Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Кеден мәселелері талқыланды

Жақында «Атамекен» ҚР ҰКП төралқасы Логистика және тасымалдау комитетінің 20-шы отырысы өтті. Отырысқа комитет төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко төрағалық етіп, жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, комитет мүшелері, салалық қауымдастық өкілдері, бизнес-қоғамдастық және мемлекеттік органдар қатысты. «Астана-1» кедендік ақпараттық жүйесінің жұмыс нәтижелері күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналды.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік бақылау басқармасының сарапшысы Жарқынбек Дәдікбай жаңа жүйенің бірқатар артықшылықтарына тоқталып өтті. «Осы уақытқа дейін қолданыста болған бағдарламалармен салыстырғанда жаңа формат арқылы декларацияны жасыл дәліз бойынша автоматты түрде тіркеп, автоматты түрде шығаруға мүмкіндік береді.

Бұл арқылы сыбайлас жем­қорлық қаупін төмендетуге болады. Себебі, рәсімдеу жүргізу барысында кедендік тіркеу қызметкері мен сыртқы экономикалық қыз­мет қатыс­ушылары арасында ті­келей қарым-қатынас болмайды. «Астана-1» жаңа жүйесі декларацияны өңдеу мен шығаруға кететін уақытты қысқар­тады», – деді Жарқынбек Дә­дік­бай. Жүйе кезең-кезеңмен іске қосылды. Бірінші кезеңде «Кедендік транзит» қосалқы жүйесі қолға алынды. Аталмыш қосалқы жүйе шекарадан өткізу мәселесі бойынша кедендік рәсімдерді жүргізуді қамтамасыз етеді. Қазіргі күні тапсырылған транзиттік декларациялар саны 223 мыңға жетті. 1 қаңтардан бас­тап «Экспорт» кедендік рәсімі ен­гізіліп, декларациялардың 97%-ы автоматтандырылды. Биылғы жыл­дың 1 сәуірінен импорт және өзге кедендік рәсімдер бойынша «Ке­дендік декларациялау» қосалқы жүйе­сі толық қолданысқа берілді. Бү­гінгі уақытта 32,5 мың тауарға де­кларациялар өңделді. Жиын қа­тысушылары Ресейде жаңа жоба іске қосылып, 1 шілдеден бастап автомобиль көліктеріне электрондық пломбалар қойылатынын айтты.
«Бірінші кезекте осы бастама арқылы көлікті бірнеше рет тексеруден арыламыз деп күтілген. Нәтижесінде олай болмайын деп тұр. Рәсім тек біржақты өткізілетін болса, бұл үдеріс біздің бизнеске кедергі келтіреді. Кеден органдары аталмыш мәселені талқыға салды ма?», – деп қызығушылық білдірді Юрий Лавриненко. Мемлекеттік кірістер комитеті электронды плом­­балардың жүк көліктеріне ілінетінін, осылайша Ресейден тасымалданатын жүк ҚР кеден органдарына дейінгі аралықта тек­серілмей өтетіні жайында хабарлады.
«Қазақстаннан Ресейге жол тартқан көлікке пломбаларды ілу ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мін­деті болады. Қазіргі таңда Қор­ғас-Алматы бағыты бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Осылайша көлік қозғалысын физикалық сүйемелдеусіз-ақ бақы­лауға мүмкіндік болады», – деді Жарқынбек Дәдікбай.
«Астана-1» жүйесінің Кедендік одақ заңнамасына сәйкес келмеуі өзекті мәселе болып отыр. «Атамекен» ҰКП Кедендік әкім­ші­лік департаменті директорының орын­басары Ирина Аңсарова құ­жат­таудың көптеген бағандары нұсқаулыққа сәйкес толтырылмайтынын айтты. «Атамекеннің» бастамасымен Мемлекеттік кірістер комитеті нұсқаулық әзірлеп, бағ­дар­ламаның барлық қайшы­лықты тұстары айқындалды. Қазіргі уа­қытта нұсқаулық ҚР Әділет ми­нистрлігінің тіркеуіне жіберілді. Бизнес пен мемлекеттік орган өкілдері ашық түрде ақпарат алуы үшін нұсқаулық барлық өңірлерге таратылып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында жарияланатын болады.
«Атамекен» аталмыш мәселені Мемлекеттік кірістер комитетімен белсенді түрде қолға алуға дайын. Бизнес өкілдерін сыртта қалмай, белсенді атсалысып, өз ұсыныстарын ҰКП жіберуді сұраймыз», – деді Елдос Рамазанов.
Отырыс нәтижесінде қатысу­шылар «Астана-1» жүйесінің жұ­мы­сына байланысты бірқатар ұсы­ныстар айтып, ол ұсыныстарды «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкер­лер палатасы ҚР Қаржы минис­тр­лігінің Мемлекеттік кірістер ко­митетімен бірлесе қарап, жү­зеге асыратын болады. Сонымен қатар, талқылау барысында «Атамекеннің» 2018 жылға мін­деттерін жүзеге асыруға байланысты келісімшартқа отыру аясында салалық қауымдастықтардың жұ­мыс жоспары бекітілді.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру