Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Жасампаз «жасыл» энергетика

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Әлемнің дамыған елдері бүгінде көмірсутекті отын түрлерінен біртіндеп бас тарта бастады. Келешекті көз­дейтін осынау бағыт көшбасшыларының бірі – Ұлы­британияда қазіргі таңда көмір шахталары жабылып, бұл мемлекет «жасыл» даму жолына көшті. Осы орайда «отынсыз» экономика діттеген мақсат қуаттың өзіндік құ­нын кеміту арқылы халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, экологиялық ахуалды жақсарту, Рио-де-Жанейро қа­ғи­даттарына, ХХІ ғасырға арналған Күн тәртібіне, Йоханнесбург жоспарына және Мыңжылдықтар декларациясына сәйкес табиғи ресурстарды ұқыпты да ұтымды пайдалану болып табылатынын атап өтуіміз керек.
Әлбетте, «жасыл» экономика еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болып табылады. Шаруашылық жүргізудің мұндай тәсіліне көшу әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде алға қойылған мақсатқа қол жеткізуімізді қамтамасыз етеді. Жүргізілген есептеулерге сәйкес 2050 жылға қарай «жасыл» экономика шеңберіндегі жаңартулар ішкі жалпы өнімді 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетудің соны салаларын қалыптастыруға, сапалы өмір сүру стандарттарын орнықтыруға мүмкіндік береді.Тұтастай алғанда, «жасыл» экономикаға көшу үшін қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын ішкі жалпы өнімнің шамамен 1 пайызын құрайды, бұл жылына 3-4 миллиард АҚШ долларына барабар. Қазіргі таңда елімізде негізгі секторлардың бәрінде де ресурстардың тиімсіз пайдаланылатыны байқалып отыр. Сарапшылардың бағалауы бойынша бұл экономика үшін жыл сайын 4-8 млрд. АҚШ доллары болатын қолдан шығарып алған пайдамен тең, ол 2030 жылға қарай 14 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін. Бұл ретте энергия тұтынуды үнемдеу жылына 3-4 млрд АҚШ долларымен шамалас, ал 2030 жылға қарай бұл цифр жылына 6-10 млрд. АҚШ долларына дейін өсуі ықтимал.
Осы түйткілдердің шешімін табу мақсатында Елбасы­ның 2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдама қабылданды. Оған сәйкес алдағы мін­деттерді орындау үш кезеңмен жүзеге асырылады. 2013-2020 жылдары мемлекеттің негізгі басымдығы ресурс­тарды пайдалануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» ин­фрақұрылымды құру болса, 2020-2030 жылдарғы мер­зімде қалыптасқан «жасыл» инфрақұрылым базасында суды ұқыпты пайдалануға, жаңартылатын энергетика тех­нологияларын дамытуды көтермелеп, ынталандыруға және оны кеңінен пайдалануға, сондай-ақ құрылыстарды энергия тиімділігінің жоғары стандарттары негізінде салуға бағдарланған ұлттық экономиканы жаңарту кезеңі басталады. Ал, 2030-2050 жылдары ұлттық экономика табиғи ресурстарды жаңарту тұрғысында пайдалануды талап ететін «үшінші өнеркәсіптік төңкеріс» қағидатына көшеді. Осы орайда тұжырымдаманың негізгі ережелерін іске асыру, оны орындаудың стратегиясы мен тактикасын, әдістері мен тетіктерін айқындау жөнінде ұсыныстар дайындайтын, неғұрлым маңызды әлеуметтік-экономикалық іс-шаралар нәтижелерін ой елегінен өткізіп, оларға кедергі болатын түйткілді тұстарды айқындайтын республикалық Кеңес құрылғанын, ол өндірісті және табиғат пайдалануды экологияландыру бағытында межеленген өзгерістерді толық көлемде орындауды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар дайындап жатқанын айта кетуіміз керек. Кеңес сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құ­ралдарындатұжырымдама бағыттарын, оның іске асырылу әдістері мен тетіктерін талқылаумен айналысып жатыр.
Жуырда елімізде тағы бір жаңартылатын энергия көзіне қатысты жағымды жаңалыққа куә болдық. Азия Даму банкі және Таза технологиялар қоры қуаты 50 МВт Байқоңыр-Солар күн электр стансасының құрылысын бірлесіп қаржыландыратын болды. Аталған жоба кө­мір­қышқыл газы шығарындыларын 75 мың тоннаға тө­мен­детеді. Қаржы қоржыны 10 млн. АҚШ долларына барабар мөлшердегі қамтамасыз етілген екі кредиттен тұрады. Қазіргі уақытта Еуразия Қайта құру және даму банкі Қазақстандағы жаңартылатын энергия көзі жобаларына қаржы беретін жалғыз қаржы институты болып табылады. Инвестициялар жалпы қуаты 50 МВт дейінгі, жоғарыда аталған тұрақты күн электр стансасын және Қызылорда облысында жаңадан кіші стансаны әзірлеуге, салуға және пайдалануға беруге жұмсалады. Жаңа жоба көмірқышқыл газының жыл сайынғы шығарындыларын елеулі түрде кемітеді. Бұл Еуразия Қайта құру және даму банкінің жаңартылатын энергия көздері бағдарламасының шеңберінде бекітілген бесінші жоба. Қазіргі уақытта банк Қазақстан экономикасына 8,7 млрд АҚШ долларынан аса қаржы салды. Жоғарыда аталып өткен «БайқоңырСолар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі United Green жекеменшік британ инвестициялық холдингінің 100-пай­ыздық еншілес компаниясы әрі қарыз алушысы болып табылады. Жобаны қолдау туралы келісімге Қазақ­стан Энергетика министрлігі мен Еуразия Қайта құру және даму банкінің жоғары лауазымды өкілдері қол қойды. Республика Үкіметі жаңартылатын энергия көздері саласында қабылдаған мемлекеттік қолдау шаралары арқасында қазіргі уақытта айтарлықтай көлемде шетелдік және отандық инвестициялар тартылуда, аталған келісімге қол қою соның айғағы болып табылады. Бұл келісім жобаны іске асыруға және еліміздің мемлекеттік жоспарлау құжаттарында көзделген жаңартылатын энергия көздері саласындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, өңірде қосымша жұмыс орындарын құруға және шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік беріп отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру