Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Кім қанша табыс тауып жүр?

Газетіміздің өткен санында айтып өткендей, халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көпшіліктің назарын айтарлықтай аударып отыр. Заң жобасына түсініктеме берген ресми өкілдер мен білікті мамандар пікірі де көңілге демеу болмай тұр, оның үстіне кейде тіпті кереғар ойлар айтылады.

Даудың басы – 5 сиыр

ҚР Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті директорының орынбасары Ерболат Абулхатин мырзаның айтуынша, «Заң жобасын әзірлеу барысында есепке алынған нақты сандар Бұқаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша белгіленген. Әр елдің методикасы әр түрлі. Бірақ, әлемде ортақ стандарт бар. Сол бойынша есептеме жүргізіледі. Мысалы, Францияда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жайы біздің елдегімен бірдей деңгейде. Әрине, ұлттық ерекшелікке байланысты жеке шаруашылықтардың айырмашылықтары ескеріледі».
– 500 сиыры бар болса да, құжатта тек 15 деп көрсетіп қоятындар бар. Бұл мәселемен 25 жыл бойы күресіп келеміз. Енді осылардың бәрі нақтыланады, – дейді Ерболат Абулхатин. – 2020 жылы Жалпылама декларация енгізілгенде, халықтың барлығына жеке кірісін көрсету керек болады. Сол кезде кімнің қанша табыс тауып жүргені анықталады. Бірақ, мынаны да ескеріп отырмыз. Олар нақты табысын жасырып қалуы да мүмкін. Болашақта, цифрландырудың нәтижесінде барлық жүйе біріктіріледі. Салық, медициналық, ішкі істер, әділет мекемелерінің базасы бір-бірімен оп-оңай байланысып, электронды түрде ақпараттарды бақылай алады. Егер оның астында көлігі, атында мүлігі бар болса, әп-сәтте белгілі болады.
– Экономикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің тәжірибесі зерде­ленді. Бұл – әлі жоба. Түрлі көз­қа­растар мен пікірлерді ескеріп, тү­зетулер енгізілуі мүмкін, – дейді са­лалық министрліктің Халықты жұ­мыс­пен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті директорының орынбасары.
Мына мәселені де айта кеткен абзал: бірыңғай жиынтық төлем қолдау тапқан жағдайда Салық кодексіне тиісті нормалар енгізіліп, төлем тәртібі Үкімет қаулысымен анықталады. Міндетті медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету ту­ралы заңдар Салық кодексіне сәй­кес­тендіріледі.
Иә, ресми өкіл өз пікірін заңдық тұрғыдан бұлтартпас дәлелдермен дә­й­ектейді. Әйтсе де, қазір «мәжбүр­леп» жұмыспен қамтылғандар қата­рына шын мәнінде жұмыссыз жүр­гендер кіріп ктуі де жоққа шыға­рылмайды. Енді осы мәселемен маман ретінде бағамдай алатын пікірді де тыңдап көрелік.

Жұмыссыз қалай жұмыспен қамтылмақ?

Бұл үшін, ең алдымен «Жұмыспен қамту орталығында» ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз шарт. Олай болмаған жағдайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізіміне ілігіп қалуыңыз әбден мүмкін. Бұл орталықта сізді қабілетіңізге қарай, белгілі бір мамандыққа оқытып, жұмысқа орналасуыңызға септігін тигізеді. Содан кейін өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандардың қатарына қо­сыласыз. Ал, бұл сізді үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстар нәтижесінде кешенді шараларға қатысушы тұрғысында қамқорлыққа алады. Негізінен алғанда «Жұмыспен қамту және жаппай кә­сіпкерлікті дамыту» бағдарламасы 3 бағыттан тұрады.
Бірінші бағыт – техникалық, кә­сіптік біліммен және қысқа мерзім­дік оқумен қамтамасыз ету. Олардың барлығы шәкіртақымен, күнделікті бір реттік ыстық тамақпен және жолақымен қамтылған.
Екінші бағыт жаппай кәсіпкерлік­ті дамытуды көздейді. «Бастау» бизнес жобасы бойынша кәсіпкерлік не­гіздері үйретіледі. Мұнда оқып, бі­лімін жетілдіргендер «шағын несиеге» қол жеткізіп, өз кәсібін аша алады. Бұл жерде якорьлық кооперация деп аталған шараға басымдық беріліп отырғанын да айта кеткен жөн.
Үшінші бағыт халықты жұмыспен қамтиды. Бос жұмыс орындарына жұ­мысқа орналастырылады.
Белгілі блогер, журналист, әлеу­мет­танушы Амангелді Құрметұлы қол­ға алынған игі істер тасасында «сөзбен ойнау мәселесі бар» деп ашы­ғын айтады.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дардың ішінде қара жұмысшылар, көтерме жұмысшылар, маусымдық жұмыстар үшін ірі қалаларға ағыла­тындар болуы мүмкін. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде ешқашан ресми тіркелмейді. Жұмыс­сыз­дардың көпшілігі «жұмыссызбын» деп, Жұмыспен қамту орталығына барып жатқан жоқ. Демек, жұмысы жоқ ретінде ресми тіркелмегендер «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» болып шыға келуі мүмкін. Елбасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне осы категориядағы адамдардың нақты статусын анықтауды тапсырған болатын, –дейді А. Құрметұлы.
Әлеуметтанушы маманның пікі­рінше, салалық министрлік осы мә­селені анықтаудың тәсілін жетіл­діріп, ойлап таба алмаған сияқты. Мысалы, нәтижелі жұмыспен қамтылған­дардың статусы қандай көрсеткіш бойынша нәтижелі болып саналады? Олар еліміздің экономикасына қаншалықты әсер етіп отыр?
Президент жариялаған бес әлеу­меттік бастамада 25 АЕК (60 125 теңге) төмен жалақы алатын азаматтар бұрынғы 10 пайыздың орнына тек 1 пайыз ғана салық төлейді делінген. Үнемделген 9 пайыздың қаржысы атал­ған азаматтардың жалақысын кө­те­руге жұмсалуы тиіс.
Бұл ретте «нәтижелі жұмыспен қамтылды» деген адамдар бұл тізімге кірмей қалуы да мүмкін ғой. Сонда бәліш сататындар айына 60 125 теңгеден, немесе 235 700 теңгеден жоғары табыс табады деп көрсете салулары мүмкін, – дейді Амангелді Құрметұлы.
– Олар бүгінмен ғана өмір сүреді. Тапқаны ішіп-жемнен артылмайды. Ауылда бір отбасында 4-5 адам бар делік. Әрқайсысы ай сайын 721,5 теңгеден салық төлеп отырса, 2886 – 3607,5 теңгеден түседі. Олар кейде айлап, жылдап бір тиын да табыс таппауы мүмкін. Жалғыз сиырының арқасында күн көріп отырғандары бар. Олардан мәжбүрлі түрде салықты қалай алмақшы? – деп Амангелді Құрметұлы күдігін жасырмайды.

БЖТ-дан қорықпау керек

Беделді экономист Рақым Ошақ­баев та өз пікірін ашық білдіреді. Оның айтуынша, тоқсан сайын Ха­лықаралық еңбек ұйымының өкіл­дері халықтың жұмысы бар-жоғын біліп, кірісін анықтау үшін үйді-үйді аралайды екен. Соның нәтижесінде нақты деректер анықталады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың да саны осы жолмен белгілі болған. Олар жайлы 1993 жылдан бері айтылып келеді. Бүгінгі басты мәселе – тек нәпақа тауып жүрген, табысы төмен тіркелмегендер.
– Бірыңғай жинақ төлемінен қор­қу­дың қажеті жоқ. Былтыр «Талап» қолданбалы зерттеу орталығы салық­тарды біріктіріп, бір жүйеге айнал­дыру керектігін айтқан болатын. Әлеу­меттік, медициналық сақтан­ды­руға, зейнетақы жарнасына бір рет төлеміңіз аударылады. Сонда әрбір қа­зақстандық өзінің болашағына салым салу арқылы, қартайғанда қи­налып қалмайды. Өзін-өзі жұмыс­пен қамтамасыз еткендердің арасында жұмыссыздар да кіріп кетуі мүмкін деген – қате көзқарас. Мүлдем жұмысы жоқтарға ешнәрсе жүктелмейді, – деп түйіндейді Р.Ошақбаев.
Өкінішке орай, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көбі «бір күндік тір­шілік үшін жүргендер» болуы мүм­кін. Басты мәселе де осы болып тұр. Егер жұмысқа кіруіне мүмкіндік қарастырылса, олар қуана-қуана орналасар еді. Бірақ, олар жұмысты із­де­­мей­ді де. Өйткені, таппайтынын бі­леді, – дейді Рақым Ошақбаев.
Басты мәселе де осында, жұмыс­сыздық жөніндегі ресми деректер мен шын мәніндегі жұмыспен қамтыл­ғандардың саны сәйкес келе бермейді. Қаралып жатқан заң жобасында бұған жете көңіл бөлінуі тиіс, сонда ғана қарапайым халық үкімет тарапынан көрсетілер көмектен қалыс қалмас еді. Бұған әсіресе ауылдағы қалың қауым айрықша мұқтаж.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру