Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Есептей білгеннің есесі кетпейді

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Иә, өлшеулі дүниенің басты ұстындарының бірі – есеп десек, онша қателеспейміз. «Судың да сұрауы бар», деген атам қазақ. Сол есептің ғылыми-әдістемелік әдебиетте қалыптасқан тағы бір атауы – аудит. Тиыннан құралған теңгеден темір-терсекке дейінгінің бәрін осы аудит жеке кәсіпорыннан бастап тұтас бір мемлекетке дейінгі деңгейде жіпке тізеді. Мәселен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес елімізде мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасы бекітілді.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты экономиканы немесе оның жекелеген салаларын дамытудағы мемлекеттік органдар мен мемлекетке жататын сектор нысандарының қызметін бағалау, тексеру негізінде бюджет қаражатын, олардың активтерін басқару мен пайдалану тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл ретте мемлекеттік қаржылық бақылау мен аудит назары орын алған тәртіп бұзушылықтарды жоюға және ден қою шараларын қолдануға бағытталады.Осы орайда озық әлемдік тәжірибе ескеріліп, сондай-ақ Лима декларациясы мен қаржылық бақылау органдары халықаралық стандарттарының талаптарын қолдану көзделеді.Бірыңғай деректер базасын құру, аудит және бақылау актілерінің нәтижелерін өзара тану, өкілеттіктер аражігін ажырату, тәуекелдерді басқару жүйесінің бірыңғай тәсілдері мен қағидаттарын қолдану тұтастай алғанда мемлекеттік аудит органдары арасында қосамжарланып атқаруды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда аталған тұжырымдаманы іске асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 93-қадамы шеңберінде мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарына қол қойды.Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитке көшу үдерісін оңтайландыру үшін үстіміздегі жылы респонденттермен кері байланысу мүмкіндігі бар, заңнаманы жетілдіру жөнінде неғұрлым тиімді жұмыс беретін қаржылық есептілік депозитарийі жүйесінде қосымша сауалнама жасалды. Мүдделі мекемелер арасында түсіндіру жұмыстары, оның ішінде дөңгелек үстелдер, www.1ccc.kz мекен-жайы бойынша бірінші әлеуметтік желіде онлайн-дәрістер жүргізілді, салық төлеушілерге арналып конференциялар өткізілді, есепке алу және аудит стандарттарын қолдану жөніндегі түсіндірмелер баспасөзде жарияланды. Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елі қатарына кіруі шеңберінде бағалау жүргізу жөніндегі дайындық жұмысы басталды.Оның мақсаты түйткілді тұстарды анықтау және корпоративтік есептілік жүйесін жетілдіру бойынша іс-қимылдарды айқындау болып табылады. ЮНКТАД шеңберінде әзірленген бағалау есепке алу мен есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі сарапшылардың үкіметаралық жұмыс тобы қолдануға ұсынған әдістеме бойынша жүзеге асырылады.
Бағалау нәтижелері бойынша қалыптастырылған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру корпоративтік есептілік инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етеді, сондай-ақ елдегі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға жәрдемдеседі.Сонымен қатар Қазақстан 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге есепке алу мен есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі сарапшылардың жұмыс тобының құрамына сайланды. Ресми қатысушының мәртебесі Қазақстанға барлық сессиялар мен консалтингтік топтарға басым тәртіппен қатысуға, сондай-ақ бюджетте қаражат болған кезде қаржылық қолдаудың жекелеген жағдайларында корпоративтік есептілік инфрақұрылымын бағалау жөніндегі жоба бойынша виртуалды пікірталастар ұйымдастыруға құқық береді. Бұл ретте аудиторлық қызмет саласындағы нарықты одан әрі кеңейту мақсатында ұлттық заңнаманы үйлестіру жоспарланып отыр.
Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша корпоративтік есептілікті жақсарту жөнінде ұсынымдар алынды. Аудиторлық қызмет сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын талаптар жетілдірілді. Аудиторлық қызметке лицензия алу кезінде әкімшілік кедергілерді қысқарту үшін «Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру» көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандарты оңтайландырылды. ЮНКТАД-пен бірлесіп, аудиторлық қызметті жетілдіру бойынша нұсқаулықтар әзірлеуге және корпоративтік есептілік сапасын арттыруға бағытталған жоба аяқталды. ТМД Атқарушы комитеті жанындағы бухгалтерлік есеп жөніндегі үйлестіру кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы аудиторлық қызмет туралы келісімнің жобасын әзірлеу бойынша қаржы нарықтары жөніндегі кеңесшілік комитет жанындағы жұмыс тобының отырысы өткізілді. Осы отырыста үйлестіру кеңесінің төрағасы етіп Қазақстан өкілі сайланды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру