Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Алдын алған абзал

Астанада XIII HR халықаралық конференция шеңберінде «Жаңа замандағы Қазақстан: Industrial relations» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік секция өтті. Іс-шараны жүргізген – Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының өкілдері Ербол Исмаилов және Әлия Назарбаева.

Сарапшылардың қатарында та­рих ғылымдарының докторы, «BISAM Central Asia» прези­денті Леонид Гуревич, әлеумет­тану ғы­лым­дарының докторы, Ресей мемлекеттік әлеуметтік универ­ситетінің профессоры Валентин Шаленко, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қыз­мет­керлер жөніндегі директоры Анна Адом. Қатысушылар төр­тін­ші өнер­кәсіптік революция зама­нын­дағы әлеуметтік-еңбек қатынас­та­рының өзекті мәселе­лерін талқы­ға салды.
«Еңбек ұйымы тірі организм іспеттес. Ол да кез келген адам сияқты сырқаттанып қалуы мүмкін. Әрине, аурудың салдарымен де күресуге болады. Алайда мұндай ем шараларының тиімді болуы екі­талай. Еңбек ұжымына емдеуден гөрі, алдын алу шаралары пайдалы. Тәжірибелі жетекшілер осыны бұрыннан біледі», – деп атап өтті дау-жанжалдардың табиғатын зерт­теуші профессор Валентин Шаленко.
Еңбек дауларының алдын алу­дың үздік тәжірибесі ретінде мамандар «Әлеуметтік тұрақтылық индексі» зерттеу әдістемесін ерекше атап көрсетті. Бұл зерттеулерді Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында бес жылдан бері өткізіп келеді.
«Зерттеу нәтижесінде қолға алынған іс-шаралар өндірістегі еңбек шарттарын жақсартуға сеп­тігін тигізді. Осының арқа­сында еңбек ұжымдарының бас­шылыққа деген сенімі 20 пайыз­ға артты. 2013 жылы бейілді қызметкерлердің үлесі 68% болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 80% дейін жеткен. Егер біз алғашқы екі жылда еңбек шарттарын жақсарту қажеттлігін анықтасақ, соңғы екі жылдың ішінде біз коммуникацияларды жүйелі түрде жүргізудің және кәсіподақтармен қарым-қа­тынастарды нығайтудың қажет­ті­лігін байқап отырмыз», – деп мәлімдеді Орталықтың басқарушы директоры Сандуғаш Искендирова.
«Жаңа замандағы Қазақстан: Industrial relations» панельдік секциясына сонымен қатар KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов, ірі өндірістік компаниялардың әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі мамандар қатысты.
Өзара пікір алмасу нәтижесінде сарапшылар бірыңғай қорытынды жасағандай. Олардың айтуынша, Қазақстанда жанжалдардың алдын алу және жою, сондай-ақ әлеуметтік зерттеулерді үйлес­тіру мә­селелерімен айналысатын сарап­тамалық орта­лықты құру қажеттілігі туындап отыр. Осыған сәйкес, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы алдағы уақытта өз қызметін жетілдіру жолдарын қарастыруды көздейді.

Ғалым ОМАРХАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру