Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Қарыз қаражатының қайтарылуына бақылауды күшейту керек

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Атырау» ӘКК директорлар кеңесінің жиналысына қатысып, аймақта жүзеге асып жатқан инвестициялық жобаларға бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Атырау» ӘКК ҰК» АҚ басшылық құрамымен жұмыс мәжілісін өткізді. Кездесу барысында облыс әкіміне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­сы­ның жұмысы таныстырылып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспары айтылды.
Корпорация құрылған 2010 жылдан бері мекеме кірісі 6,7 млрд теңгеге жеткен. «Атырау» ӘКК ҰК» АҚ басшысы Марат Түсіпқалиевтің айтуынша, 8 жылда 20 ірі жоба жүзеге асқан.
– Олар тауарлы сүт фермасы, жөн өңдеу зауыты, көкөніс өңдеу цехы, қойма жайлары, басқа да өндірістік орталықтар сынды ірі мекемелер. Бірақ кейбір кәсіпкерлер корпорациядан берілген қаражатты қайтаруға асықпай отыр, – деді Марат Түсіпқалиев. – Мұның әр түрлі себептері бар. Біз кәсіпкерге бизнесін дамытуға қажет қо­лайлы жағдай жасауға тырысып келдік, алайда кейбір қарыз алушылардың жауапкершілікке ықылассыз қарауы нәтижесінде бюджет қаражатының уақытылы қайтарылмау деректері тіркеліп отыр. Бұл өз кезегінде біздің құзырлы органдарға жүгінуімізге, қа­рыз алушыға қатысты шара қолда­нуымызға мәжбүр етуде.
Нұрлан Ноғаев директорлар ке­ңесіне инвестициялық портфельге бақылауды күшейтіп, қар­жылан­дырылған субъектілер­дің қыз­метіне белсенді қатысуды тапсырды.
– Біздің міндетіміз құр ақша бөліп отыру емес, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалау, – деп атап өтті әкім. – Сонымен қатар, кәсіпкерге негізгі мәселелер бойынша көмек көрсетіліп, кеңес беру керек. Бұл іске жергілікті атқарушы органдардың өкілдері – барлық деңгейдегі әкімдер, облыс әкімінің орынбасарлары, бас­қарма басшылары мен бөлім жетекшілері жұмылулары керек. ӘКК инвестициялайтын жобалар аймақ үшін өте қажет – жұмыс орындары құрылады, облыстың ауыл шаруашылығынан бас­тап құрылысқа дейінгі әр түрлі салаларының дамуына оң ықпал етеді. Қарыз қаража­тының қай­тарылуына бақылау да үнемі назарда болуы тиіс. Мұндай операциялар кезінде мемлекеттің міндеті – бизнестің дамуына инвестиция арқылы серпін беру, қаражат қайтарылғаннан кейін оны облысқа қажет басқа мекемеге салу керек.
Айта кетейік, қазір «Атырау» ӘКК аймақтың әлеуметтік саласында 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.

Жанат Азатова


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру