Валюта бағамы: $ 363.26 420.11 5.54 ¥ 52.45

Қаржыландырудың барлық көздері жұмыс істегені маңызды

Мамырдың алғашқы аптасында Парламент Сенатында еліміз экономикасының дамуындағы банк секторының рөліне арналған тыңдалым өтті. Оған Сенат депутаттары, Ұлттық банк басшылығы, Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері, нарық қатысушылары – банктер мен инфрақұрылымдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Жиында қаржы нарығы қаты­су­шы­ларының ұстанымы жайын­да «Атамекен» ҰКП бас­қар­­ма төрағасының орынбасары, Қазақ­стан қаржыгерлері қауым­дас­тығы төрағасының міндетін ат­қа­рушы Юлия Якупбаева баяндай келіп, банк секторының ел эко­номикасы дамуындағы рөліне тоқталды.

Несиелеу жүйесі қалпына келуде

Жиын мінберінен сөз алған спикерлер осыдан бірнеше жыл бұрын экономикалық жағдай айтарлықтай нашар болғанын, 2015 жылы валюта бағамының өзгеруі мен өзге де орын алған қолайсыз факторлар әсерінен эко­номикалық белсенділіктің бір­ша­ма әлсірегендігін атап өтті.
Осы ретте Қазақстан қаржы­герлері қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, бүгінде елімізде несиелеу жүйесі қалпына келуде. Тиімсіз, жұмыс істемейтін несиелермен жұмыс қолға алынды. 2017 жылы берілген несие көлемі 10%-ға артқан. 2015 жылмен салыстырғанда көмек қарыз көлемі 15,2%-ға өсті. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында 1,7 трлн теңге көлемінде несие берілген. Негізгі өсім мемлекеттік қолдау көрсетіліп отырған бағыттар – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік салаларына берілген несиелер бойынша байқалады.
– Осы ретте несиелеу деңгейі әлі де төмен екенін айта кеткен жөн. Несие портфелінің жалпы ішкі өнімге қатынасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең төмен деңгейге түсіп, 2017 жылы 28%-ды құрады, ал 2007 жылы бұл көрсеткіш 69%-ға тең болған. Бұған жалпы экономикалық жағ­дай, теңгеде ұзақмерзімді қар­жы ресурстарының жоқтығы, жоғары мөлшерлемелер әсер етуде, – деді Юлия Якупбаева.
Қазіргі таңда қорландыру базасы әлі қысқа мерзімді екенін ескере отырып, тұтынушылық несиелеу айтарлықтай өскенін көреміз. Компанияның айналым қаражатын толықтыруға несиелер белсенді берілуде. Бұл бағытта екінші деңгейлі банктер, өкінішке қарай, кәсіпкерлерге қажетті қар­жы­ландыруды толықтай қамта­масыз ете алмай отыр. Сонымен қатар, банк тарапынан несие беру үшін қойылатын талаптар банк қызметін реттеуді күшейтуге байланысты арта түскендігі белгілі. Осы орайда бизнесмендер, әсіресе ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер бұл талаптар үдесінен көріне алмай жатады.

Тәуекелге негізделген қадағалау, халықаралық қаржы есептілік стандарттары бойынша провизияларды қалыптастыру ұстанымдары іске асып, базельдік қатаң талаптар енгі­зілуде. Банктер салымшылар ал­дын­дағы жауапкершілігін арттыруда және сәйкесінше қарыз алушылар, кепілзаттар мен тәуекелдерді бағалау талаптары да қатаң. Осы шаралар жиынтығы әлеуетті қарыз алушылар санын азайтуы мүмкін.

Қаржыландыруға  қолжетімділіктіарттыру  мақсатында

Қазіргі күні Үкімет және Ұлттық банкпен бірлесіп, бизнес үшін қолжетімді мөлшерлемелер бойынша қаржыландыру базасын ұзарту тетіктерін әзірлеу мақсатындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Мемлекеттің қолдауынсыз биз­неске арналған несиелеу мөлшер­лемелері әлі де жоғары. Осыған байланысты «Бизнестің жол каратсы – 2020» бағдарламасы бойынша ай­қын­дық енгізу өте маңызды. Өңір­дегі кәсіпкерлер қаржы көздерінің тек бұрын қабылданған міндеттемелерге ғана жететінін, ал жаңа жобаларға ақша жетіспейтінін айтуда, – деді Юлия Якупбаева.
Сонымен қатар «Атамекен» бастамасымен Үкіметпен бірлесіп, бәсекеге қаблеттілікті арттырудың кешенді бағ­дарламасы талқылану үстінде. Бұл бағдарлама аясында тұрақты сұ­ранысқа ие импорт алмастыруға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің 9 басым секторын қамту ұсынылады. Олар – тамақ және жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, химия, фармация өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс материалдарын шығару. «Мемлекеттік қолдау бағдарламаларын қолдана отырып, бизнес өз міндетіне өндірісті жаңарту, оқшаулау, цифрландыруды алатын болады. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін оны қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ету керек», – деді Юлия Якупбаева.
Кәсіпкерлікті қаржыландырумен қатар, тағы бір өзекті мәселе – тұрғындарға несие бөлу. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы негізінде әзірленіп жатқан «7/20/25» қолжетімді ипотека бағдарламасында секьюриттеу меха­низмі пайдаланылады. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы­ның орынбасары атап өткендей, ипоте­калық несиелеуді сатып алудан гөрі, секьюриттеудің мүмкіндігі анағұрлым кең. «7/20/25» тұрғын үй несиелеу бағдарламасы шағын және орта бизнес, сондай-ақ бөлшек сауда банк портфельдерін секьюриттеу арқылы ұзақмерзімді қаржыландырудың тұрақты механизмін құруда қанатқақты жоба бола алады.

Банк саласы дамуындағы жаңа кезең

Қазақстан қаржыгерлері қауым­дас­тығы басшысы келтірген мәліметтерге сәйкес қолма-қол ақшасыз, атап айтқанда, карточкалар арқылы жасалған төлемдер саны 2,2 есе артып, 411 млрд теңгеге өскен. Карточкамен төлеу бойынша Алматы қаласы көш бастап келеді. Бұл тұрғыда өңірлердегі әлеует те жақсы екендігі байқалады. «Банктар тарапынан жаңа қызмет түрлерін ұсынуға қызығу­шылық өсіп келеді: бейінділік бағдарламасы кеңейтіліп, онлайн-қызмет көрсету мен смартфондарды қолдану мүмкіндігі артуда. Банктер төлем карталарын пайдалануда бонустар мен кэшбекті ұсыну арқылы клиенттерді ынталандырады. Сауда нүктелерінде QR-код немесе мобильді қосымша арқылы төлем жасау секілді нарық үшін мүлде жаңа қызмет түрі пайда болды», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.
Бүгінде Үкімет басшысының орын­­басары Асқар Жұмағалиевтің тап­сырмасы бойынша Қазақстан қар­жыгерлер қауымдастығының ұсы­нас­тары еліміздің қаржы секто­рын цифрландырудың 2018-2020 жыл­дар­ға арналған кешенді жоспары жобасының аясында әзірленуде. «Клиенттер жайында ақпаратты қашықтықтан сәйкестендіру, биаметрияны пайдалану, қауіпсіздік пен мемлекеттік деректер базасына қолжетімділік мәселелері. Осы мәселелерді шешу елімізде қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін дамытуға, несиелеуді арттыруға серпін беріп, қызмет көрсетудің жылдамдығы мен қолжетімділігін арттырады, алаяқтық пен шығындар салдарын азайтады», – деді Юлия Якупбаева.

Қор нарығы экономика өсуіне көмектеседі

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­тығының басшысы экономиканы қаржыландыру ісіне банктермен қатар қор нарығы да қатысуы керектігін атап өтті. Сондықтан қор нарығын дамытуды жалғастыру керек. Осылайша секьюриттеу, қаржы жүйесіндегі тәуекелдерді басқару мәселелерін шешіп, инвесторлық базаны қалыптастыруға болады.
Юлия Якупбаева трансшека­ралық бәсекелестіктің артуы жағ­дайында талаптарды күшейтудің орнына дамытуды ынталандыру, өнеркәсіп саясатының тиімді алгоритмін әзірлеу қажеттігін айтты. Ұзақмерзімді инвестициялық несиелеуді өсіру үшін тұрақты ұзақ мерзімді қорландыру базасын қалыптастыру маңызды. Оған секьюриттеу мен валюталық тәуекелдерді сақтандыру тетіктерін енгізу жөн. Сөзін қорытындылай келіп, «Экономикаға инвестициялар тарту тетіктерін тек банктік несиелеу арқылы шектеудің қажеті жоқ. Бизнестің түрлі категорияларына арналған қор нарығы мен тікелей инвестициялар қорынан бастап шағын несиелеуге дейін каржыландырудың барлық көздері жұмыс істегені маңызды», – деп түйіндеді спикер.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру