Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Түйткілдердің себебін талдау маңызды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экспорттық саясат және экспорттаушыларды қолдау мәселесі қаралды. Сондай-ақ тұтынушылардың құқығын қорғау, көлік және логистика саласын цифрландыру жайы сөз болды.

Биыл экспорттың оң үрдісі сақта­лып келеді. Жыл басынан бері еліміздің экспорты 8,8 млрд доллардан асқан. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 27,4 процентке, яғни 6,9 млрд долларға артық. Жиында отандық тауарларды шетелге шығару бойынша есеп берген инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек сыртқы саудадағы түйткілдерге тоқталып, бұл бағытта жасалуы қажет шараларды алға тартты.
2013-2017 жылдар аралығында Қа­зақ­станның жалпы экспорт көле­мін­дегі өңдеу өнеркәсібі экспор­ты­ның үлесі 23 проценттен 32 процентке дейін өскен. Сыртқы сауда айналымы 25 процентке артып, 69,5 млрд долларға жетті. Экспорт 30 процентке өсіп, 48,3 млрд долларды құрады. Тауарларды өткізудің негізгі нарықтары – Қытай, Еуразиялық және Еуропалық одақ елдері. Экспортты ілгерілету үшін мемлекет тарапынан нақты көмек көрсетілуде. Жыл сайын 40-тан астам экспорттаушы қаржылай қолдау, 400-ден астам экспорттаушы сервистік қолдау алады. Соңғы жеті жылда экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсету аясында 2 млрд доллардан астам сомаға 1 800 өндіруші экспорттық келісімшарт жасасты.
Экспорттық стратегия бойынша 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есеге ұлғайту көзделген. Бұл жоспарды ойдағыдай жүзеге асыру бірқатар мәселелерді шешуді талап етеді. Біріншіден, мем­лекеттік органдар мен бизнес-қауым­дастық сауда-экономикалық келі­сім­дердің негізгі ережелерін дұрыс пай­даланбай жүр. Бұл тұрғыда негізгі экс­порттаушы елдер – Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Түркия, Өзбекстан, Белоруссия, Украина, Қырғыз­стан ел­дерімен екіжақты сауда келісім­дерінің бүгінгі жағдайын баға­лау­мен келісім бойынша міндеттерді іске асыру керек. Осы елдермен үкіметаралық комиссиялардың отырыстарына күн тәртібіндегі мәселелерді енгізіп, жол карталарын әзірлеу қажет. Екіншіден, шет елдерде біздің экспорттық-промоутерлік қолдау жүйесі – сауда өкілдік желісі дұрыс дамымаған. Бұл өз кезегінде жаңа нарықтарға кіруге қиындық тудыруда. Сондықтан экс­порт­тық стратегия аясында шет елдерде өкілдіктер ашу шараларын жалғас­тыру маңызды.
Негізінен қазіргі таңда ауыл шаруа­шылығы өнімдері экспортының таралу аймағы кеңейе түсті. Қытай на­рығы балық өндірісіне, қой шаруа­шы­лы­ғы­на, ара шаруашылығына және жыл­қыға, сондай-ақ бидайға, кебек пен соя бұршағына ашық. Ал Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмір­лік­теріне ет пен ет өнімдері экспортталады.
Тақырыпты түйіндеген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев экспортта оң қарқын байқалатынын атап өтті. 800 позиция бойынша тауарлар 122 елге экспортталуда. Осы бағытта Инвестициялар және даму министрлігіне жуық арада жол картасын дайындап, Экспорттық саясат жөніндегі кеңестің келесі отырысында атқарылған жұмыстар туралы есеп беру тапсырылды. Сондай-ақ қазақстандық экспорттаушылардың бас­қа елдер­мен еркін сауда туралы екі­жақты келі­сімдерде көрсетілген жеңіл­діктерді қан­­шалықты тиімді пайдаланатынын тал­дау қажет.
Отырыста қаралған келесі мәселе – жылдық есеп аясында тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау жайын ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­менов баяндады. Мемлекеттік орган­дардың ақпараты бойынша, өткен жылы тұтынушылардың 23 мыңнан астам өтініші түсті. Оның көп бөлігі Ұлттық банкке келіп түскен. Мәселе­лердің сипаты бойынша өтініштердің басым бөлігі қаржылық қызметтерге, денсаулық сақтау, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы, бөлшек сауда са­лаларына қатысты болып отыр.
Медициналық қызметтер тұрғысы­нан тұтынушылардың құқықтарын қор­­ғау бойынша атқарылып жатқан жұ­мыс­тар туралы есеп берген денсау­лық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуынша, өткен жылы 229 жеке тұлға, 87 лауазымды тұлға және 23 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Өнімдердің қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша 1300-ден астам ұйғарым берілген. 1024 әкім­шілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 415 сот шешімі қабылданған. Сауда кәсіпорындарында 40 тоннадан астам өнім сатылымнан алынып тасталды.
Министрдің айтуынша, жалған өні­мнің басым бөлігі сүт және май өнім­деріне тиесілі. Осы салада өсім­дік майы бар өнімдер табиғи өнім ре­тінде сатылған. Тауарлардың көбісі негі­зінен Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Франциядан келеді екен.
Сақтандыру проблемалары бойынша көптеген сұрақтар туындайды. Оларды Ұлттық банкпен бірлесе отырып реттеу керек. Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне мем­ле­кеттік органдармен және өңірлер­дің әкімдіктерімен бірлесіп, көтерілген бар­лық мәселелерді пысықтауды тапсырды.
Жиында назар аударылған келесі тақырып – транспорт пен логистиканы цифрландыру барысын инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек баяндады. Өткен жылы елімізде 5,3 млн көлік тіркелген. Қалаларда көліктің тым көптігі жолдардың жиі тозуына әкеледі. Сондықтан ақылы жолдарды іске қосу, жүйені автоматтандыру, жолдың жағдайын анықтайтын техни­калық құралдар кешенін құру жоспарлануда. Бұл шаралар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға оң әсерін тигізеді. Биыл осындай 12 жүйе іске қосылса, 2020 жылға дейін құрылғылар саны 46-ға жеткізілмек. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 469 шақырым болатын Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас учаскелерінде төлем жүйесі енгізіледі.
Ақылы жолдарды пайдаланудағы қа­ра­жаттарды жинау қазынаға жыл сайын – 30 млрд теңге, қозғалыс ке­зін­дегі көлік құралдарын өлшеу жүйесінен – 44,7 млрд теңге, жол активтерін басқару жүйесінен – 110 млрд теңге, сондай-ақ E-freight жүйесінен 15 млрд теңге қаржы түседі деп күтілуде.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру