Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Үлкен өндіріс – шағын шаруашылықтан басталады

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру мен сервистік қызмет көрсету жайы қозғалды.

Етті мал шаруашылығын дамыту­дың 2018-2027 жылдарға арналған бағ­дар­ламасының тұжырымдамасы­мен ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев таныстырды. Қазіргі күні ауыл шаруашылығы са­ласының стратегиялық дамуына жүр­гізілген талдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экс­портқа бағдарлау мен импортты алмастыруды қарастыратын 15 басым бағыт­тар анықталып отыр.
Осы бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші-фермерлер класын құруға мүмкіндік береді. Оның аясында фермерлік шаруашылықтар санының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуіне, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ ІҚМ санын 7 млн-нан 15 млн басқа дейін көбейтуге, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға, экспорттан түсетін пайда көлемін $2,4 млрд дейін ұлғайтуға, бір жұмысшыға еңбек өнімділігін $1000-дан $8000-ға дейін өсіруге жол ашылады екен.
А.Евниевтің айтуынша, фермерлік шаруашылықтар – өндіріс моделінің негізі болады. Олар өнімді өткізу, тәжірибе алмасу және ветеринарлық қызмет көрсету мәселелері бойынша бірге жұмыс атқарады. Жер және несие беру ең жақсы фермерлерді іріктеу негізінде жүзеге асырылады. Асыл тұқымды малдың генетикасын қолдана отырып мал тұқымын жақсарту, азық өндіру, суармалы жерлер маңайына мал бордақылау алаңдарын шоғырландыру көзделеді.
Қазірде Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­лігі етті мал шаруашылығын да­мыту бағдарламасын жүзеге асыру­дың нақты міндеттері мен мерзімдері көр­сетілген егжей-тегжейлі Жол кар­тасын әзірлеген. Оны АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламасына ен­гізу ұсынылды.
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Н.Мәлелов өз баяндама­сында ҚазАгро құрылымы арқылы жаңа бағдарламаның жобасын іске асыру аясында фермерлік шаруа­шы­лық­тарды – шағын бизнес субъек­тілерін қаржыландыру жоспар­лан­­ғанын атап өтті. Осылайша фер­мер­лер малдарды одан әрі көбейтіп өсіру үшін төлдейтін малды, ауыл шаруашы­лығы техникасын және мал азығы өндірісіне жабдықтарды сатып алуға, мал ұстайтын орындарды салуға, айналым қаражаттарын толықтыруға және бизнес жүргізуге қажетті өзге де мақсаттарға 15 жыл мерзімге проценттік мөлшерлемені субсидиялауды ескере отырып, жылына 4%-ке несие ала алады. Биыл барлығы фермерлерді қаржыландыруға шамамен 50 млрд теңге бағыттау жоспарланған.
Бағдарлама тұжырымдамасы Дү­ние­жүзілік банк, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдардың са­рапшыларының қатысуымен әзір­лен­ді, олар өз қаражаттарын тарту арқылы бағдарламаны іске асыруға белсенді түрде атсалысатын болады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік па­ла­тасының басқарма төрағасы А.Мыр­захметов бағдарламаның тек етті мал шаруашылығы мәселелерін ғана емес, сондай-ақ жайылымдарды тиімді пай­далану, суармалы жайылымдардың көле­мін арттыру, жемшөп өндірісін дамыту секілді маңызды мәселелерді де қозғайтынын атап өтті. «Астық ин­дустриясы» АҚ директорлар кеңе­сінің мүшесі Ә.Хабиевтің ойынша, бағ­дар­ламада ең бастысы, бизнесті жүр­гізуді қиындататын шарттар жоқ.
Сондай-ақ отырыста бірқатар өңір­лердің әкімдері, Премьер-минис­тр­дің орынбасары – ауыл шаруа­шы­лығы ми­нистрі Ө. Шөкеев сөз сөйледі.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр Бақытжан Са­ғын­таев жаңа үлкен нарықтар ашы­­лып жатқандықтан, тиісті органдар­мен жоспарланған іс-шараларға қатысты барлық мәселелерді тағы бір рет талқылау қажеттігін, АӨК дамыту бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында етті мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді шаралар қаралуы тиістігін атап айтты.
Үкімет отырысында кедендік әкім­ші­ліктендіруді жетілдіру аясында «Ас­тана-1» автоматтандырылған ақ­па­­рат­тық жүйесі жобасын іске асыру барысы туралы қаржы министрі Б.Сұлтанов пен ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев баяндады.
Ағымдағы айдың басынан бері импорт және қалған кедендік рәсімдер бойынша «Астана-1» ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресімделген, одан тауарларға арналған декларациялардың 90%-і «жасыл дәліз» арқылы автоматты режимде шығарылған. Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес «Астана-1» ақпараттық жүйесін құру туралы техникалық міндет бекітілгенін айтты. Қазір жүйені «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қорымен ықпал­дас­тыру жүзеге асырылды.
Жиында қаралған тағы бір өзекті мәселе – медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелерін сала министрі Е.Біртанов баяндады. Ол медици­на­­лық техниканы жаңартуға деген қажет­­тілік жыл сайын 96 млрд теңгені құрайтынын жеткізді. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдарды цифрландыру мен оларға медициналық жабдық­тарды қосу арқылы барлық мем­лекеттік денсаулық сақтау ұйымда­рында мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру