Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Тұрақты өсімнен ауытқымау қажет

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы қаралды. Сондай-ақ төртінші деңгейдегі бюджет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін енгізу барысына, өткен және алдағы жылу беру маусымы мәселесіне ден қойылды.

Биылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысына Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар және даму, Энергетика министрліктері, Ұлттық банк тарапынан есеп берілді.
ҰЭМ басшысы Т.Сүлейменов еліміздегі экономикалық белсенді­ліктің оң қарқынын атап айтты. Жалпы, экономикадағы өсім инфляциялық қысымның төмендеуіне және жоғары инвестициялық белсенділікке негіз­дел­ген. Мысалы, жыл басынан бері инфляция деңгейі 2,2%-ті құрады, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,5%-ке төмен. Жыл­дық инфляция 6,5% деңгейінде тіркеліп, оны жаңа дәлізде – 5-7% деңгейінде ұстап тұру қамтамасыз етілуде. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жыл басынан бері 134,8 мың адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар нақты еңбекақының өсуі байқалып, ол 1,2%-ті құрады.
Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары О.Смоляковтың айтуынша, қаржы реттеушісінің алтын-валюта сақтық қорлары өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3%-ке немесе $30,6 млрд дейін өсті. Сонымен бірге Ұлттық қордың активтері осы кезеңде 5,6%-ке, $59,3 млрд дейін төмендеді. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурызында сыртқы сауда айналымы $21 млрд құрады және 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24,3%-ке, соның ішінде экспорт – $13,8 млрд, 27%-ке, импорт – $7,2 млрд, 19,4%-ке өскен.
Қаржы министрі Б.Сұлтанов өз баяндамасында трансферттерді есептемегенде, мемлекеттік бюджеттің кірістері есептік кезеңде 105,1%-ке, олардың ішінде республикалық кірістер – 100,9%, жергілікті бюджеттер – 117,1%-ке асыра орындалғанын айтты. Республикалық бюджетке 1781,7 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 16 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың 4 айының көрсеткішінен 173 млрд теңгеге артық. Жоспардың артығымен орындалуы негізінен салықтар бойынша, олардың ішінде үстеме табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден баж салығынан қалыптасып отыр. Жергілікті бюджеттердің кірістері 106 млрд теңгеге артығымен орындалып, 728 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,6%-ке, республикалық – 96,9%, жергілікті бюджеттер – 98%-ке атқарылды.
Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек саланың негізгі көрсеткіштері бойынша нақты көлем индексі орындалғанына тоқталды. Мысалы, қаңтар-сәуір айларында темір рудасының нақты көлем индексі 103,9%, түсті металл кендерін өндіру бойынша – 102,1%, фармацевтикалық өнімдерді өндіру бойынша – 107,7%, металлургияда – 104,1%, құрылыста – 102,1%-ті құрады. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында транспорт бойынша НКИ – 104,6% болды.
2018 жылдың 4 айындағы энергетика саласының негізгі экономикалық көрсеткіштерінің алдын-ала қорытындылары туралы баяндаған сала министрі Қ.Бозымбаев мұнай және конденсат өндіру көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,9% немесе осы жылдың 4 айының жоспарының 104,5% құрайтынын атап өтті. Қаңтар-сәуірде 24,1 млн тонна мұнай экспортталды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 104,3%. Мұнай өңдеу көлемі 5,1 млн тонна немесе осы жылдың 4 айының жоспарына қарағанда 104,6% болды. Осындай кезеңмен салыстырғанда, электр энергиясы 8%-ке артса, көмір өндіру көлемі 103,2%-ті құрады.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр Б.Сағынтаев Үкіметтің экономикалық блогының басшыларына экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз ету бойынша тиімді шараларды қабылдауды тапсырды.
Төртінші деңгейдегі бюджет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін енгізу барысы туралы ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов пен қаржы министрі Б.Сұлтанов баяндады.
Қазірде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы аясында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі мен төртінші деңгейдегі бюджетті енгізуді көздейтін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң қабылданған. Ұлттық экономика министрі жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі ретінде осы жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2 мың адамнан асатын 1062 ауылдық округте енгізілгендігін, ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық жерде енгізілетінін айтты.
Ал қаржы министрі ауылдық округтердің бюджеттеріне түсетін салықты қамтамасыз ету жайын баяндады. Жалпы алғанда, кірістердің асыра орындалуына төртінші деңгейдегі барлық бюджеттер бойынша қол жеткізілген. Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, осы жылдың бірінші тоқсанында нақты түсім 27,7 млрд теңгені құрады.
Отырыста энергетика министрі Қ.Бозымбаев жылу беру маусымы – күзгі-қысқы кезеңде электр станцияларында және электр желілерінде өткен кезеңмен салыстырғанда технологиялық бұзылулардың саны 12%-ке төмендегенін айтып өтті.
Үкімет басшысы өткен жылғы көмір тапшылығы мен көмір бағасының қымбаттауы орын алған қолайсыз жағдай қайталанбауы керектігін ескертіп, әкімдерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, көмір тапшылығын болдырмау мақсатында жылу беру маусымы басталар уақытқа қарай коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін тиісті отын қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру