасы дайындалуда, онда көліктік-логистикалық орталық­тар, тасымалдау қоймалары, терминалдар және басқа қолданыстағы қуаттар ескерілетін болады. Дәнді да­қылдардың және олардың қайта өңделген өнімдерінің экспортын ұлғайту үшін өзбек-ауған, сондай-ақ түркімен-ауған шекараларында өткізу қуаттарын және қоймалар салу қажеттілігі жөніндегі мәселе пы­сық­талуда. Еліміздің Сыртқы істер министрлігімен және Инвестициялар және даму министрлігімен бір­лесе Қытай, Иран, Еуропа мемлекеттері, Австралия және Канада сынды басымдық берілетін елдерде Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде агро­өнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өкіл-кеңес­ші, атташе тағайындау жөнінде жұмыс жүргізіліп, экс­порттың бірыңғай ақпараттық-талдамалық базасын құру қолға алынды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру