Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

ҒАЛАМДЫҚ ТЕГЕУРІНГЕ ТӨТЕП БЕРУ – әлемдік экономика дамуының басты тақырыбы

Осымен 11-ші рет өткізіліген Астана экономикалық форумы биыл Global Challenges Summit, яғни – «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» деген атаумен ұйымдастырылды. Өткен он жылда айтарлықтай беделге ие болған бүкіл әлемнің беделді ғалымдары мен экономика саласының сарапшылары, мемлекет қайраткерлері басқосуының бұл жолғы күн тәртібі бүкіләлемдік үрдістер: экономикалық өсім мен ресурстық тұрақтылық, цифрланыру мен қалалану, ұзақ өмір сүру мен қаржылық революция, ғаламдық қауіпсіздік пен мәдени ілгерілеушілік мәселелерін негізге алды.

Ақпарат көздерінің ресми мәлі­меттеріне сәйкес, форумға 500-ден аса спикерлер мен 111 елден 5000-дай қатысушы жиналған. Спикерлер арасында БҰҰ-ның сегізінші бас хат­шысы Пан Ги Мун, әйгілі Apple компаниясының тете-негізін қалаушы Стив Возняк, Франция­ның экс-президенті Франсуа Олланд, физик, футурист және ғылымды дәріптеуші Митио Каку, Golman Sachs бұ­рынғы төрағасы, британдық қаржы­гер, экономист, философ Джим О`Нил, кинорежиссер Кшиштоф Занусси, Азия ин­фра­структуралық инвестиция­лар банкінің директоры Цзинь Лицюнь, Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемге әйгілі са­рапшылар, саясаттанушылар, дү­ние жүзінің бизнес элитасы және де басқа белгілі тұлғалар бар.
Қазақстан Президенті
нақты шаралар
ауқымын белгіледі

Алқалы форумды Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев ашып, сөз сөйледі:
– Он бірінші рет өткізіліп отыр­ған бұл форум экономиканың, ин­вестицияның және инновация­ның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Осы орайда осында келген қонақтарымызға, жалпы біздің азаматтарға зор ал­ғыс білдіремін. 11-ші рет форум әлемдік экономиканың инвести­циялары мен инновацияларының ең маңызды мәселелерін талқылау алаңына айналып отыр. Былтырғы форумнан бері біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәсі болдық. Жаңа қайшылықтар, текетірестер пайда болуда, мемлекеттер ара­сында өзара келісімге келу қи­ын­дап барады. Әсіресе үлкен мем­лекеттер арасында. Өзара сен­беу­шілік, қарсыластың ұс­та­ны­мын түсінуді қаламау жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күрделі кезең, – деп атап көрсетті.
– Биылғы форум жаһан­дық сын-тегеуріндерге лайық­ты жауап табу мәселелерін де қарастырады. Сәйкесінше, фо­румда осы сала­лардағы бі­лік­ті мамандар жина­лып отыр. Олардың сөзін тың­дау, ұсы­ныстарын пайдалану біз үшін қашанда маңызды, – деді Қазақ­стан Президенті.
Елбасы атап көрсеткендей, бү­гінде адам­дар­­дың ұзақ өмір сүруі, халық саны­ның қарқынды көбеюі әлем­дік эко­номиканың маңызды фак­­торына айналып отыр.
Қазақстан Президенті бүгінгі таңда цифрландырудың адамзат өмі­рінің барлық аспектілерінің бі­рінші мегатренді болып отырға­нына тоқталды.

– Көз алдымызда экономиканың жаңа моделі қарқынды түрде құ­рылуда. Бизнес қана емес, сонымен қатар қоғамның барлық салалары цифрландырылуға бет алды. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы базалық факторларды өзгертеді. Қазір өндірісті қадағалайтын әрі жақсарта алатын, өзін-өзі жетілдіретін электронды жүйелер үйреншікті құбылыс­қа айналып келеді. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттырады, – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Елбасы атап өткендей, болашақта криптовалюталар феномені мен блок­чейн технологиялары банктерді қам­тып, қаржы нарығына түбегейлі өз­геріс әкеледі. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы он жыл ішінде әлемдегі 500 ірі компанияның 200-і жойылып кетеді.
Астана экономикалық форумы­ның базасындағы Global Challenges Summit 2018 конгресінің пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы да сөз қозғап, мәр­тебелі меймандарды осы қаржы орта­лығының ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды.
– ЭКСПО-2017 халықаралық көр­­­ме­сінің орнына бүгінде «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығы құры­лып, жұмыс істеуде. Бүгінгі мүм­кіндікті пайдалана отырып сіздерді атал­ған қаржы орталығының ағым­дағы жылғы 5 шілдеде өтетін ресми ашылу салтанатына шақырамын,– деді Елбасы.
Бұдан басқа пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда дүние жүзінде шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне және қа­зіргі өркениеттің жаңа жаһандық транс­формациясына тоқталды, ға­лам­­­дық дамудың басты-басты бес мега­­трендін атап көрсетті. Олардың қа­тарында жоғарыда аталғандай, адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының өзгеруі, сонымен қатар жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар.
Елбасы аталған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақ­сыз­дық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып санала­тынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бас­тама G-7 және G-20 бастамаларына қарағанда, барлық елдердің пікір­лері мен мүдделерін біріктіруге мүм­кіндік беріп, мұның бәрі келешекте мейлінше теңгерімді шешімдер табу­дың нақты тетігіне айналмақ.

Әйгілі тұлғалар
пікір бөлісті

БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, Халықаралық Олимпиада комитеті Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Пан Ги Мун Астана экономи­калық форумының жаһандық проблемаларды шешу жолдарын іздестіруге өте тиімді алаң екенін ерекше атап көрсетті.
– Барлық саяси көшбасшыларды, бизнес және қоғам көшбасшыларын бірігіп жұмыс істеуге, халықаралық ұйымдарға қолдау көрсетуге шақыра­мын,– деді Пан Ги Мун өз сөзінде.
Әлемге әйгілі физик, футуролог Митио Каку болашақта медицина саласын революция күтіп тұрғанына тоқ­талды.
– Алдағы 30-100 жылға қатысты мен оптимистік көзқарастамын. Бола­шақ 30 жылда компьютерлік чиптер­дің бағасы өте арзан тұратын болады. Компьютер сөзі ағылшын тілінен жоғалады. Интернетті тіпті көз линзаларында да қолдануға болады. Ол жарқ етсе, сіз онлайн тәртіпте интернетке шыға аласыз. Сонымен қатар медицина революцияландырылады. Себебі чиптер тегін болады. Шағын ғана микроскопиялық чиптер сіздің ішкі ағзаларыңызды фотосуретке тү­сіреді. Бұл да адам жасын ұлғайтуға сеп­тігін тигізеді. Сонымен қатар алдағы жақын болашақта адамзат баласы трансплантациялауға арналған органдарды зертханаларда өсіріп, дамыта алады. Сіз өз бауырыңызды зерт­ханада дамып-жетілген бауырға алмастыра аласыз. Сол сияқты бұл чип­тер де интеллектуалды болады, – деді ғалым.
Силикон алқабының аты аңызға айналған тұлғасы Стив Возняк өзінің алғашқы компьютер құрастыруына кім­нің ықпал еткені туралы баяндады.
– Бала кезімде өз компаниясын құрған жас инженер туралы кітап оқыдым. Бұл маған қатты әсер етті. Менің әкем де инженер болатын. Бір күні әкем маған болашақта тез жұ­мыс істейтін компьютер болатынын, оның сол кездегі компьютерлерден қымбат болатынын жеткізді. Сонда «оны құрастыратын инженердің бірі мен болатын шығармын» деп қиялға берілдім. Содан кейін мен арнайы клуб құрдым. Онда профессорлар, қа­рапайым студенттер болды. Біз «тез жұмыс істейтін дербес компьютерді қалай жасап шығаруға болады» деген тақырыпта өзара пікір алмастық, оны жасап шығарғымыз келді. Ақыры осы арманымыз жүзеге асты,– деді Стив Возняк.
Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд жаһандану үдерісі же­делдей түскенін, тауарлардың көбі­рек шығарылып жатқанын, халық­тар игілігі жақсара түсуіне үміт ұялататын – табиғи интеллект жасалып жатқа­нын тілге тиек етті.
«Басқаша айтқанда, ашықтық пен нәтижелі диалог үрдісін байқаймыз, басқа тұрғыдан қарағанда, қолдампаз­дықтың артуы сияқты үрдістер де бар, кейбір халықаралық келісім-шарттар күдік туғызады. Мұндай үдерістердің барлығы да экономикалық дамуға кері әсерін тигізбек. Оның үстіне Таяу Шығыс пен Африкадағы кикілжіңдер тұрғысынан алғанда, жағдай қазірдің өзінде, жаппай көшіп-қону және бос­қындардың ауқымды көлемде қо­ныс аударуын туындатып отыр», – деді Франц­ияның экс-президенті.
Ол АҚШ-тың ирандық ядролық келісімге қатысты ыңғайына сенім­сіздік туындайтынын айтты. Көңілге қонымды шешімдер бар, сонымен қатар трансформациялау үдерісіне қатер туғызатын жағдайлар да алаң­сыз­дық туғызбай қоймайтынын атап көрсетті. «Егер маған болжам жасауға тура келсе, мен мынаны айтар едім, біз 2008 жылғы, банктік көпіршік тал­қан болған, экономикалық дағда­рыс­ты ұмыт­­пауы­мыз керек», – деді Ф.Олланд.


Қазақстанда көптеген адамдар «Яндекс» интернет желісін пайдаланады, бірақ қазір нақ осы әлемге әйгілі әлеуметтік беделді ғаламдық торды Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің түлектері құрғанынан бейхабар. «Яндекс» – бұл қазақстандық жоба деді АЭФ пле­нарлық сессиясындағы сөзінде «Яндекс» компаниялар тобының же­тек­шісі Аркадий Волож.
Бұдан 20 жыл бұрын адамдар интернеттен ақпарат іздестіруді үйренді. Жалпыға ортақ жарияланымдардың бәрі де біздің әрқайсысымызға қол­жетімді болды, бұл, шынында да, таң­ғажайып керемет емес пе?!.
«Қазір біз іздестіруді қолданамыз да, оның байыбына бара бермейміз. Кәдуілгі ауа тәрізді, күнделікті тыныстап жүрген. Бұл – кез-келген технология ғұмыры. Видео мен әуенді қалтаға салып жүру мүмкіндігі пайда болды, солай болуға тиіс те. Машина өзі аудара алуды игерді. Ол аударады, бірақ адамдар мұны бәрі-бір жақсырақ орындайды», дейді «Яндекс» компаниялар тобының жетекшісі.
10 жыл бұрын сіздің машинаңыз­дың алдында кептеліс бар екенін білу мүмкіндігіне қол жетті.
– Ғажап сияқты көрінеді, – дейді Волож мырза. – Осыдан бес жыл бұрын құрылғыңызды қалтаңыздан шығарып, түймешігін бассаңыз, төрт ми­нуттан соң екі тонналық дөң­ге­лектер үстіндегі темір жетіп келе­тін мүмкіндікке де жеттік. Такси әлде­қайдан тап болады, ал бұл әдеттегі жағ­дайға айналды, – деп түйіндейді біл­гір маман.
Ұлыбританиялық қаржыгер, Gold­­man Sachs компаниясының бас эко­­но­мисі, БРИК (Бразилия, Ресей, Индия, Қытай) акронимінің авторы Джим О’Нил былай дейді:
– Халықаралық шекараларды ны­ғай­ту аясындағы экономикалық өсу­дің негізі не болмақ? Менің жауабым: тұтынушы, әсіресе ортаазиялық тұтынушы.
2010 жылдан бері ІЖӨ әлемдік өсімі орта есеппен 3,7%-ды құрады. Бұл осының алдындағы онжылдықта қол жеткізілгеннен сәл ғана төмен екен.
«Және де бұл өте маңызды, бүкіл әлем бойынша экономикада АҚШ пен Қытай үстем болып тұр. Мен долларлық баламадағы ІЖӨ-нің 2010 жылдан бергі жаһандық номинал­ды өзгерістерін іс жүзінде есептеп шы­ғардым: соның ішіндегі 84%-ы АҚШ пен Қытайда жүзеге асады екен және 7%-ы – Үндістанда, – деп О’Нил паш еттті. – Жаһандық өсім нақ осы үш аймақта іске асқан. Осы онжылдықта АҚШ пен Қытай 35%-ға жуық, ЕО – төрттен біріне жуығын, Бразилия мен Индия – 5%-дай енгізген».
Әйгілі экономист өзіне: «Америка мен Қытай екі ел арасында сауда ықпалшараларына байланысты қақ­тығыстарды болдырмауға жағ­дай­лары жете ме?» деген жиі сауал қояты­нын айтты.
«Менің пайымдауымша, АҚШ бас­шылығы ақылдырақ және жаһан­да­нуға тиімдірек ұстанымды іске асыруы тиіс. Бүгінде бәрі де тұтынушы төңірегінде ұйысқан. Мынаны атап айтар едім, біз есепке алып отырған, 20%-ға жуық өзгерістер қытайлық тұтынушылардың көңіл-күйлеріндегі өз­ге­рістерге байланысты. Бұрын бұл тек 5%-ды ғана құрайтын», – деп атап көрсетеді экономист.
Джим О’Нил мынадай мысал кел­тірді: Стив Возняктың Apple ком­па­ниясы соңғы үш жыл бойына өзі­нің iPhone телефондарын АҚШ-қа қа­рағанда Қытайда көбірек сатқан.
Форумның екінші күнінде қаржы, бизнес, білім беру, смарт техно­ло­гиялар мен цифрландыру мүмкін­дік­­терінің болашаққа бағыт­тал­ған стра­­тегиялық болжамдарына қатыс­ты панельдік пікірталастар ұйым­дас­тырылды. Онда 5 үлкен топқа бө­лінген: жаһандық қауіпсіздік әлемі, жаңа адам әлемі, қалалар әлемі, сингу­ляр­лық әлемі және сандық (цифрлық) әлем мәселелері талқыға салынды.
Біз алдағы уақытта газетімізде кей­бір аса маңызды пікірлерді өз оқыр­­мандарымыздың талқысына ұсы­­на­­тын боламыз. Сондықтан Астана эко­номикалық форумының басқа да қы­зықты ақпаратын басқа да ке­лелі мәсе­лелер қатарында жариялауды жөн көрдік.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру