Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Уақыт талабы жаңа міндеттер жүктейді

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан Жетісу өңірінің еңбеккерлері биылғы жылдың алғашқы тоқсанын да табысты қорытындылады. Жақында облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен жиында 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралып, алдағы міндеттер сараланды.

Бірінші тоқсандағы даму қоры­тын­ды­лары туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов атап өткендей, есепті кезеңде экономикалық өсім 4,2% құрады. Өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 249,8 млрд теңге болып, нақты көлем индексі – 104,2% құрады. Жаңа 11 нысан іске қосылып, қолданыстағы 5 өндіріс кеңейтілген, қосымша 278 жұмыс орындары ашылды.
Ауыл шаруашылығында 10,8 мың жеке шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы 50 ауыл шаруашылығы коо­пе­ративтерін құру жоспарлануда, оның ішінде 362 ЖШҚ тартылып, 7-уі құрылды. Қант қызылшасы бойынша 7 сервистік-дайындау орталығы ашылды, 1,5 млрд теңгеге 132 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ет өндірісі 4,7%-ке, сүт – 2,1%, жұмыртқа – 4,1%-ке артты. Облыс бойынша 83 бордақылау алаңы мен 64 сүт-тауарлық фермасы жұмыс жасайды, олардың жүктемесі сәйкесінше 71% және 85,4%.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,4%-ке артып, 113,2 мың бірлікті құрады, жұмыспен қамтылғандар саны – 235,7 мың адам немесе жұ­м­ыс­­­пен қамтылған халықтың – 24%. 4 айда шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 27,8 млрд теңге салық түсіп, жергілікті бюджеттің жалпы көлеміндегі үлесі 39,7%-тен 47,9%-ке дейін артты. Биылғы жылы кәсіпкерлікті қолдауға барлығы 7,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында 3 млрд теңге қарастырылды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша шағын несиелендіруге және оқытуға 4,3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, баяндамашы «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуына, сумен жабдықтау, газдандыру, балабақшамен қамту және басқа да салаларға кеңінен тоқталып өтті.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов әлеуметтік-экономикалық дамудағы жеткен жетістіктермен қатар орын алып отырған олқылықтарды, көрсеткіші төмен аудан, қалаларды атап, жұмыс­тарына бағыт беру керектігін ескертті.
Елбасының облысқа келген сапарында берген тапсырмалары, со­ның ішінде аудандар дамуындағы тең­герімсіздікті болдырмау мәселесі де әрбір аудан, қала әкімдерінің басты назарында болуы керектігін атап өтті. Мұнан соң облыс басшысы жарыссөзге Ескелді ауданының әкімі Бағлан Тәнекеновті шақырып, ауданда қолға алынатын жаңа бастамалары туралы сұрады. Б.Тәнекеновтің айтуынша, ауыл шаруашылығында жалпы саны 1250 басқа арналған 3 сүт тауарлы ферма ашу жоспарланып отыр. 500 тонналық 2 жеміс-жидек сақтау қоймасы салынады. Қарабұлақ ауылында шетелдік инвесторлардың қатысуымен соя өңдейтін зауыт көзделген. Сондай-ақ 2019 жылы Шажа өзенінде қуаты 290 МВт болатын су электр станциясын іске қосу жобаланған.
Өз кезегінде білім сапасын арттыру, саланы цифрландыру, атап айт­қанда компьютерлендіру, мектеп­тердегі интернет желісінің сапасын арттыру, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері туралы облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов баяндады.
Жарыссөзге жаңадан тағайын­дал­ған басшыларды шақырғаны бекер еместігін айта келіп, Амандық Баталов: «Жаңа басшы өз саласын, өз ауданын алға бастыруда, қордаланған мәселелерді шешуде жаңаша бағыт, тың бастамаларын көрсетуі керек», – деді.
Өткен жылыту маусымының қо­ры­тындысы мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов дайындық жұмыстарына жә­не өткізуге бөлінген 6 млрд теңге толығымен игеріліп, жоспарланған іс-шаралар атқарылғанын атап өтті. 32 қазандыққа, 56,5 шақырым жылу жүйесіне, 94,7 шақырым су құ­бы­ры-кәріз жүйесіне және 13,6 мың шақырым электр желілеріне жөндеу жүргізілді. Жылыту маусымына 2246 бюджеттік сала нысаны, оның ішін­де: білім беру саласында – 1002, ден­саулық сақтау – 664, әлеуметтік салада – 580 нысан және 1687 көп­қабатты тұрғын үй дайындалды. Былтыр Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге бөлініп, «Қапшағайжылу» МКК-ның ғимаратын жаңғырту жұмыстары басталды. Сол сияқты «Моноқалаларды дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Текелі қаласындағы «Алатау» және «Достық» шағын аудандарының жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарына 1,4 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 12,5 шақырым жылу желілері жөнделген.
А.Байжанов қазірден қолға алынуы тиіс көмір тапшылығын болдырмау шараларын қабылдау, сұйық отынның қорын дайындау, иесіз электр желілерін коммуналдық мен­шікке өткізу, дебет қарыздарды өтеу сияқты көптеген мәселелерді аудан, қала әкімдері мен тиісті басқарма басшылары уақытылы орындауы қа­жеттігін баса айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А.Баталов: «Жалпы облыстың бүгінгі экономикалық өсімі жаман емес – 4,2 % құрап отыр. Елбасы об­лысқа келген сапарында жұмысы­мызға оң баға берді, сонымен қатар жаңа міндеттер жүктеді. Президент тапсырмаларын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын әзірлеп, соның негізінде жұмыс жасауымыз керек. Биылғы жылы шағын және орта бизнесте ашылуы тиіс 100 жаңа нысанның әрқайсысын аудан әкімдері жатқа білуі керек. Құрылыс көлемі 137% болды, бірақ бұл біз үшін жеткіліксіз деп есептеймін. Пре­зиденттің «7-20-25» бағдарламасы ая­сын­да құрылыс қарқынын өсіруіміз керек. Жылыту маусымына дайындық бойынша орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған Талғар ауданындағы көп қабатты үйлердің, сонымен қатар Қарасай, Жамбыл ау­дан­дарындағы осындай үйлердің мә­се­лесін шешуге жұмыс істеңіздер», – деді.
Отырыс соңында өткен жылғы жылыту маусымының қорытындысы бойынша үздіктер марапатталды. Атап айтқанда, бірінші орынды Қапшағай қаласы, екінші орынды Райымбек ауданы, ал үшінші орынды Сарқан ауданы мен Текелі қаласы иеленіп, оларға арнайы техникалар тарту етілді. Сонымен қатар жылу, энергетика саласы мекемелерінің бірқатар қызметшілеріне облыс әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталды.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру