Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Тоқсандық нәтижелер пысықталды

KAZ Minerals Тобы 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы өндірістік іс-қызметін қорытындылады.
Бірінші тоқсанда KAZ Minerals Тобы 67,3 мың тонна (мұнда және одан әрі – концентраттағы ақысы төленетін металл және Ақтоғайдағы оксидті кеннен өндірілген катодты мыс) мыс өндірді.
Бұл бұған дейін тоқсанмен салыс­тырғанда 3 пайызға (2017 жыл­дың 4-тоқсаны – 65,2 мың тонна), ал 2017 жылдың бірінші тоқсанымен са­лыс­тырғанда 29 пайызға көп (52,1 мың тонна). Өндіріс көлемінің артуы Бозшакөлдегі және сульфидті кендерді өңдейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасындағы өсімнің арқасында қол жетіп отыр. Компания барлық металдар бойынша 2018 жылға жоспарланған көрсеткіштерге жету жолында. 2018 жылы мыс өндірісі 270-300 мың тонна көлемінде болады деп көзделген.
Павлодар облысында орналас­қан Бозшакөл КБК-де 2018 жылдың бірінші тоқсанында 26,9 мың тонна (мұнда және одан әрі – концен­траттағы ақысы төленетін металл) мыс өндірілді. Мұндай 20 пайыздық өсім кен өңдеуді 10 пайызға арттыруға, бөліп алу коэффициентінің жақса­руына жә­не кендегі мыстың орташа мөл­шерінің жоғары болуына байланысты. Былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда мыс өндірісі 17 пайызға артты. Соңғы көр­сеткіштер жыл бойында өңделген кеннің құрамындағы мыстың азаятындығына қарамастан, 95-105 мың тонна мыс көлеміндегі жылдық жоспарлы аралықтың қолжетімді екенін көрсетіп отыр.
Алтын өндірісі 29 пайызға артып, кендегі металдың жоғары мөлшерінің және бөліп алу коэффициентінің жоғары болуының арқасында 36 мың унцияға жетті (2017 жылдың 4-тоқсаны – 27,9 мың унция). 2018 жылы өндіріс көлемі 115-125 мың унция көлемінде болады деп жоспарланған. Кендегі алтынның мөлшері біртіндеп азаяды. Бозшакөлдегі кен қазу көлемі 37 пайызға артып, 8,136 млн тоннаны құрады (2017 жылдың 4-тоқсаны – 5,952 млн тонна). Оны кен байыту фабрикаларында өңдеу көлемі 10 пайызға ұлғайып, 6,674 млн тоннаға жетті (2017 жылдың 4-тоқсаны – 6,06 млн тонна). Сульфидті кендерді өңдейтін байыту фабрикасы 95 пайыздық орташа өткізу мүмкіндігімен жұмыс істеп, айтарлықтай техникалық қыз­мет көрсетуге тоқтаған жоқ. Диір­мен­дердің қаптамасын ауыстыру 2018 жылдың екінші және төртінші тоқсандарына жоспарланған. Каолин балшығы бар кендерді өңдейтін байыту фабрикасы ұзақ мерзімді тех­никалық қызмет көрсетуде болған­дықтан, оның өткізу мүмкіндігі аталмыш тоқсан аясында 82 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеді.
Шығыс Қазақстандағы Ақтоғай КБК-де 2018 жылдың бірінші тоқса­нында сульфидті және оксидті кендерден 26,4 мың тонна мыс өнді­рілді. Бұл бұған дейінгі тоқсан­мен салыстырғанда 2 пайызға артық болса, былтырғы жылдың бірінші тоқ­санымен салыстырғанда 122 пайызға көп. Сульфидті кеннен мыс өндіру бірінші тоқсанда кендегі мыстың жоғары мөлшері мен бөліп алу коэффициентінің арқасында 21,1 мың тоннаға жетіп, 9 пайызға өсті (2017 жылдың 4-тоқсаны – 19,3 мың тонна). Жылдық жоспарлы өндіріс көлемі – 90-105 мың тонна.
Оксидті кеннен 5,3 мың тонна катодты мыс өндірілді (2017 жылдың 4-тоқсаны – 6,7 мың тонна). Бұл төмендеу маусымдық сипатқа ие, бірінші тоқсандағы қысқы ауа температурасы ең төменгі деңгейге жеткен. Ал былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырсақ, 2017 жылы оксидті кенді өңдеу кешеніндегі өндірісті арттырудағы ілгерілеудің арқасында, есептік кезеңде 13 пайызға артық. 2018 жылдың жоспарлы межесі – 20-25 мың тонна.
Бірінші тоқсандағы кен өнді­рі­сінің көлемі 31 пайызға артып, 8,474 млн тоннаға жетті (2017 жылдың 4-тоқсаны – 6,47 млн тонна). Бұған се­беп оксидті кеннің өндірісі ұлғайды. 2017 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғандағы өсім 41 пайызды құрап отыр. Себеп: 2017 жылы іске қосылған сульфидті кендерді өңдейтін фабрикадағы өндіріске арналған сульфидті кендердің өндірісі артты. Наурыз айында сульфидті кендерді өңдейтін кен байыту фабрикасының өткізу мүмкіндігі 76 пайыз шамасында болды.
«Шығыстүстімет» ЖШС-нің (Шы­­­ғыс Қазақстан облысы) кәсіп­орын­­дарында және Қырғызстан­дағы Бозымшақ кенішінде мыс өндірісі 16 пайызға азайып, 14 мың тоннаны құрады. 2017 жылдың төртінші тоқсанында бұл көрсеткіш 16,7 мың тонна еді. Бұл төмендеу Николаев кен байыту фабрикасындағы жоспарлы 50 күндік тоқтауға байланысты орын алды. Бұл кезеңде Артемь­ев шахтасының кені жинақталып, жылдың кейінгі кезеңдерінде фабри­каның жүктемесін арттыру үшін қой­мада сақталды.
2018 жылға жоспарланған мыс өндірісінің көлемі – 65 мың тонна. Кен өндірісі 959 мың тоннаны құрады. Бұл бұған дейінгі тоқсанмен салыстырғанда 2 пайызға аз, дегенмен былтырғы жылдың бірінші тоқсанына сәйкес келеді. Бірінші тоқсанда ілеспе өнімдердің өндірісі жоспарға сәйкес болды. Концентраттағы мырыш өндірісі 20 пайызға артып, 14,2 мың тоннаға жетті (2017 жылдың 4-тоқсаны – 11,8 мың тонна). Бір жыл ішінде 60 мың тонна концентраттағы мырыш өндіру жоспарланып отыр.
Өткен тоқсанмен салыстырғанда бірінші тоқсанда алтын мен күмістің өндіріс көлемі 5 пайызға артып, 13,6 мың унцияға (алтын) және 574 мың унцияға (күміс) жетті. Кендегі металдардың жоғары мөлшері қайта өңдеу көлемінің азаюының орнын толтырды. Егер былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырсақ, алтын мен күмістің өндірісі сәйкесінше 3 және 4 пайызға азайды. Шығыс өңірмен Бозымшақта 2018 жылы 45-50 мың унция алтын мен 2 млн унцияға жуық күміс өндірілетін болады.
2018 жылғы 31 наурыздағы мәлі­метке сәйкес, Топтың таза берешегі 2,206 млрд долларға дейін жетті (2017 жылғы 31 желтоқсан – 2,056 млрд доллар). Бұл Ақтоғайдағы кен байыту фабрикасын салған мердігер ұйымға 2016-17 жылдан мерзімі шегерілген 250 млн доллардың, 94 млн доллар көлеміндегі пайыздық төлемдердің және 58 млн доллар көлеміндегі ПҚӨС пен роялитидің есебінен орын алып отыр. 3,732 млрд доллар жалпы берешек бола тұра, ақшалай қаражаттың және оның эквиваленттерінің жалпы сомасы 2018 жылғы 31 наурызда 1,526 млрд долларды құрады.
– Мен Бозшакөл мен Ақтоғайдағы сульфидті фабрикалардың арқасында орыналған тоқсандық өндірістік өсім туралы қуана хабарлаймын. Біз жыл бойында барлық металдар бойынша өзіміздің 270-300 мың тонна мыс пен 160-175 мың унция алтын көлеміндегі көрсеткіштерімізге жету жолындамыз. KAZ Minerals Тобы ты­ғыз баланстағы нарықта өндірістің артуын қамтамасыз етіп отыр, ал мыс бағасының орта мерзімді перспективасы тұрақты – деді KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.

Аманкелді ШОПАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру