Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Мың сәлем саған мәңгі, мырза Мамыр!

Қазақтың ақсақал қаламгері Сәбит Мұқановтың «Мың сәлем саған мәңгі, жолдас Майым, Сен жылда жас жігіт боп келген сайын» деп басталатын әйгілі өлеңін заман ағымына орайластыра өзгертіп отырғаныма ғафу өтінемін, құрметті оқырман. Расында да, арқалы ақын ақ жүрегінен ақтарылғандай, көктемнің осынау мамыражай шағында «Жер жібек, барқыт киіп», үйеңкі, терек, қайың жасыл желек бүркенеді емес пе?! Өйткені, «басқаға қымбат, оған тегін, арзан, түрлі гүл: інжу, жақұт, лағыл, маржан!».

Сөйткен мамыр айы табиғаттың ырыс-берекесіне ғана мырза болмай шықты. Мамыр айы – молшылық айы, ұлт пен ұлыстың басын қосқан мерейлі мерекелер айы. Мамырдың алғашқы күні – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Ынтымақ пен бірлік күнін тойлап жатқан 130-дан астам этнос өкілдері киелі қара шаңырақта береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүруде. «Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған не­гізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр – бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ойластырса, өте қызықты шаралар жүзеге асатын болады әрі мұның елге пайдасы да зор», – деген болатын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Мамыр мерекесінің мәні – бірлікті, ынтымақ пен берекені, ұлттық топтасуды ұлықтау. Мерейлі мамыр мейрамы бүгінде тілі басқа – тілегі бір, түрі басқа – жүрегі бір көпұлтты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды. Тағдырдың жазуымен көптеген халықтардың ортақ мекеніне айналған Қазақстанда қоғамдық келісім арқылы әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа тұрпатты жұртшылық қалыптасты. Елбасымыздың көреген саясаты арқасында қазақ елі қазіргі таңда бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайған, халықаралық қоғамдастық өкілдері пікіріне құлақ асатын беделді мемлекеттердің біріне айналды, әлемге этносаралық және кон­фессияаралық келісім тәжірибесінің өзін­дік үлгісін ұсынды. Ел жетістігін паш ететін, Қазақстан халқы Ассамблеясы ар­қылы жүзеге асырылатын қоғамдық келі­сім саясаты нәтижелі әлеуметтік-эконо­ми­­калық, қоғамдық-саяси дамудың кепілі болуда.
Еліміздің қарыштап дамуында Қазақ­стан халқы Ассамблеясы жүезеге асырып жатқа іргелі істер ұлан-ғайыр. Бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Ассамблеяның 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері бар. Олар 500-ге жуық кіші Ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, ежелгі мекенімізде шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Тәуелсіз Қазақстанда әрбір ұлт пен ұлыс өкілдеріне өз салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне зор қамқорлық көрсетілуде. Мұның бәрі қоғамдағы азаматтық ынтымақ пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтаудың, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін өмірге әкелудің арқасында мүмкін болып отыр. Түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау жалпы халықтық мұраттар мен қадір-қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Еліміздің саяси жүйесінің маңызды бөлігі болып табылатын Ассамблея қазіргі кезеңде әлемде теңдесі жоқ бірегей қоғамдық институт ретінде қалыптасты.
Мамыр айында бүкіл еліміз атап өтетін келесі мерейлі мереке – Отан қорғаушылар күні. Енді осы жалпыхалықтық мейрамның шығу тарихына аз-кем тоқтала кетейік. Тарих қойнауына кете қоймаған деректерге сәйкес 1991 жылғы 25 қазанда Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ кеңестік социалистік республикасының мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Респуб­ликасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер дос­тастығына қатысушы мемлекеттер ара­сындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шығып, бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс минис­трі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күш­терінің құрылған күні болды, сөйтіп, «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Тілге тиек етіліп отырған жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді. Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару–жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қа­рулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады. Ел шебін қас қақпай күзетіп, әскери және саяси міндеттерді орындауға әрдайым әзір тұратын Отан сақшыларының мерекесі Сәби Мұқанов атамыз жазғандай, көктемде «інжу,жақұт, лағыл, маржан» гүлге бөленуде.
Отан сақшыларының бұл мейрамы Жеңіс күні – 9 мамырмен тарихи сабақ­тас­тық, жалғастық табуда. Бұл мереке Еуропада 8 мамырда атап өтіледі. Себебі Германияның тізе бүгу актіне Орталық Еуропа уақыты бойынша 22:43, яғни мамырдың 8-і күні, қолтаңба қойылды, ал Мәскеу уақыты бойынша бұл 0:43, яғни мамырдың 9-ы күні. Деректер мен дәйектерге сүйенсек, 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1,5 млн қазақстандық қатысқан. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы болып табылады. Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар алғы шепте шайқасқан. Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес одағының батыры атанып, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды, оның 100-ден астамы – қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, бұл атақты 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі Иван Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз, пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес – герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді.
Елдің елдігін, ердің ерлігін паш ететін осындай ұлық мейрамдардың мамыра­жай мамыр айында тоғысуының өзіндік бейнелік мәні бар. Қазақстан халықта­рының бірлігі мерекесі халықтың рухани әлеуетін ізгі мұраттарға бағыттаса, Отан қорғаушылар күні жас ұрпақтың бойында патриотизм сезімін қалыптастырады, ал Жеңіс күні бүгінгі қазақстандық жауынгерлер тұтынарлық үлгі ғана емес, сонымен қатар еліміз халқының бірнеше ұрпағын байланыстыратын қоғамның рухани негізі, ұлттық өрлеу кепілі болып табылады.
Мерекелеріңіз құтты болсын, той – той­ға ұлассын, ардақты ағайын!

Аманкелді Шопан


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру