Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

«7-20-25»: Жеңілдіктер мүмкіндікті арттырады

«Самұрық-Қазына» ЖМҚ  жаңа тұрғын үй жобасын іске асырды

Қарапайым тұрғындарға баспананың қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз ететін бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бүгінгі таңда өз тиімділігін дәлелдей бастады. Бұл бағыттағы оң көрсеткіштер жалғасын тауып, Президент бастамасымен зор серпін алған «7-20-25» бағдарламасы талай отбасының баспанаға деген мұқтаждығын шешуге жол ашуда. Жуырда Шымкент қаласында «Тұлпар» жаңа тұрғын үй кешені салынды.

Жобаны «Коммерциялық тұрғын үй» бағыты бойынша «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ және «Ақмойнақ» ЖШС құрылыс компаниясы жүзеге асырды.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа пәтерлерге қоныстанған әрбір шаңыраққа бақыт пен береке тіледі.
– Елбасының бес әлеуметтік бастамасының барлық бағыттары бойынша облыста тиісті жұмыстар атқарылуда. Үндеудің бірінші бағыты – «7-20-25» бағдарламасын өңірде сәтті жүзеге асыру үшін осы жылы жеке салушылар арқылы 104 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 16 тұрғын үй жыл қорытындысымен пайдалануға беріліп, барлық пәтерлерді «7-20-25» бағдарламасы арқылы тарату көзделуде. Бағдарлама – әсіресе жастардың баспанаға қол жеткізуіне жасалған үлкен қолдау, – деді облыс әкімі.
Жарияланған бес әлеуметтік бас­таманың нәтижесінде жеке инвесторлар облыста тұрғын үй құрылысын салуға қызығушылық танытуда. Мысалы, ағымдағы жылдың сәуір айында құны 7,9 млрд теңгені құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үй құрылысына екінші деңгейлі банктен несие алған жеке құрылыс салушыға Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 7 про­центтік субсидия беру қолдау тапты. Аталған тұрғын үй құрылысы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ алдағы уақытта Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысын қар­қынды жүргізу мақсатында көпте­ген жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
«Нұрлы жердің» аясында салынған көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлер кілті 72 отбасына тапсырылды. Жалпы тұрғын үй кешенінде үш қабатты 36 пәтерлі екі үй, бес қабатты 48 пәтерлі екі тұрғын үй бой көтерген. Сатып алушыларға алаңы 39-68 шаршы метр 1,2,3-бөлмелі пәтерлер ұсынылады.
Нысанның инфрақұрылымына ашық паркингтер, балаларға арналған ойын алаңдары, жас көшеттер және асфальт жолдары кіреді. Тұрғын үй кешені маңында сондай-ақ хайуанаттар бағы, ипподром, ағаш-бұта бағы, балабақшалар, емхана, азық-түлік дү­­кендері, жақын жерде «Назарбаев зияткерлік мектебі» орналасқан. Оған қоса көлік-жол айырығы да қарқынды дамуда.
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ маркетинг жөніндегі басқарушы директор – басқарма мүшесі Тимур Қалдыбаев нысанның архитектуралық келбетін ерекше атап өтті. Қазіргі уақытта коммерциялық бағыт бойынша Шымкентпен қатар Алматы, Астана, Өскемен қалаларында басқа объектілердің құрылысы аяқталуда.
Мамандар құрылыс сапасына толық кепілдік беруде. Тұрғын үй кешені жоспарланған мерзім ішінде салынған және құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келеді. Пәтерлер таза әрленіп, үйлер күйдірілген кірпіштен салынған, сыртқы қабырғалар қалыңдығы 80 мм минералмақтамен жылытылған, үстіне шыны магнезит тақтайшалар орнатылған. Төбе жабындысы ағаш торлары бойынша темір жабын­қыштан жасалып, еденге ламинат төселген, терезеге екі камералы пакет орнатылған. Адамдардың тұруына қолайлы жағдайлар жасау үшін үйлер қабаттылығы бүкіл шағын ауданның аз қабатты архитектуралық ансамблін сақтау қағидатына сәйкес келеді. Құрылыс жұмыстарына жергілікті азаматтар тартылып, отандық өнімдер қолданылған.
«Эристайл Қазақстан» ЖШС мер­дігерлік ұйымының директоры Ойрат Мамиров «Нұрлы жердің» шарттары бойынша құрылыс салушыға тұрғын үйдің бүкіл пұлын еркін нарықта өткізу құқығы берілетінін, яғни азаматтар тұрғын үй алу үшін тікелей құрылыс салушыға жүгіне алатынын жеткізді.
Клиенттерге қолайлы болу үшін екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит алу көзделген және құрылыс салушы төлемдерді бөліп төлеуді ұсынып отыр. Бұрын жеке тұрғын үй салушылар құрылысқа қаражат табудан және салған құрылыстарын өткізуден қиналса, енді Елбасы бастамасымен компанияларға 4 проценттік субсидия 25 жылға дейін берілуде. Бұған дейін пәтерлер азаматтарға тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы берілетін. Бүгінде «Казкоммерцбанк», «АТФ» секілді екінші деңгейлі банктер арқылы да адамдар баспанаға қол жеткізе бастаған. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында 277 тұрғын үй, оның 104-і жеке құрылыс салушылар есебінен тұрғызылуда. Осы жылы тағы 30 тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Осылайша, үшінші алып шаһарда жүзеге асырылып жатқан «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы құрылыс компаниялары мен қарапайым халық­қа айтарлықтай жеңілдіктер ұсына бас­­тады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру