Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Бестөбе су қоймасының келешегі қандай болмақ?

Жерден шыққан су жан-жаққа таралуда

Мемлекет басшысының 2010 жылғы Жолдауында маңыз берілген Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын ірі нысан – Алматы облысындағы Бестөбе су қоймасы және Мойнақ су электр станциясы болды.

Бестөбе су қоймасының құрылы­сы 1985 жылы басталып, 2011 жылдың аяғында пайдалануға берілген болатын. Нысанның осынша ұзақ уақыт салынуы қаржының жетіспеуіне, Ке­ңес одағының ыдырауына, басқа да себептерге байланысты болғаны аян.
Аталған су қоймасы Алматыдан 250 км қашықтықта, 1 770 биіктікте таулы жерде орналасқан. БСҚ Мойнақ СЭС-ін сумен қамтамасыз ететін аса маңызды нысан болып саналады. Мойнақ СЭС-і қазір 300 мегаваттан астам қуат көзін өндіріп келеді. Негізінен, Мойнақ СЭС-нің қуаты 1 027 млн кВт/сағатқа дейін өнім өндіру мүмкіндігі бар. Бұл елімізде деривациялық (тоннельдік) үлгіде салынып отырған тұңғыш электр станциясы.
Су қоймасының жалпы көлемі – 238 млн текше метрді, пайдалы аумағы 198 млн текше метрді құрайды. Жалпы ұзындығы – 150, ал ені 1 шақырым. Су қоймасы құрылысын қазақстандық «Kerneu Limited» компаниясы жүзеге асырды.
Бүгінде Шарын өзенінде БСҚ-ның гидротехникалық нысанының құрылысы жұртшылықтың мазасын қашырған көкейкесті мәселеге айналып отыр. Жергілікті тұрғындар БСҚ-ның келешегі үшін ғана толғанып қоймайды. Олар туған өңірде кез келген сәтте орын алуы мүмкін апат қаупіне алаңдаулы. Осы өңірдің тумасы болғандықтан, бұл жайтқа мен де бей-жай қарай алмаймын.
Құжаттық мәліметтерге жүгін­сек, құрылысты жүргізуші мерді­гер компания – Қытайдың су шаруа­шылығы мен энергетика жөнін­дегі халықаралық корпорациясы негізгі құрал-жабдық пен құрылыс құрылғы­ларының сапасы мен беріктігіне 20 жылдық кепілдік берген. Алайда, жеті жыл өтпей БСҚ жұмысында көптеген кемшіліктер орын алып отыр. Құрылыстың өзін-өзі ақтау мерзімінің ұзарып бара жатқандығы өз алдына, су қоймасының орталық бөлігінің тұсы, сол жақ жағалауынан Кеңсу ауылына қарай тесіп шыққан су маңайдағы зиратты су шайып кетіп, ол көшірілді. Одан соң үш ай бойы нақты су арнасы бекітіліп, оны салуға қомақты қаржы жұмсалса да, қазірде су басқа арнамен ағып жатыр. Ол ол ма, осы судың ағысы бағытымен Кеңсудың төменгі шат­қалына қарай әр жерден тесіліп шыққан су үлкен батпақты сазға айналған. Ал бұл жайылымды жер болғандықтан малдар сазға батып жатыр. Оған қоса, ми батпақтың деңгейі күн өткен сайын көтеріліп келеді. Су қоймасын қызықтап көргісі келген туристердің джип машиналары да сазға батып, жай көлікпен сүйреп шығару мүмкін болмағандықтан, Ал­матыдан жүк көтергіш кранын ша­қыруға мәжбүр болуда. Тағы бір толғандыратын жайт, БСҚ алдында 20 млн текше тас пен құмнан су тоқтататын алып бөгет тұрғызылған. Бөгеттің су ағысы бағыты бойынша сол жағынан әр жерден, сай-саладан су шығып, бұл жардың пайда болуына, одан соң жердің көшуіне әкелді. Екі-үш жылдың көлемінде осы маңда төрт-бес адам бұрғылау жұмыстарын жүргізген-ді. Дегенмен, ешбір өзгеріс жоқ.
Осылайша, су қоймасының суы әр жерді тесіп шығып, жан-жаққа таралуда. Ал бұл жағдайдың Көлсайдағы оқиғаны қайталамасына кім кепілдік береді?! Алла өзі сақтасын, егер апат бола қалса, жиналған судың ағысына ешкім тосқауыл қоя алмайды. Бұл жерде жер сілкінісі жиі болып тұрады. 1978 жылы 7-8 балдық жер сілкінісі болғанын ескерсек, қалыптасып отырған жағдай өте қауіпті.
2014 жылы Астанада Қазақстан-Қытай iскерлiк кеңесiнiң отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ мен Қытайдың халықаралық су шаруашылығы және энергетика корпорациясы арасында Кеңсу өзенінің арнасын Бестөбе су қоймасына бұруды қарастыратын әріптестік туралы меморандумға қол қойылған. Бұл қандай жоба? Дәл қазір Кеңсу өзеніндей су қоймадан кетіп жатыр. Жоқтан бар жасаймыз деп, барымыздан айырылып бара жатсақ, бұл жобаның дұрыстығына қаншалықты сенім артуға болады? Ендеше Кеңсу өзенінің арнасын Бестөбе су қой­масына бұрудың ешбір қажеті жоқ!
Жалпы алғанда, Шарын макро­геожүйесінің табиғи ресурстарын қар­қынды пайдалану, олардың сапа­­сының нашарлауымен және кей­бір жағдайларда сарқылуымен немесе жойылып кетуімен бірге жүріп жатқан жайы бар сияқты. Кішігірім Кеңсу сияқты өзендердің тозуы мен қалпына келтіру мәселесі гидрогеологиялық жағдайға байланысты болатыны анық. Ендеше Шарын өзенінің бассейнінде гидро­геологиялық және су ресурстарын басқару әдісі түрлі экологиялық үрдістердің жиынтығымен астасуда.
Қиыны – су жинау аймағында жер үсті және жер асты суларын қор­ғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырудың экономикалық маңызды­лығын, ұйымдастырылмаған ағынды суды жою немесе ластау және су объектілеріне ластаушы заттардың таралу жағдайларын жеткілікті дәре­жеде түсінбеу. Сондықтан осындай түсінбеушілікке жол бермеу үшін су объектілерін және су ресурстарын басқаруды жетілдіру бойынша барлық экономикалық шараларға бассейн­дік және геосистемалық көзқарасты зерт­теп, дамыту қажет.
Экологиялық факторларды ескере отырып, ақылы суды пайдалану және су технологияларын енгізу, суды бұру, табиғи және сарқынды суларды тазарту механизмдері су объектілерін зерттеуді, пайдалануды және қорғауды реттеудің теориялық негізін құрайды. Осылайша, табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың, қорғаудың, және молайтудың эконо­микалық механизмдерін енгізу ма­ңызды фактор болып табылады.
Ғалымдардың ғылыми зерттеу­лері­нің нәтижелері бойынша, қазіргі кезде Шарын макрогеожүйесінің ланд­шафтық мониторингі эколо­гия­лық жағдайды басқару бойынша шешімдер қабылдаудың маңызды ақпараттық және аналитикалық құ­ралы болып табылады, оның басты мақсаты – экологиялық тәуекелді азайту.
Шарын макрогеожүйесінің су объ­ектілерін бақылау жүйелерінің рөлі, әсіресе, нарықтық экономика­дағы су­ды басқару мен мелиорациялық ша­раларға байланысты арта түседі.
Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере келіп, мынадай қорытынды жасауға болады: Шарын өзенінің бассейніндегі Бестөбе су қоймасы мен Мойнақ СЭС-нің гидротехникалық құрылыстарында болып жатқан қа­зіргі жағдай халыққа қауіп төн­діреді. Сондықтан үлкен селдің болмауын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін бөгетті біртіндеп жіберіп, жуық арада құрылыс жұмыстарын қайта бастау қажет. Өйткені, апат алдындағы жағдайда кешігу деген атымен болмауы тиіс.
Сөзімнің дәлелі ретінде тағы бір жағдайды еске салғым келеді. Бөгетке таяу маңда Кеңсу шатқалы жағынан арнайы тас пен құм алу үшін карьер жасалған. Менің ойымша, Кеңсу шатқалын басып жатқан су осы карьердің астынан өтіп жатыр. Қысқасы, біз бұл жерден 20 млн текше тас пен құмды алып, бөгеттің жолын аштық. Енді оны қалпына келтіре алмаймыз. Сондықтан бұл мәселеге үкіметтік деңгейде шұғыл әрекет етіп, жауапты азаматтар­дың Бестөбе су қоймасы мен Мойнақ СЭС-нің жағдайымен, Шарын ма­кро­­геожүйесінің табиғи және ре­сурс­тық әлеуетін пайдаланатын субъ­­ектілердің қызметімен танысып, қа­­жетті ше­шім­ді қабылдауын өті­немін.

Бақытқан ДӘУЛЕТБАҚОВ,
Алматы облысы
Райымбек ауданының
құрметті азаматы,
экономика ғылымдарының
докторы, профессор


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру