Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Даму бастамалары: Нақты қадамдар жасалды

Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде көтерілген әлеуметтік маңызы зор мәселенің бірі – әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету. Осы ретте өткен жұмада Парламент Сенатындағы дөңгелек үстел мәслихатында бес әлеуметтік бастаманың миллиондаған қазақстандықтар үшін баспана алудың қолжетімділігін арттыру мүмкіндіктері қарастырылған алғашқы бағытын іске асыру мақсатындағы шаралар талқыланды. Бұл тұрғыда Ұлттық банк әзірлеген «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасына қатысты бас банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтып берді.

Еліміздің жаңа даму дәуірін­де халықтың тұрғын үй жағ­дайын жақсарту, баспана алу мүм­кіндіктерін кеңейту мақса­тында бірқатар мемлекеттік бағдар­ламалар қабылданып, ауқымды жұ­мыстар атқарылды. 2016 және 2017 жылдары тұрғын үйді пай­да­лануға беруде рекордтық өсім­ге қол жеткізілуі сала табыс­тылығының көрсеткіші болып табылады. Елімізде соңғы екі жылда 21 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынды. «Осы қарқынды бәсеңдетпей, өсім көрсеткішін жылдан жылға жал­ғастыру өте маңызды. Бұл эко­номиканың өсуіне үлес қосады, құрылыс саласын дамытуға, халық шар­уашылығының барлық саласына қуатты әсер береді. Ен­гізіліп отырған тұрғын үйге сұранысты ынталандыруға сәйкес келетін шараларсыз құры­лыс­тың экономикалық әсері толық­қанды болмайды. Компаниялар жаңасын сала бастау үшін тұр­ғын үйді тез сатуы, ал халық осы тұрғын үйді сатып алуы үшін түсінікті де тартымды тетік болуы тиіс», – деп түсін­дірді О. Смоляков.
Мемлекет басшысының бас­та­масы сұранысты ынталан­ды­ру­­ға жетіспей тұрған тұстарды толықтыруға мүмкіндік беретін­дігін айта келіп, Ұлттық банк басшысының орынбасары онсыз кез келген құрылыс бағдарлама­сы тиімді бола алмайтындығын атап өтті. «Енді елде тұрғын үй құрылысын мемлекеттік ын­та­ландыру тетіктері мен азамат­тарға пәтер сатып алу үшін қа­жетті соманың барлығын жи­нақ­тауды күтпей-ақ бас­пана сатып алуға мүмкіндік беретін «7-20-25» бағдарламасы бірін-бірі толықтыратын болады. Бағдар­ламаны іске қосу құры­лыстың барлық аралас салаларын дамыту бойынша кумулятивтік әсер­ге және нәтижесінде жалпы экономикалық өсімге ық­пал етеді», – деп түйіндеді О.Смоля­ков.
Келесі кезекте ол «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алу­дың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасына кімдер қатыса алатындығына тоқталды.

Атал­ған бағдарламаға тұрғын үйі жоқ адамдар ғана қатыса алады. Аза­маттарға баспана алу­дың қол­же­тімділігін арттыру үшін же­ңілдікті тетік­термен қамтама­сыз ету маңызды. «Әр адамда кредитке қиындық­сыз қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін кірісінің болуы тағы да бір маңызды талап болып табылады. Бүкіл бағдарламаның орнықты­лы­ғы азаматтардың келешекте өз қа­рыздарына қызмет көрсету мүм­кін­дігіне толық байланысты болады. Алғашқы кезеңде біз «7-20-25» бағдарламасына тек бастапқы тұрғын үйді ғана тартуды жоспарлап отырмыз. Кейін даму барысына қарай бағдарламаны кеңейту мүмкіндіктерін зерделеуге дайынбыз», – дейді О.Смо­ляков.
«Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» аясында қолға алынып отырған бұл бағдарлама ең алдымен әлеуметтік маңызды шара және мемлекеттің міндеті азаматтарды бі­рінші кезекте қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан тұрғын үйдің шекті құны белгіленетін болады. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау сияқты қалалар үшін тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 млн теңге болса, басқа өңірлер үшін 15 млн теңгеден аспайды. «Бастапқы кезеңде біз осылай болуы керек деп ұйғарып отырмыз. Аталған шектеулер бағаның өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй бағасының алыпсатарлық өсуінің бұрынғы тәжірибесін қай­талауға болмайды. Бағдарламаны іске асырудың айқындылығын қам­тамасыз ету мақсатында Ұлттық банк түсіндіру жұмысына және өңірлердегі тұтынушылармен белсен­ді түрде өзара іс-қимыл жасауға баса назар аударатын болады», – деп қорытындылады бағдарламаға кім­дер қатыса алады деген сұраққа қа­тысты өз ойын О.Смоляков.
«7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасын іске асыру тетіктері туралы айта келіп, Ұлттық банк төрағасының орынбасары: «Ұлттық банкке «7-20-25» бағдарламасын әзірлеп, іске асыру тапсырылды. Біз оны іске асырудың тиімділігі үшін үлкен жауапкершілікті сезінеміз. Бұл – қаржы нарығының қолданыстағы инфрақұрылымы осындай ауқымды міндеттерді де іске асыруға дайын екендігін көрсету мүмкіндігі. Соңғы күндері банктермен бола­шақ бағдарлама қалай жұмыс істей­тіндігін талқылаудамыз», – деді.
Бағдарлама қалай іске асыры­ладыға келсек, төраға орынбасары атап өткендей, коммерциялық банк қарыз алушыға «7-20-25» үлгісі бойынша кредит беретін болады. Содан кейін бұл кредитті банктен Ұлттық банктің арнайы компаниясы сатып алады. Коммерциялық банк кредитті сатудан алған қаражатты келесі ипотекалық қарыз алушыларды кредиттеуге жұмсайды. Кредит тек теңгемен беріледі.
Ол Ұлттық банктің компаниясын қаржыландыру нарық қағи­даттарына сай ішкі нарықта қаражат тарту есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті. «Бұл маңызды талап. Жылжымайтын мүлікті 25 жылға сатып алуды кредиттеу сияқты ұзақ нарыққа кіре отырып, тек нарық тетіктерін ғана пайдаланған жөн. Бұл Бағдарламаның болашақтағы орнықтылығын қамтамасыз етеді және мемлекеттен көлемді ақша салуды талап етпейді», – деді Олег Смоляков.
Қазіргі таңда «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарла­ма­сын іске асыру бағытында нақты қа­дамдар жасалды. Қажетті заңна­малық түзетулер дайындалды. Бағ­­дарлама операторын, арнайы компанияны құру туралы шешім қабылданды. Ол «Баспана» ипоте­калық ұйымы деп аталатын болады. Мемлекет басшысының даму бастамалары аясында Ұлттық банк қабылдайтын шаралар әлеуметтік тұрақтылықты нығайту бағытында алға қойылған міндеттерге қол­жет­кізуді қамтамасыз ететін болады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру