Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Ата кәсіптің бағы жанады

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Селеулі сайын даланың төскейі төрт түлікке толған, қыр астынан ауылдың ақшаңқан үйлері «мен мұндалап», таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек дүбірі қызған біздің ұрпақтың сол бір бақытты шағы келмеске кеткендей күй кешетініміз рас-тын.
Құлазыған елсіз өңірдің болашағы бұлыңғыр болса, мал тұяғы тимеген ен жайлау тоза бастаған-ды. Енді міне, Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауында алға қойылған стратегиялық мақсаттарды іске асыру ауқымында 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың ұлттық стратегиялық тұ­жы­рымдамасының әзірленгені үміт отын тұтатып отыр.
Ауыл еңбеккерлерінің мұң-мұқтажын ескере отырып дайындалған құжат ең алдымен агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және экспортқа бағыт­талып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін кем дегенде 2,5 есе арттыру мақсатын көздейді. Тілге тиек етіліп отырған ұлттық стратегияның негізін ірі өндірістер емес, отбасылық фермалар құрайды, бұған сәйкес жеке мал шаруашылығында 50-100 аналық бас, 600 бас қой болуы тиіс. Өндірістің құн тізбегі түлікті өз төлінен өсіретін шаруагер-фермер қожалықтарын асыл тұқымды аталықтармен қамтамасыз ететін, ірі қара мал өсіретін және бұқашықтарды бордақылайтын шаруашылықтардан, қарқынды бордақылау алаңдары мен ірі қара малды өнеркәсіптік союды ұйымдастырып, дайын өнімді сақтайтын ет комбинаттарынан және өнімді таратудан тұрады. Бағдарламада 4 пайызға дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға дейінгі мер­зімге жеңілдік несие беру қарастырылған. Құжатты жүзеге асыру барысында 80 өндірістік мал бордақылау алаңдары мен қазіргі заман талабына сай 7 ет өңдейтін кешен құрылатын болады. Жаңадан салынатын фермалар мен бордақылау алаңдарының орналасуы өңір­лердің мамандану тәртібіне орай климаттық жағ­дай­лар ескеріліп салынады.
Осы орайда ауыл шаруашылығының өндірістік үдерістерін автоматтандыру және ақпараттандыру, ең озық заманауи технологияларды қолдану мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың жобалау кеңсесі құрылды. Кеңсенің жұмысы отандық ІТ-компаниялар мен ауылшаруашылығы тауар өнді­рушілерінің әлеуетін нығайтуға, оларды әлемдік тәжірибеге бейімдеуге, агроөнеркәсіп кешенінің бар­­лық салаларының қажеттіліктеріне арналған жаңа жобалар жасауға бағытталған. Бұл ретте «АПК Адал» сүтті-тауарлы фермасының тәжірибесі көңіл ауда­руға тұрарлық. Мұнда еңбек өнімділігін арттырып, қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін өнімдерді есепке алудың, далалық аймақтарды бөлудің және нәтиже тиімділігін бағалаудың қазіргі заманғы жүйелері белсенді түрде енгізілуде. Агроөнеркәсіптік кешен нысандарын қаржыландыру қолжетімділігін арттыру, өткізу нарықтарын кеңейту және ауыл шар­уашылығы экспортын дамыту мемлекеттік саясатты іске асырудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл шаралар отандық бизнестің даму келешегіне және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Сала әлеуеттілігіне қатысты тағы бір құжатты кел­тіре кеткелі отырмыз. Үстіміздегі жылдың 1 мамырынан 1 маусымына дейін еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Республикасына еттің кейбір түрлерін әкелуге арналған тарифтік квоталардың кө­лемдерін сыртқы экономикалық қызметке қатысу­шылар арасында бөлу қағидаларын бекіту туралы» ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы қаңтар­дағы бұйрығына сәйкес қайта өңдеушілерге 2018 жылға 9 240 тонна сиыр етін әкелуге тарифтік квоталар көлемдерін бөлуге қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталғанын жариялап отыр. Квота көлемдерін бөлуге қатысу үшін сиыр еті бойынша тарифтік квоталардың қажет етілетін көлемі көрсетілген, сондай-ақ дайын тауардың әрбір түрі бойынша өнім өндіру кезінде пайдаланылған шикізат көлемінде сиыр етінің үлесі айқындалған өтінім, кәсіпорынның есеп нөмірін тір­кеу туралы анықтамасы, өнімді өндіру және жөнелту туралы статистика органдары есебінің нотариатта куә­ландырылған көшірмесі сияқты құжаттар қажет болады.
Сонымен қатар мемлекеттік саясаттың негізгі мақ­саттарының бірі мол егін алуға ұмтылған отандық фер­мерлерді қолдау мақсатында оларды қазіргі за­ман­ғы қолжетімді ауыл шаруашылығы техникасымен қам­та­масыз ету болып табылады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тапсырысы бойынша еліміздің салалық ғылыми-зерттеу институттары өз қызметін қайта құрып, климат жағдайына және топырақ бабына лайықталған аспалы және тіркемелі топырақ өңдейтін техникалар шығаруда. Бұл орайда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жоспарланып отырғанын айта кеткеннің артықтығы болмас. Жоба бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің 7-10 пайыздай бөлігі бюджеттен субсидияланбақ. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға ар­нал­ған инвестициялық қаражат бөлу бағдарламасы шы­ғындардың 25 пайызын өтеу түрінде жалғасатын болады. Бұл үшін Ұлттық аграрлық университет негізінде агротехнологиялық хаб құру бағдарламаға енгізілді, ауылшаруашылығы мамандықтарына грант бөлу мә­селесіне назар аударылды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру