Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Таныс болыңыз: зияткерлік көлік жүйесі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУкафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Кедей болсаң – көшіп көр» – дейді халық нақылы. Ал, көшу үшін көлік қажет. Статистика қазақтың көші көлікті болып келе жатқанын көрсетуде, деректерге сәйкес елімізде 2017 жылы 5,3 млн. көлік құралы тіркелген, бұл 100 адамға шаққанда 29 бірліктен келеді, дегенді білдіреді. Яғни, халықтың үштен біріне жуығының жеке көлік құралы бар, деп айта аламыз. Әлемде бұл көрсеткіш орташа есеппен 14-тен келеді, АҚШ-та – 79,7; Еуропа одағында – 48,0; Тәуелсіз мемлекеттер достастығында – 16,2. Халықтың автомобиль алу үдерісі жеделдеп, автокөлік қызметінің рөлі артып келеді. Жыл сайын ішкі жалпы өнім құрылымында көлік секторының үлесі 8 пайызды, сонымен бірге саланың өсуі кем дегенде 4 пайызды құрап отыр.
Тіркелген автокөлік құралдарының көптігі қала­лардағы қоғамдық көліктің тиімді жұмысына және тұтастай алғанда көлік ағынын басқаруға қиындық тудыруда. Автокөлік жолдарын талапқа сай күтіп ұстау және сақтау мәселесі басым міндеттердің бірі саналады. Осыған байланысты халықаралық тәжірибе негізінде зияткерлік көлік жүйесінің 8 базалық бөлігі айқындал­ған, республикалық деңгей 4 негізгі жүйеден тұрады. Бірінші жүйе – ақылы жолдарда төлем алу және жинау, жолаушыларды жол жағдайы туралы ақпараттандыру желісі. Биыл жалпы ұзақтығы 469 шақырым болатын Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде төлем жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жалпы ұзақтығы 5 мың 500 шақырым болатын 13 учаскеде ақы алу жүйесін жобалау жұмыстары аяқталуда. Жалпы, 2020 жылға дейін 16 автожол учаскесіне ақы алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Мұнымен бірге мобильді қосымшаны әзірлеу, жол жүру кезінде байланыссыз төлем алу үшін RFID белгілерді және бейне камераларды, метеорологиялық өлшеу құралдарын, жүргізушілер үшін ақпараттық тақталарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Келесі жүйе – жүріп келе жатқан көлік құралдарын өлшеуді және жол жүру рұқсатын электронды тіркеуді қамтамасыз ететін автоматтандырылған арнайы өлшеу құралдары. 2017 жылы ауыр салмақты жүктерді тасымалдауға 44 мың 413 арнайы рұқсат берілді. Сонымен қатар осындай жүктерді тасымалдауда 7 мың 364 құқық бұзушылық фактілері анықталды. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын қолданған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бір жыл ішінде құқық бұзушылық фактілері 50 пайыздан 85 пайызға дейін төмендеген. Бұл автомобиль жолдарын күтіп ұстауға оң әсерін тигізеді.
Биыл осындай 12 жүйе іске қосылмақ және 2020 жылға дейін оның санын 46-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, бұл жүйені қолдану жолдардағы кедергілерді жояды және көлікті бақылау органдары мен жүргізуші арасында байланыс болмайды. Келесі жоба – жол активтерін басқару жүйесі. Бұл жүйе жолдардың жағдайы туралы егжей-тегжейлі мәліметтер негізінде жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын атқаруға бөлінген шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. 2017 жылдың 1 қазанынан бастап жүйенің модульдерін кезең-кезеңімен іске қосып, ақпараттық жүйелермен кіріктіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ осы жүйенің мүмкіндіктерін іске асыратын «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығын» құру туралы заңға тиісті өзгерістер енгізу қолға алынған. Жүйені енгізу нәтижесінде 2025 жылға қарай жол жөндеу мен күтіп ұстау шығындарын оңтайландыру есебінен 110 млрд. теңге көлемінде экономикалық тиімділік болады, деген болжам бар.
Жыл сайын шамамен 60 мың ауыр салмақты, ірі көлемді және қауіпті жүк тасымалдары жүзеге асырылады. Халықаралық және өңіраралық байлыныстағы жолаушылар тасымалының саны 44,3 млн адамды құрайды. Осындай тасымалдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде диспетчерлік қызметті және маршруттың сақталуына онлайн мониторинг жасау жүйелерін енгізудің маңызы зор. Бұл жүйе жеке қаржылық бастама негізінде әзірленуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы үшін бастамашы тарап бизнес-жоспар мен басқа да қажетті құжаттарды, сондай-ақ жүйе архитектурасын дайындап жатыр. Жоғарыда айтылған зияткерлік көлік жүйесінің бөліктері республикалық деңгейге жатады. Бұл жүйені қалалық зияткерлік көлік жүйелеріне кіріктіру мақсатында мүдделі мекемелер «Зерде» ақпараттық-коммуникациялық холдингімен бірлесіп, бірқатар жұмыс атқарды. Осының нәтижесінде өңірлік деңгейде 4 жүйе-компонент анықталды. Оның екеуі барлық облыс орталықтарында енгізіледі. Мұның алғашқысы – фото мен видео арқылы анықтау жүйесі рұқсат беру белгілерін, жылдамдық режимін, тоқтау ережелерінің сақталуын және жалпы қаладағы қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Екіншісі – жолау­шылар көлігіне мониторинг жасау және электронды билеттермен қамтамасыз ету жүйесі. Бұл жүйе көлік құралдарының қозғалысын, маршруттың белгіленген жолынан ауытқуын қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Ал үшінші, камералар мен қозғалыс датчиктері негізінде бағдаршамдарды басқару арқылы қиылыстардан өту қабілеттілігін арттыруға арналған жол қозғалыстарын басқару жүйесі көлік жағдайларын 15-30 минут бұрын болжау арқылы тиімді басқаруды ерте іске асыра алады. Соңғы, тұрақтарды басқару жүйесінің басты функциясы жалпы қалалық және көліктік жағдайды қалыпқа келтіру үшін үлкен қалалардың тұрақ орындарын пайдалануды оңтайландыру болып табылады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру