Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Ағымдағы істер қалай атқарылуда?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу, орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға даярлық, ҰБТ өткізуге дайындық, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік саланы цифрландыру секілді бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы туралы баяндаған ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниевтің айтуынша, алдын ала деректер бойынша биыл жалпы егістік алқабы 21,8 млн гектарды құрамақ, бұл іс жүзінде өткен жылғы деңгеймен шамалас. Дәнді дақылдарды 14,7 млн гектарға, оның ішінде бидайды – 11,4 млн гектарға себу жоспарланған, бұл 2017 жылғыдан 544 мың гектарға аз. Бұл ретте жемшөп дақылдары осы көлемге көбейетін болады, жемдік дәнді дақылдар 2,5 млн гектарға себіледі, бұл өткен жылғыдан 49 мың гектарға артық. Майлы дақылдар 2,6 млн гектарды құрайды. Картоп алқабы да ұлғая түсіп, 210 мың гектарды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 15%-ке артық.
Қазіргі сәтте көктемгі егіс барлық жерде толық қарқынмен жүруде. Мысалы, 21 мамырдағы жағдай бойынша жаздық дәнді дақылдар жоспарланған алқапта 31%-ке, майлы дақылдар – 50%-ке, көкөніс-бақша дақылдары – 77%-ке, картоп – 55%-ке егілген. Қант қызылшасы мен мақта егу жұмыстары аяқталды. Дегенмен, ауа райының салқындығы мен топырақтың кеш қызуына байланысты егіс жұмыстарының қарқыны өткен жылдағыдан біршама баяу жү­ру­де. Осыған байланысты егістік жұ­мыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау үшін техниканы жоғары өнімділікпен пайдалануды қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет.
Сонымен қатар биылғы астық өніміне 2,6 млн тонна тұқым дайын­далған. Ағымдағы жылға шаруалар 446 мың тонна тыңайтқышқа, оның ішінде көктемгі дала жұмыстары кезеңіне 270 мың тоннаға өтінім берген. Биылғы субсидияларды алуға өтінім беру және оларға төлем жүргізу электронды түрде жүзеге асырылады, яғни субсидиялау процесі толық автоматтандырылған. 16 мамырдағы жағдай бойынша субсидиялауға 7,4 млрд теңгеге 11,5 мың өтінім берілген. Сол уақытта көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тракторлардың дайындығы 97%-ті, себу кешендерінің дайындығы 100%-ті, тұқым сепкіштердің дайындығы 100%-ті, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 100%-ті құрады. Шаруалардың көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынына биылғы қажеттілігі – 375 мың тонна. Сәйкесінше, Энергетика министрлігімен бірлесіп, биыл ақпан-маусым айларында Өңірлерге дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Энергетика министрлігі сәуір-мамыр айларына МӨЗ шығару бағасын литріне 134 теңгеден (тоннасы 161 мың теңге) белгіледі. Бұл ретте операторлардың жеткізу шығынын ескере отырып, өңірлердегі орташа баға литріне 150 теңгені құрайды, бұл нарықтағы бағадан 9%-ке арзан.
Тақырып бойынша Премьер-ми­нистрдің орынбасары – ауыл шар­уашылығы министрі Ө.Шөкеев егін егу науқаны барлық өңірлерде кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтіп, облыс әкімдері көктемгі егістікті уақытылы аяқтау үшін барлық күш-жігерлерін жұмсауы керектігіне назар аударды.
Келесі қозғалған мәселе бойынша ішкі істер министрі Қ. Қасымов пен ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Евниев орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға даярлық жайын жеткізді. ІІМ басшысы жыл сайын табиғи өрт деңгейі айтарлықтай артып келе жатқандығын, қазірде өңірлерде орман және дала өрттерінің алдын-алу шаралары басталғандығын айтты. Мамыр айының соңына дейін Төтенше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру инспекциясы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге қа­райтын ұлттық парктерді, табиғи қорықтарды тексеруді аяқтайды. Сондай-ақ балалар лагерьлерін тексеру барысы айрықша назарға алынып отыр.
Ішкі істер және ауыл шаруашы­лығы министрліктерінің есептерін қарағаннан кейін, Үкімет басшысы биыл Қазгидромет болжамына сәйкес республиканың кейбір өңірлерінде жаз мезгілінде ауа температурасы нормадан жоғары болатынын, бұл жағдайлар еліміздің орман және дала аймақтарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне көбірек көңіл бөлуді талап ететінін ескертті.
Отырыста білім және ғылым министрі Е.Сағадиев Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысын баяндап, 2018 жылы ҰБТ форматы, өткізілу мерзімі және берілетін тест сұрақтарының саны өзгермейтінін айтты. ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 ҰБТ өткізу пункттерінде өткізіледі. Барлық тест сұрақтарының саны – 120. Максималды балл – 140. Шекті балл – 50, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет.
Мәселені қорытындылай келе, Премьер-министр бірыңғай ұлттық тестілеудің әлеуметтік маңызын атап өтіп, Білім және ғылым министрлігіне әкімдермен бірлесіп барлық ықтимал сын-тегеуріндерді ескерумен талдау жүргізуді және ҰБТ-ны тиісті деңгейде өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиында еңбек және әлеуметтік саланы цифрландыру барысы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев баяндады. Еңбек министрі биыл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылатын үш ауқымды жоба – әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі, электронды еңбек биржасы және электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесі жөнінде айтып берді. Ақпарат және коммуникациялар министрі саланы цифрландыру барысына толығырақ тоқталды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру