Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының (КҚКО) ашылуы Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келіп, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков және бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтті.

Нариман Әбілшайықовтың сөзінше, Қапшағай қаласындағы КҚКО Алматы облысында аудандық және қалалық деңгейде ашылған тұңғыш орталық болып табылады.
«Бұл Орталықтың ашылуы Қапшағай кәсіпкерлеріне толық қызмет көрсетіп қана қоймай, Балқаш және Кербұлақ ау­данының кәсіпкерлеріне де тиісті қыз­мет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталмыш Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын Талғар мен Қарасай аудандарында да ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, біздің қызмет Алматы өңіріндегі кәсіпкерлер үшін одан ары қолжетімді және қолайлы болады», – деп атап өтті облыстық палата басшысы.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орта­лы­ғында «бір терезе» принципі бойын­ша бухгалтерлік, заңгерлік, марке­тинг­тік қызметтер, мемлекеттік сатып алу, кә­сіпкерлікті қолдауға арналған мем­ле­кеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріледі.
Тағы бір айтулы жаңалық – Кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталы­ғында мемлекеттік органдар өкілдері кәсіп­керлерді сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары мәселелері бойынша қабылдап, қызмет көрсетеді. Сонымен бірге Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ғимаратында «Бизнес мектеп» компоненті бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен семинарлар жүр­гізіледі.
Орталық жанында қалалық кәсіп­керлер кеңесінің бөлмесі және мемле­кет­тік органдардың қабылдау жүргізуіне арналған кәсіпкерлерді қабылдау бөлмесі ашылды.
Өңірлік кеңес мүшесі, Қапшағай қа­ласы кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Артур Хачатрян қала әкімдігін КҚКО құрудағы қолдауы үшін алғысын білдірді.
«Жергілікті биліктің біздің бастамаларымызды белсенді қолдап келе жат­қаны атап өтерлік жайт. Кәсіпкерлікті қолдау арқылы қаланың әлеуметтік-эко­номикалық жағдайын жоғарылатып, өңі­ріміздің болашағына салым жасаймыз. Сондықтан бірлескен жұмыс пен өзара диалог аса маңызды», – дейді кәсіпкер.
Өз кезегінде қала әкімі Талғат Қай­нарбеков кәсіпкерлікті қолдау жұ­мыс­тың аса маңызды міндеті екенін атап өтті. Қазіргі таңда Қапшағайда 3,6 мың­нан астам шағын және орта бизнес субъектісінде 16,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
«Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орта­лы­ғының құрылуы қаламызда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік ынтасы бар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Осы орталықта олар оқыту туралы ақпараттан бастап өз жоба­сын немесе ісін қаржыландыруға дейінгі ең толық, қажетті және шынайы мәліметті ала алады. Сондықтан Кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталығы Қап­ша­ғайдағы кәсіпкерліктің тиімді дамуына ықпал ететіне сенімдіміз», – деді Талғат Қайнарбеков.
Айта кетейік, биыл Кәсіпкерлер пала­тасының Қапшағай қалалық филиа­лы кәсіпкерлерге 500-дей сервистік қыз­мет пен кеңестер берді. Өткен жылы 45 бизнес-жоспар әзірленіп, оның 16-ы жалпы сомасы 72 млн теңгеге Нәти­желі жұ­мыспен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту бағдарламасы аясында қар­жыландырылды.
Қалалық филиалдың қолдауымен 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында 28 млн теңгеге 2 жоба қаржыландырылды және 3 жоба құны 4,5 млн теңге болатын мемлекеттік грантқа ие болды. «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 36 қапшағайлық бизнес оқытудан өтті. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы арқылы 3 кәсіпкер шетелде өз біліктілігін арттырып келді.
Еске салсақ, Алматы облысындағы тұңғыш толықформатты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жыл басында Талдықорғанда іске қосылған болатын. Талдықорғандағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында сервистік қызметтер және жарық, су, газ және жылуға қосылу бойынша техникалық шарттарды рәсімдеу бойынша қызметтер көрсетіледі.

Диас БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру