Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Дәстүрлі жарыс жалғасын тапты

Алматыда әуесқойлар арасында бұқаралық сипаттағы қайырымдылық VII халықаралық марафоны өтті. Орталық Азиядағы ең ауқымды әуесқой спорт мерекесіне еліміздің 14 облысы мен 2 қаладан басқа, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен барлығы 14 мыңнан астам адам қатысты.

Биыл «Алматы марафоны» дәстүрлі түрде 3, 10 шақырымға (жүгіру және скандинавиялық жүріс), жартылай марафон (21) және 42,195 шақырымға (жалғыз және эстафеталық коман­да) жү­гірді. AIMS және IAAF серти­фи­кат­таудан өткендерге жаң­ар­тылған бағыттар бойынша жүгіру ұсынылды. Сертификат 5 жыл бойы 2023 жылға дейін жарамды. Жарыстың мәресі мен сөресі жаңа алаңда орналасты. Биылғы жүлде қоры 1,9 млн теңгені құрайды. Қашықтықты аяқтаған барлық қатысушыларға медаль тапсырылады, ал алыс қашықтықтың же­ңімпаздары медальмен қатар ақ­шалай сыйлыққа ие болады.
Алматы әкімі Бауыржан Бaйбек биылғы жарыс басқа бағыт бойынша басталып, аяқ­тала­­тын­­дығын атап өтті. Сонымен қатар ол бұл жарыста барлық қатысушыға сәттілік тілеп, сайыста ең бастысы жеңу емес, қа­тысу екендігін айтып, дәстүрлі марафондық жарыс­ты ашық деп жариялады.
«Биылғы қатысушылардың қа­тары өткен жылғымен салыстыр­ғанда 1 жарым мыңға көп. Тіптен, біз қатысуға ниет білдірушілерді тір­кеуді ерте аяқтауға мәжбүр бол­дық. Қатысушылар шегі тіркеу­дің ресми жабылуына 1 жарым күн қалғанда толды. Біз баршаны маусымдық старттарға қоше­метпен қарсы аламыз және спортшыларды тіркеуді соңына дейін қалдырмауға шақырамыз», – деді Алматы мара­фо­нының директоры Салтанат Қа­зы­баева.
Биыл бастапқы жарна балалар онкологиялық хосписіне және дамуында ерекшеліктері бар бала­ларға арналған екі мектепке беріледі. Осы бастапқы жар­на­дан түскен ақшаға спорт алаң­дары тұрғызылып, құрал-сайман сатып алынады. Бұған қоса, қайы­рымдылық жарналарына се­рік­тестер бөлетін қаржы да қосы­лады. Осылайша, Алматы мара­фо­ны­ның ресми суы – A’SU бренді жүгіруден ең ауқымды шара үшін пластик ыдыстар үшін арнайы жәшіктер дайындап қойды, барлық пластиктер қайта өңдеуге жіберіледі. Биыл әр бөтелкеден түскен 1 теңге ағымдағы қайырымдылық мақсаттарына ба­ғыт­талады.
Жарысқа спортшылар, үй шар­уа­сындағы әйелдер, кеңсе қыз­меткерлері, студенттер, бизнес­мендер, шоу-бизнес жұлдыз­дары, топ-менеджерлер, күллі отбасы мүшелері мен корпорациялар қатысады. Алматы марафоны тек спорт сүйер қауым үшін ғана емес, бүкіл бір ұйымдар үшін де көптен күткен елеулі оқиға болып отыр. Экиден командалық эстафетасына биыл рекордтық 99 команда қатысты. Тек «Sulpak» ком­паниясының бір өзі 6 командасын қатыстырды. Компания же­тек­шілері де қалыс қалмай, өз әріп­тестерімен бірге жүгірді.
Жарыс мәресі мен марапаттау рәсімі Республика алаңындағы сөре-мәре қалашығында өтті. Марафон қашықтығын бағынды­рудан Михаил Красилов және Дана Айдосова теңдесіз жеңім­паз­дар атанып, 400 мың теңге көле­мінде ақшалай жүлде алды.
Марафонның барлық қатысу­шыларына естелік медальдар табысталып, жеңімпаздарға медаль, мақ­тау қағаздары және серіктес­тердің атынан сыйлықтар берілді. Олардың арасында Алматы марафонына ғана емес, барлық маусымдық жүгіру сайыстарына қолдау көрсетіп келе жатқан Орифлейм компаниясы, сонымен бірге Under Armour спорттық киімдер брендінің және т.б. сыйлықтары табысталды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру