Валюта бағамы: $ 363.26 420.11 5.54 ¥ 52.45

Майлы дақылдардың құны қандай?

Павлодар облысындағы Ертіс ауданы кешегі кеңестік кезеңде астықпен атағы шыққан еді. Қазір де осал емес. Өңірдегі астық шаруашылығымен айналысатын алдыңғы қатарлы аудандардың бірі.

Бірақ қазір шаруашылықты бас­қару тәсілінде өзгеріс бар. Көз­қарас өзгеше. Кеңшарлардың орнына серіктестіктер мен шаруа қо­жалықтары құрылған. Олардың ішін­­де егін шаруашылығымен айна­лысып, тәуір көрсеткішке жетіп жүргендері де аз емес. Оған дәлел – ертістік диқандар 2017 жылы ауа райының ала-құла болғанына қарамастан орташа есеппен әр гектардан 12 центнерден өнім алған. Бұл төмен көрсеткіш емес. Кей жыл­дары астық түсімі бұдан әл­де­қайда жоғары болады.
– Егін шаруашылығымен айналысатын тәжірибе шаруашылығы – біздің ауданда. Жердің, ауа райының жағдайына байланысты қандай тұқым себу керек, оны қай уақытта бастап, қай уақытта аяқтау керек, жаңа технологияның қайсысына мән берген жөн, диқандарымыз тәжірибе шаруашылығымен байланыс жасай отырып, осының бәріне ерекше мән береді. Нәтиже жақсы, – дейді Ертіс ауданының әкімі Серік Батырғожинов. – Біз олардың жұмысына араласпаймыз. Бәрін өздері шешеді. Әкімдік қолдау білдіреді, демеу болады, жұмыстың алға басуына көмектеседі. Шаруалардың табысы көбейсе, салық түсімі де ұлғаяды. Осы арқылы ауылдардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге мүмкіндік болады.
Нарық өз үстемдігін жүргізеді емес пе? Соған бейім болу керек. Бәрі есеп. Есептей білгеннің есесі кетпейді. Кешегі кеңестік кезеңде қалай болды? Мәселен, Ертіс ау­данындағы қатар қоныстанған шар­уашылықтардың бір-бірінен айыр­машылығы шамалы еді. Бәрі негі­зінен егін шаруашылығымен айналысатын. Жер көлеміне байланысты жоспар да болатын. Оны орындамаса шаруашылық басшыларына шара қолданатын. Ал жиналған астықты қалай сақтай­ды, қандай бағамен өткізеді, шаруа­шылыққа тиімді ме, тиімсіз бе, оған көп бас ауырта қоймайтын. Басшыға жүктелетін негізгі міндет – жоспар, соның нәтижесіне қарап еңбегін бағалайтын.
Қазір мұндай талап жоқ. Көз­қарас та, түсінік те жаңаша. Шаруа адамы кәсібінің табысты болуын ойлайды. Көршілес шаруа қожалығы бидай тұқымын септі екен деп, бас-көз жоқ, солардан қалмауды ойлайтын болса, онда табысқа жетуі қиын. Осыны да, жер жағдайы мен ауа райын да, нарықтағы бағаны да – бәрін-бәрін ескереді қазіргі шаруа адамдары. Өйткені, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен бірге оны өткізуді де ойлау керек. Қанша сапалы болса да, кейде алыпсатарлар ұсынатын баға кеткен шығынды ақтамайды. Ақ тер, көк тер болып дайындаған астығыңды қоймада үйіп-үйіп қойғаннан да пайда шамалы. Шығын өсе береді. «Ертең баға көтерілген кезде астықты қымбатқа сатамын» деп дәмеленудің де жөні жоқ. Өйткені баға күн сайын құбылып тұрған жоқ па? Сәтін салып, көңіл көншітетіндей бағаға сата алса жақсы, сата алмаса, шығынға белшеден батады. Тіпті осындай жағдайды бастан өткерген адам келесі жолы тұқым себуден де қаймығып қалатыны сөзсіз. Себебі шығынның үстіне шығын жамай бергеннен не пайда? Оның орнына нарықтың сұранысына сай дақылдарға мән бергенді жөн санайды. Ертіс ауданы диқандарының да көзқарасы осындай қазір.
– Былтырдан бастап ауданда­ғы серіктестер мен шаруа қожалық­тары майлы дақылдар алқабын ұлғайта бастады. Бұл жайдан-жай емес. Өйткені майлы дақылдардың құны жоғары. Сұраныс та жақсы. Оның үстіне біздің ауданның жері құнарлы болғандықтан майлы да­қылдардың да сапасы жоғары болып тұр. Мұны мамандар да, сатып алушылар да дәлелдеп береді. Олар да пайда түсетін дақылдарды жақсы біледі. Көбірек алғысы келеді.
– Қазақстанның бидайынан ар­тық болып тұрған қандай дақыл сонда?
– Жасымық, зығыр, – деп жауап берді аудан әкімі.
– Шынын айтайын, күнделікті өмірде бұл дақылдарды көп пайдалана бермейміз ғой. Соған қарамастан сұраныс жоғары болып тұр ма?
– Қазақстандықтар көп пайдалана бермейтін шығар, ал шет елдерден келіп тапсырыс берушілер көп. Сондықтан ертістік шаруалар былтырдан бастап жасымық пен зығырға ерекше мән бере бастады, – дейді Серік Батырғожинов.
Жаңаның аты – жаңа. Бұған дейін тек арпа-бидаймен айналысып келген шаруа адамдары үшін жаңа дақылдарды өсірудің өзіндік қиындықтары болған шығар? Бірақ Ертіс ауданының диқандары қандай қиындық болса да қаймығатын түрі жоқ. Алға қойған мақсатқа жетуді ғана ойлап отыр. Дақылдардың өтімділігі мен бағасы ғана емес, жердің жағдайы да оларды алаңдата бастаған. Тәжірибе институты мамандарының кеңесіне қарағанда, ауыспалы егіске мән берген жөн. Ғылыми тілмен айтқанда, бұл – әртараптандыру. Жыл сайын бидай тұқымы себілетін алқаптың құнары да кеми беретін болып шықты. Осыған байланысты өнімнің сапасы мен көлемі де азая береді. Болашағын ойлаған шаруа бұған бармайтыны айдан анық. Ертіс ауданының диқандары да осындай тоқтамға келген. Өткен жылы 700 гектарға жасымық дәнін сеуіп, байқап көрген олар енді оның көлемін жеті есеге дейін көбейтуді көздеп отыр. Биылғы межелері осындай. Өнімді алушы елдер көп. Оның үстіне жасымық пен бидай өсіру технологиясы ұқсас болып шықты. Сондықтан диқандар оны тез-ақ меңгеріп алған.
Жасымықтың нарықтағы құны би­дай­мен салыстырғанда үш есе жоғары. Бұл да диқандарды қызық­тырып отыр. Оның үстіне Ертіс ауданында өсірілген жасымықтың сапасы сатып алушылардың көңі­лінен шыққан. Осындай жағдай­лардың бәрін ескере келе Ертіс ауданының диқандары биыл егіс­тік алқаптарының отыз пайызына майлы дақылдар тұқымын сеппек.
Ертістік диқандар, Үкіметтің майлы дақылдарға байланыс­ты ұстанып отырған саясатынан жақ­сы хабардар. Осы жылдың наурыз айында Астанада халықаралық «KazGrain» конференциясы өткен еді. Сондағы әңгіме өзегіне айнал­ған негізгі тақырыптың бірі – майлы дақылдар. «ҚазАгро» ұлттық холдингі мамандарының айтуынша, біріншіден, майлы дақылдарға белсенді бетбұрыс жасау егіс алқап­тарын әртараптандыруға мүм­кін­дік береді. Екіншіден, бұршақ тұ­қымдас дақылдар алқабының артуы ішкі нарыққа өзгеше серпін беретіні айтылды. Мамандар кел­тірген мәліметтерге қарағанда, 2017 жылы Қазақстан жасымық және нут түрлерін өсіру бойынша әжеп­тәуір көрсеткіштерге қол жет­кізген. 2016 жылы 12,7 мың гектар осы мақсатқа пайдаланылған болса, 2017 жылы алқап көлемі 331,6 мың гектарға ұлғайған.
Бұршақ тұқымдас дақылдар ал­қабын барынша көбейту мақса­тында батыл қадам жасаудың себебі – жасымықты қанша көлемде болса да экспортқа шығаруға мүмкіндік мол. Бұл ретте басқа мемлекеттердің де тәжірибесі зерттелген. Жасымық өндіру бойынша Канада ең алдыңғы қатардағы мемлекет. Олар осы дақыл бойынша көл-көсір табысқа кенеліп отыр. Рас, жасымықты Орта Азия мемлекеттері басқа елдермен салыстырғанда аз тұтынатын болып шықты. Мүмкін жағдай келешекте өзгеретін шығар. Өйткені жасымықтың адам денсаулығына өте пайдалы екенін мамандар дәлелдеп берді. Оның құрамында ақуыз көп. Сондықтан оны тұтынушылар қатары көбеймесе, азаймайтын түрі бар. Сұраныс жылдан-жылға арта береді деген сөз. Тек өткен жылдың өзінде бұршақ тұқымдас дақылдардың әлемдік сауда көлемі бес есеге дейін өскен. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, алдағы уақытта да оның көлемі арта бермек. Бұл өнімді көп мөлшерде сатып алушылардың қатарында Түркия, Ауғанстан, Иран, Қытай және тағы да басқа елдер бар. Бір ғана Түркияның өзіне өткен жылы 35,7 мың тонна өнім экспортталған.
Жасыратыны жоқ, арпа-бидай­дың бағасы мен сұранысына байланысты көңіл толатындай болжам болмай тұр. Өткен жылғы ас­тықты сырт елдерге өткізу оңай болған жоқ. Ең қиыны баға мың құбылып тұр. Мәселен арпаны кең көлемде алып келген мемлекеттің бірі – Иран еді. Қазір олар шет жақтан тасымалдамай, өздерін қамтамасыз етудің қамын жасап жатыр. Жоқ дегенде оларға Каспий арқылы Ресейдің арпасын тасымалдау тиімді. Ал Қазақстанның арпасына деген сұраныс осындай себеп-салдарларға байланысты төмендей беретіні кімге де болса түсінікті. Сондықтан бұршақ тұқымдас дақылдарға сұраныс пен баға артып отырғандықтан, соған бетбұрыс жасаған тиімді болмақ. Ертіс ауданы диқандарының да ойлап отырғаны осы.

Ғалым ОМАРХАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру