Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Оралда халықаралық деңгейдегі екі жоба жанданады

Бұл туралы БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен облысқа инвестиция тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысында айтылды.

Жиында алдымен Орал қала­сында қатты тұрмыстық қалдық­тарды басқару жүйесі бойынша кешен құрылысы жобасы таныс­тырылды. Жобаны іске асыруды қолға алған «Baltic tade hose» бас­қармасының мүшесі, «Green Servise Company» ЖШС-ның өкілі, Финляндия Республикасының азаматы Калвер Каппердің айтуынша, осы көктемде қалдықтарды іріктейтін желі құрылысы басталады. Онда 80 адамға жұмыс беріледі. Орал қала­сының бір тұрғыны жылына 300 келі шамасында қалдық тастайды. Бұл жоба бойынша қалдықтардың 60 пайызын өңдеп, кәдеге жаратуға болады. Қазіргі уақытта қоқыс по­лигонының пайдалану мерзімін 15 жылға ұзарту мақсатында электр және жылу қуаты өндірілетін биогаз стансасының құрылысы жобалануда.
Қалдықтарды іріктеу желісінен шыққан қалдық түрлері одан әрі өңделеді. Қағаздан қаптама материалдар, жұмыртқаға ұяшық қағаз, әжетхана қағазы, пластиктен пластик түйіршіктері, халық тұтынатын тауарлар, пакеттер жасалады.
– Қазір жергілікті билік орындарымен үй­лесімді байланыс орнатып, тұр­ғын­дардың, әсіресе, мектептегі балалар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Қалдықтарды іріктеу желісі қуатты, сондықтан қаланың қалдық­тары бізге аздық етеді. Ауыл-аймақ­тан да тұрмыстық қалдықтарды қа­был­даймыз, – деген Калвер Каппер жер телімі бөлінсе, аталмыш желінің биыл салынатынын жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, Финляндияда тұр­мыстық қалдықтардың 98 пайызы өңделеді, сондықтан қалдықтар полигоны деген бұл елде жоқ. Тіпті қоқыс қалдықтары жетпегендіктен, оны өзге елдерден сатып алады.
Жобаны жүзеге асырушылар қал­дықтарды іріктеу желісіне 1,5 млн. еуро, биогаз стансасы құрылысына 3 млн. еуро инвестиция құймақ. Бұл финдік компанияның еліміздегі алғашқы жобасы, ал көршілес Ре­сей­дің Омск, Санкт-Петербор, Но­во­сибирск қалаларында финдік ком­панияның жобалары жемісті жұмыс істеуде.
Облыс әкімінің пікірінше, бұл жоба – еуропалық стандартқа сай әрі «Жасыл экономика» тұжырым­дамасы бойынша өңірдегі алғашқы жоба. «Мұндай жоба біздің қаламызға керек. Оны іске асыру барысында барлық қолдау көрсетіледі. Қала тұрғындары қалдықтарды іріктеуді үйренеді», – деді Алтай Көлгінов.
Кеңес отырысында қаралған екін­ші жоба – Орал қаласындағы Құр­манғазы көшесі 84 мекенжайында халықаралық франшиза бойынша қонақүй құрылысы. Жобаны іске асырушы «Grand Hotel Service» ЖШС-ның директоры Жақсылық Саматовтың айтуынша, аталмыш компания Оралдағы «Eldivino» ойын-сауық орталығын және Ақ­сайда «Марко Поло» қонақүйі жобаларын жүзеге асырған. Енді «Ақжайық» қонақүйінің орнына екі жыл ішінде жаңа халықаралық деңгейдегі 8200 шаршы метрлік қонақүй бой көтермек. Оның жанында ауданы 4200 шаршы метр бизнес орталығы ғимараты болады. Жаңа қонақүй халықаралық франшиза бойынша іске қосылмақ. Қазіргі уақытта қонақүй бизнесі бойынша әлемдік франшиза өкіл­дерімен келіссөздер жүргізілуде. Ха­лықаралық франшиза бойынша ашылатын қонақүй ондағы көр­сетілетін қызмет сапасының тұ­рақты және қатаң бақылауда бола­тындығымен, сервистің жоғары дең­гейімен, қала және облыс мәр­тебесін көтеруімен, бөлмелердің әлемдік стандартқа сай болуымен ерекшеленеді. Шетелдік мамандармен қонақүй қызметкерлерін оқыту жоспарланған. Қонақүйде 125 бөлме, оның ішінде 92 стандартты, 10 люкс класс, бір президенттік, 20 апартамент және екі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлме болады. Ғимарат сегіз қабатты. Онда 70 орындық мейрамхана, үш конференц-залы, кофе-брейк залы, орыс моншасы, түрік хамамы, фитнес-зал, екі қауыз, джакузи және өзге де қажетті қызмет көрсету орындары болмақ. Сондай-ақ жер асты 40, жер үсті 20 көлікке арналған паркинг салынады. Ғимараттың төбе шатырына руф-мейрамхана және жаздық терраса орналасады.
– Жобаға жергілікті құрылысшы­лар тартылады. Құрылыс жұмыста­рына тек жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану көзделген. Сон­дай-ақ 300 адам жұмысқа тартылады. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 200 адамға жұмыс орны ашылады, – деді баяндамашы.
Бұл жобаға 12 млн. АҚШ доллары шамасында инвестиция жұмсалады. Ескі қонақүй 2-3 ай ішінде бұзылып, құрылыс жұмыстары басталады.
– Халықаралық деңгейдегі қо­нақ­­үй кешені тек кәсіпкерлерді ғана емес, шаһарға туристерді де тар­тады. Оралда «ҚПО б. в.» компаниясы кеңесінің ашылуы облыс орталығының дамуына өз үлесін қосты. Соның арқа­сында қала ин­вестиялық жағы­нан тартымдырақ бола түсті. Франкфурт, Мәс­кеу, Атырау, Ақтау қала­ла­рына жаңа әуе маршруттары ашылды. Сондықтан мұндай жобалар қала­ның сәулеттік көркін ажар­лан­дырып, бюджетке қосымша қар­жы ағынын қамтамасыз етеді. Биз­нес-келісімдердің жүргі­зі­луіне, кезде­сулердің және халық­аралық конфе­рен­циялардың өтуіне қолайлы жағдай туғызады, – деп қорытты жиынды облыс әкімі.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру