Валюта бағамы: $ 366.86 424.49 5.6 ¥ 53.02

Ақшаның елден әкетілуіне тосқауыл болар жүйе

Парламент Мәжілісінің депутаттары 2 мамырда өткен жалпы отырыста «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Заң жобасының негізгі мақ­саты жаһандану дәуіріндегі елі­міз экономикасы дамуы­ның жаңа кезеңіне және Дүние­жүзілік сауда ұйымына кірудің өтпелі кезеңі аяқталуына байланысты валюталық заңнаманы жоспарлы түрде өзгерту болып табылады. Осы ретте Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев заң жобасында көз­делген нормаларды іске асыру валюталық операциялар туралы ақпараттың ауқымын кеңейтуге, валюталық бақылау тиімділігін, оның ішінде ақшаның елден әкетілуіне қарсы іс-қимыл үшін тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. «Жұмыс барысында біз бұрын заңдармен реттелмеген арналардың бар екендігін және оларды елден ақшаны әкету белгілері бар деп жіктеу қажеттілігін көріп отырмыз. Заң жобасында осындай операциялардың бірнеше тү­рін қарастырдық», – деді Д.Ақышев.
Заң жобасында банк құпия­сын құрайтын ақпаратты Қар­жы министрлігінің Мемле­кет­тік кі­ріс­тер комитетіне беру құқы­ғы да көзделген. Бұл, яғни мемлекеттік органдар арасын­дағы ақпараттық өзара іс-қи­мылды реттеу елден ақша­ның әкетілуіне жүйелі түрде қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
Ұлттық банк төрағасы атап өткендей, депутаттар заң жобасын талқылау барысында Қа­зақ­станда орталық контрагент институтын дамыту жөнінде тү­зетулер ұсынған болатын. «Атал­ған бастаманы іске асыру Қазақстан қор биржасында жасалатын мәмілелердің аяқ­та­луына кепілдікті қамтама­сыз етуге және мәмілеге қаты­сушы тараптардың барлық мін­дет­темелерді орындауына мүм­кіндік береді. Бұл – Қазақ­стан­ның қор нарығында тәуе­келдерді басқару­дың және ин­вес­торлардың құ­қық­тарын қор­­ғаудың тиімді тетіктерінің бар екендігі туралы ішкі және шет­елдік инвесторлар үшін жақсы белгі болмағы сөзсіз», – деді Ұлттық банк басшысы.
Ұлттық банктің қолданыс­тағы қадағалау құралы шектеулі және ресми болып табылатынын айта келіп, Данияр Ақышев: «Ұлттық банктің ықпал ету шараларын банктер нормативтерді немесе жазылған талаптарды бұз­ған жағ­дайда ғана қабылдауға құқылы.Ұлттық банктің банктердің қар­жылық жағдайын әлеуетті нашарлатуы мүмкін немесе активтерді елден шығару белгілері бар операцияларды анықтай отырып, егер банктердің тарапынан нормативтер немесе заң­нама талаптары формалды түрде бұзылмаса, операцияларды тоқтата тұру мүмкіндігі жоқ», – деді.

Сондықтан Ұлттық банк өзінің ретте­уіш және қадағалау функцияларын заңнамалық тұрғыда күшей­туді және қаржы ұйымдарын тәуе­келге бағдарланған қағидаттарға көші­руді жоспарлап отыр. Тәуекелге бағдар­ланған қадағалауға өту тәуекелдерді шектеу бойынша банктердің активті және пассивті операцияларын тоқ­татуға дейін баратын алдын алу шара­ларын қабылдауға мүмкіндік береді. «Ұлттық банк халықаралық тәжіри­бені ескере отырып, дәлелді пайымдауды келесідей төрт: менеджмент пен акционерлерді келісу; құрылған провизиялардың (резервтердің) пара­пар­лығын бағалау; банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалар­ды анықтау; тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін бағалау секілді бағыттарда пайдалануға ниет­ті», – деп атап өтті Д.Ақышев.
Төраға банктерді қадағалау проце­сіне дәлелді пайымдау қағидатын енгізуге байланысты ұқсас бастамалар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына, сондай-ақ сақ­тандыру (қайта сақтандыру) ұйым­­дары мен сақтандыру брокер­ле­рі­не қатысты іске асырылатынына тоқ­талды.
Келесі кезекте Данияр Ақышев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына орай банк секторын қалыпқа келтіру бағ­дар­ламасының қорытындысы туралы айтып берді. Бағдарлама аясында елдің бес ірі әлеуметтік маңызды банктеріне («Еуразиялық Банк» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк «Bank RBK» АҚ) көмек көрсетілген. Қолдау мөлшері 653,7 млрд теңге болды, жұмыс істемейтін қарыздар 710 млрд теңге сомасы көлемінде есеп­тен шығарылды.
Банктерді мемлекеттік қолдау ба­рысында олардың кредиттік қыз­ме­тін жандандыру байқалады. Бағ­дар­­ламаға қатысқан сәттен бастап ағым­дағы жылғы 1 сәуірге дейін банк­тер шамамен 865 млрд теңге, оның ішінде шағын және орта бизнес субъ­ектілеріне – 315 млрд теңге, корпо­ративтік бизнеске – 329 млрд теңге, жеке тұлғаларға – 222 млрд теңге сомасына қарыз алушыларды қайта құрылымдауды ескере отырып, қарыз­дар берді.
Д.Ақышев аталған бағдарлама ая­сында «Казкоммерцбанк» АҚ несие қоржыны «БТА Банк» АҚ-ның про­блемалық қарыздарынан тазар­тыл­ғанын, ал «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы жаңа стратегиялық ин­вес­тор 250,2 млрд теңге сомасына банкті үстеме капиталдандырғанын еске салды. «Жалпы алғанда, қаржы­лық көрсеткіштер жақсартылды және «Казкоммерцбанк» АҚ Ұлттық банк белгілеген нормативтердің барлы­ғын асыра орындап отыр», – деп қоры­тын­­дылады ол сөзін.
Ұлттық банк төрағасы журналистермен әңгіме барысында қаржы реттеушісінің еліміздің бағалы қағаз­дар нарығын одан әрі дамыту мақса­тын­дағы заңнамалық бастамаларына тоқталып өтті. Атап айтқанда, қор нарығының инфрақұрылымы оңтайландырылады. Мәселен, Баға­лы қағаздардың орталық депози­тарийі базасында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық меншікті бағалы қағаздар және тіркелген мәмілелер туралы бірыңғай деректер қорын құру жоспарланып отыр. Бұл бағалы қағаздармен байланысты рәсімдерді жеңілдетуге және олармен жасалған мәмілелерді тіркеу уақытын қысқартуға, сондай-ақ инвесторлардың шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Бір­ыңғай қор құру биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының интегра­ция­ланған ақпараттық жүйесін қалып­тас­тыруға жол ашады. Мұның нәти­жесінде нарық қатысушылары үшін бағалы қағаздарға баға белгілеуді алмасу және ұйымдастырылмаған нарықта мәмілелер жасау мүмкіндіктері туады.
Әңгіме барысында айтылғандай, кәсіби қатысушылардың қызметін ырықтандыру және олардың инвес­тициялық мүмкіндіктерін кеңейту ба­ғытындағы жұмыс жалғасатын болады. «Банктер болып табылмайтын брокерлік компаниялар биржалық валюта нарығындағы сауда-саттық­қа тікелей кіру және банктік опера­циялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензиялар алу мүмкіндігін ұсынатын болады. Бұл валюталық тәуекелдерді хед­жирлеудің қосымша құралдарын құру­ға және валюта бағамының құ­был­­ма­лылығын төмендетуге мүм­кін­­дік береді», – деді Ұлттық банк бас­шы­сы.
Сонымен қатар, келтірілген ақпа­ратқа қарағанда, уәкілетті органның эмитенттерге қатысты бақылау-қа­дағалау функциялары қысқарады: ба­ғалы қағаздар шығару және оларды орналастыру бойынша рұқсат беру рәсімдері оңтайландырылады, бұл эми­тенттердің қор нарығына шы­ғуын және олардың қызметінің ашық­ты­ғын арттыруға ынталандыратын болады.
Соңғы уақыттағы қолжетімді нәр­сенің бірі – валюталар мен кре­дит­тің мөлшерлемесі бойынша қандай да бір шектеусіз берілетін онлайн-кредиттер. Осы ретте қойылған сұ­рақтарға байланысты Ұлттық банк басшысы еліміздегі онлайн-кредиттеу нарығын реттеу туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерге тоқталып өтті. «Банктер мен микроқаржы ұйым­дарының кредиттері бойынша сый­ақы мөлшерлемесі жылдық 56%-дан аспауға тиіс болса, онлайн-кредит­тер бойынша ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан олардың жылдық мөл­шерлеме деңгейі 700%, тіптен 900%-ға дейін жетеді. Тәуекелдерді түсінбей иә ақшаны тез алу ниетімен қарыз алған борышкер азаматтардың саны бүгінде 236 мың адамға жетті. Осы орайда онлайн-кредит алған және оны өтеумен байланысты елеулі проблемалары бар азаматтардың заң тұрғысынан қорғалмайтынын түсіну қажет», – деді төраға.
Сондықтан Ұлттық банк заңна­мадағы осы кемшілікті жою және осын­дай қарыз алушыларға қызмет көр­сету азаматтардың қаржылық жағ­дайына қауіп төндірмейтіндей, олар­дың онлайн-кредиторларға тә­уел­ділігін арттырмайтындай шектеу енгізу қажет деп есептейді. «Ұлттық банк мөлшерлеме жылдық 100%-дан аспауы және қарыз тек қана теңгемен берілуге тиіс деп есеп­тейді. Тағы бір маңызды талап, егер онлайн-қарыз шарты мен көрсеткен өлшем­шарттардың біріне де сәйкес келмесе, онда ол заңсыз деп танылып, қажет болған кезде сот тәртібімен расталуы мүмкін. Біздің мақсатымыз онлайн-кредитті бизнес ретінде жауып тастау емес, Қазақстанда онлайн-кредит­теудің халықтың мойнына қарыз қа­мытын кигізетін түрінің таралуына жол бермеу», – деді Д.Ақышев.
Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жол тартқан сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері жөнін­дегі заң жобасына қатысты журналистер сұрақтарына жауап бере келіп, Ұлттық банк төрағасы қарастырылған өзгерістер мен то­лық­тырулар сақтандыру сала­сын­дағы заңнаманы жетілдіру, сақ­тан­дыру нарығын дамыту, сақтан­дыру қызметін алған кезде азамат­тардың мүдделерін қорғау және өңірлердегі сақтандыру қызметінің қолжетім­ділігін арттыру мақсатын көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ заң жобасында шет елге шығатын туристі сақтандыру тәсілдерін өзгерту қарастырылған. «Туроператордың және турагенттің АҚЖ міндетті сақтандырудан шет елге шығатын туристің мүддесін міндетті сақтандыруға өту жоспарланып отыр. Міндетті сақтандыруды туроператор жүзеге асыратын болады. Бағдарламалар халықаралық талаптарға сәйкес келеді және онда базалық әлеуметтік тәуекелдер қамтылған. Бұл – туристің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян, оның ішінде жазатайым оқиға, жедел медициналық көмек көрсету, репатриация. Туроператор үшін арналған сақтандырудың құны күніне шамамен 320 теңге, ал сақтандыру арқылы өтеу 3-16 миллион теңге аралығында болады. Бұл сақтандыру – туроператорлардың қызметін пайдаланатын туристер үшін ғана. Өз бетінше шығатын туристердің тәуекелдері ерікті сақтандыру шарттары шегінде өтелуі мүмкін», – деп нақтылады Д.Ақышев.
Елімізде өмірдің бар саласын қамтып отырған цифрландыру жағдайында аталған заң жобасы күшіне енген күннен бастап азаматтар мен сан салалы кәсіпорындар сақтандыру шарттарын сақтандыру компанияларының офисіне барып, табан тоздырмай-ақ және агенттердің делдалдық қызметінсіз, тікелей интернет арқылы жасай алады. Сонымен қатар заңның қолданысқа енгізілуімен өңірлерде, бірінші кезекте облыс орталықтары мен ауылдарда сақтандыру қыз­мет­терінің қолжетімділігі артады деп күтілуде.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру