Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Туризмді дамыту – уақыт талабы

Алматыдағы «Best Western Plus Atakent Park Hotel» қонақүйінде қала мен Алматы облысының туризміне байланысты «Workshop-zhetysutravel-2018» атты дәстүрлі шара жалғасын тапты.

Шараның негізгі мақсаты – Алматы қаласы мен облысының туризм саласындағы әріптестігін дамыту. Туристік орналастыру орын­дары мен туроператорлық қыз­метті іске асыратын фирмалар арасында диалог орнату. Осындай екі жақты байланыс отандық туризмнің дамуына барынша сер­пін берері анық.
Елімізде әсем табиғатымен көздің жауын алатын көрікті жер жетерлік. Солардың ішінде жер жаннаты Жетісу өлкесінің табиғаты – туризмнің нағыз қай­нар көзі. Айдынды Алакөл мен Бал­­қаш, таңғажайып Көлсай, Ша­­­рын шатқалдары, Есіктегі сақ қор­ған­­да­ры, тарихтан сыр шер­тетін таң­балы тастар, Алтын­емелдің сұлу табиғаты. Айта берсек, мұн­дай ға­жап көріністер аз емес.
Туризм – көптеген елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның басты тетігіне айналған сала. Дегенмен қазіргі таңда халық­ара­лық сапарларға сұраныстың тө­мен­деуі сезілуде. Оған әлемде орын алып жатқан түрлі жағдайлар себеп болып отыр. Сондықтан да отандық туризм сарапшылары ел ішіндегі туристік бағдарламаларға сұраныстың артуын болжауда.
Туризмді дамытуға инфра­­құ­рылымды жақсартудың, турис­тік нысандарға апаратын жол­дарды жөндеудің үлкен әсер ете­­тіні белгілі. Мемлекет қол­да­уы­­ның арқасында жолдарды күрделі жөндеу бойынша ауқым­ды жұмыстар атқарылды. Биыл­ғы жылы Үшарал – Достық жолы­ның күрделі жөндеуі басталуы тиіс. Бұл өз кезегінде Алакөлге баратындарға қолайлы жағдай туғыз­бақ. Балқаш көліне апаратын 140 шақырым жол да жөн­деледі. Сонымен қатар Көлсай көл­де­­ріне дейінгі жол жасалып, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен Шарын шатқалының 11 шақырымы жөнделеді деп жос­пар­ланған.
Мәселен, 2017 жылдың қоры­тын­дысы бойынша Алматы облысында 1,6 миллион туристке қыз­мет көрсетіліп, соңғы үш жылда туристер легі 77 пайызға ұлғайған. Көрсетілген қызмет ауқымы 8,3 миллиард теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіпті. Бұл орайда көрсетілген қызмет көлемі жағынан облыс Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Яғни республика бойынша көрсетілген қызмет ауқымындағы үлесі – 8 пайызды құрап отыр. Келушілер саны жағынан да облыс алғашқы үштікте. Елімізге демалуға келген саяхатшылардың 15 пайызы Жетісу жеріне табан тірейді екен.
Кездесу соңында турбизнес өкілдері Жетісу аймағының ту­ризмді дамытуға қолайлылығын бір­ауыздан қолдай келе, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, ішкі туризмнің барлық бағыттарын да­мытуға атсалысатындарын айтты.
Отандық туризмді өркендету жолында Алматы облысында қол­ға алынып жатқан шаралар аз емес. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында көптеген игі істер атқарылуда. Жетісу өңі­рінде 4 ұлттық табиғи парк бар. Сонымен қатар тарихи орындар да жеткілікті. Бұлар туризмнің дамуына негіз болып отыр. Сондықтан да бүгінгі қолға алынып отырған осындай іскерлік байланыстар аталған саланың қарқын алуына кең жол ашатыны сөзсіз.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру