Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

ӨЗАРА СЕНІМГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының сыртқы істер министрі Кан Гён Хвамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақ­тастықтың өзекті мәсе­лелері мен сауда-экономи­калық қа­рым-қатынастардың кемел даму бағытта­рын талқылады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының Сыртқы істер министріне ілтипат білдіріп, екіжақты байланыстардың сенімді сипатқа ие болып отырғанын атап өтті.
– Астана мен Сеул арасында сенімді және достық қарым-қатынас орнады, экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Экономикалық және гуманитарлық өзара ық­пал­дас­тықтың көптеген мәселелері шешімін табуда. Сіздердің Ор­талық Азияда жүргізіп жатқан белсенді жұмыстарыңызды қол­дай­мыз, – деді Қазақстан Прези­денті.
Өз кезегінде Корея Республи­касының Сыртқы істер министрі кездесуге мүмкіндік бергені үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан астанасынан алған әсері жөнін­де айтты.
– Бұл – Қазақстанға және Астанаға жасаған алғашқы сапарым. Мен үшін сапарымның елордаларыңыздың 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтуінің мәні зор. Осы кезең ішінде Ас­тана дамудың үлкен жолынан өткеніне тәнті болдым, – деді Кан Гён Хва.
Кездесуде сыртқы істер ведом­ствосының басшысы Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Корея Республикасының прези­денті Мун Чже Иннің ыстық ықы­ласын жеткізді.
– Президент Мун Чже Ин 25 жыл ішінде елдеріміз арасында қалыптасқан берік негізге сүйе­не отырып, ынтымақ­тастығы­мыз­ды одан әрі дамытуға және нығайта түсуге ниетті, – деді Кан Гён Хва.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру