Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді

«Нұр Ақтөбеде» 500 жеміс көшеті отырғызылды

Көктемнің шуақты күндері айналаны тазартуға атсалысып, қоршаған ортаны көгалдандыру жұмыстарына жұмылу – еліміздің әрбір тұрғынының абыройлы міндеті. Осы ретте Елбасының кең-байтақ жерімізге ағашты көбірек егуге шақырып: «Егер әрбір азамат өзінің туған күнінде бір тал отырғызатын болса, онда елімізде жыл сайын 18 миллион ағаш пайда болар еді. Өз елiн сүйетiн адам оның игiлiгi үшiн жұмыс iстеп, болашағын ойлайды», деген терең мағыналы сөздері ойға оралады.

Елді мекендерді абаттандырумен тұтас ел көркейе түседі. Әрбір ауылға, ауданға, қалаға ортақ осынау игілікті іске ұйысу тұрғындардың тек жоғары мәдениетін ғана емес, сондай-ақ туған жеріне, тұрғылықты мекеніне деген құрметін, жанашырлығын көрсетеді. Сондықтан Ақтөбе облысында билік пен қоғамдық ұйымдардың өлкені абаттандыру жұмыстарына бірлесе атсалысуына зор мән беріледі. Бұл ретте «Жасыл ел» бағдарламасының ізгі бастамаларын жалғастыра отырып, мұндай қоғамдық, тәрбиелік маңызы зор жұмыстарға жастарды тарту – оларды патриоттыққа, отансүйгіштікке баулитын елдік шара екендігі сөзсіз. Жасыл желектің көптеп өсуі ауаны ластанудан қорғап, халықтың денсаулығына оң әсер етеді. Сол себепті облыстың 2020 жылдарға дейінгі іс-шаралар жоспары аясында 12 гектар жерге климаттық жағдайға бейімделген түрлі жас көшеттер мен жеміс ағаштарын отырғызу үшін саябақтар мен гүлзарлар ашуды белгілеу – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, алаңсыз, пайдалы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған пайымды қадамнан хабар береді. Бұл игілікті шараларды бастауға ұйытқы болып қана қоймай, тікелей бақылауына алып, үнемі басы-қасында жүретін бірден бір тұлға – облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өткен аптада аймақ басшысы Ақтөбе қаласын абаттандыру жұмыстарын қарап шығып, Нұр Ақтөбе тұрғын үй алабында ағаш отырғызуға қатысты. Жеміс-жидек бақшасын Тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылығы энергия үнемдеу орта­лығы ғимаратының жанынан ашуға шешім қабылданған. Бұл нысанды қайта жөндеу жұмыстары жуық арада аяқталады. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл маңда жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы да бой көтермек. Әрі шағын ауданды бойлай орналасқан трассада халықтың қозғалысы, жүріп-тұруы басым бол­ғандықтан, бұл жер тұрғындар көп қатынайтын демалыс орнына айналатыны түсінікті. Энергия үнемдеу ғимаратының маңына Бердібек Сапарбаевпен бірге Қарғалы ауылының үлкендері, мемлекеттік қызметкер­лер, мамандандырылған көгалдандыру ме­­кемелерінің еңбеккерлері 500 түп ал­ма, алмұрт және өрік ағаштарының кө­шеттерін екті. Жақын күндері демалыс орны тағы жөке және үйеңкі ағаш­тарының 1500 шыбықтарымен толықпақ.
– Жуық арада мұнда 200 мыңға жуық адам тұратын болады. Бұл үшін барлық инфрақұрылым есептелген. Мектеп, балабақша салуды, жолдарды жөндеуді жалғастырамыз. Жақында үйге жылу, газ, су, жарық беру кезінде қуат көзін үнемдейтін Электр үнемдеу орталығы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ барлық үйлердің кіреберісіне, аулаларға камералар орнатылып, маңайда болып жатқан жағ­дайларға бақылау жүргізіліп отырады. Бұл тұрғындардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, құқық­бұ­зу­шылықтардың жолын кесуге мүм­кіндік береді. Нысанның бір қа­натында Халықтық кеңсе орналасады. Тұрғын үй алабын көгалдандыру ісі баршамыз үшін маңызды. Бүгін егілген бақ 3-4 жылдан кейін аудан тұрғындары үшін бірегей демалыс орнына айналатын болады, – деді облыс әкімі.
Барған сайын өзгеріп, кеңейе түс­кен тұрғын үй алабы тұрғында­рының жүріс-тұрысы, мәдениеті де өсіп келеді. Өңір басшысымен кездескен ауыл тұрғындары егілген көшеттерге күтім жасауға, аумақтың басқа да абаттандыру нысандарына ұқыпты қарауға уәде берді.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Серікбаев­тың айтуынша, алмалар мен өріктер өңірдің климаттық жағдайына то­лы­ғымен бейімделген, жергілікті тә­лімбақтарда өсірілген. Осы көк­темде қала бойынша 200 мыңға тарта емен, үйеңкі, жөке, тал және тағы басқа қылқанжапырақ пен бағалы тұқымдас ағаштар отырғызылады. Тағы 200 мың көшет қаладағы жасыл белдеуді толықтырмақ.
Қарғалы ауылының қырық жылдан бергі тұрғыны, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Мұқан Қазкеев бұл жердің келешекте жаңа, әсем, заманауи аудан орталығына айналатынына сенімді. Бүгінде облыс әкімінің бастамасымен аудан күн санап көркейіп, жанданып келеді. Сәйкесінше бірегей қаржы, білім, медицина орталықтары да осы маңға тартылатын болады.
Бұдан кейін облыс басшысы Нариманов көшесінің күрделі жөндеуге дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Автомобиль жолын жа­ңартудан басқа, тротуар және ағын­­ды сулар үшін құрылыс қарас­ты­рылған. 12-ші шағын ауда­ндағы жер үсті жүргіншілер өтке­лінің құ­ры­лысы бойынша жобаны таныстыру барысында Б.Сапар­баев жаяу жүргіншілерді жаңбыр мен қардан қорғау үшін міндетті түрде жабынды орнатуды тапсырды.
Айта кетерлігі, жаяу жүргіншілер көпірі бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі аясында салынады. Оны пайдалануға беру ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында тапсырылады. Сонымен қатар облыс әкімі қазақ­тың ұлы қолбасшысы Бөкенбай батыр ескерткіші салынып жатқан алаңды тексерді. Ескерткішті тұрғызу Ақтөбе және Қазақстанның басқа аймақтарынан келген кәсіпкерлер қаржысы есебінен әуежай ауданында басталды.
Ескерткішті салу жөніндегі қо­ғам­­дық кеңестің басшысы Мәлік Жекеевтің айтуынша, қо­ла­дан құй­ылған және гранит тұғыр­дан тұратын мүсіннің жалпы биік­тігі 16 метрден астам. Жа­нын­да Бөкенбай батыр мен Әбілқайыр ханның басшылығымен үш жүздің әскерлерінің бірігуін бейнелей­тін көркем көрініс орналастырылады. Тағы бір ерекшелігі, батырдың қолында қару емес, Қарақұмда ұйымдастырылған тарихи құрылтайдағы қазақтың ұлттық әскерінің жалауы болады. Сонымен қатар ескерткіш айналасындағы 1,5 гектар жер көгалдандырылып, онда балалардың ойын және спорт алаңдары орналастырылатын болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру