Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Жоғары нәтиже үшін жүйелі шаралар қажет

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ағымдағы жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Сонымен қатар жиында жұмысы тіркеусіз тұлғаларды ел экономикасына тарту жөніндегі жол картасының іске асырылу барысы, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызмет көрсету жайы талқыланды.

Биылдың бірінші тоқсанында ел эко­но­микасында жағымды үрдістер сақта­лып, есепті кезеңде ІЖӨ өсімі 4,1%-ті құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 3,6% болған. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­менов атап өткендей, мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашы­лығы­ның және көрсе­тілетін қызметтер сала­сының өсуімен қамтамасыз етілді. ІЖӨ ұлғаюына сон­дай-ақ инвес­ти­ция­­лардың жоғары өсуі мен төмен ин­фляциялық процестер әсе­рін тигізуде.
Өнеркәсіптегі өсім 5,3%-ті құрап, бұл ретте өңдеу өнеркәсібі оң қарқын көрсетіп отыр. Кен өндіру өнеркәсі­бінде өндіріс 5,1%-ке өскен. Бұл салада табиғи газ өндірісі 6,2%-ті, мұнай – 6,1%-ті және темір кені – 3,7%-ті құрады. Өңдеу өнеркәсібі 6,2%-ке артты. Ауыл шаруашылығында динамика жақсарып, өсім 3,6%-ті құрады. Бұл бағытта өсу мал шаруашылығы өнімдерінің 3,8%-ке ұлғаюымен негізделуде. Бірінші тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі екі айлық төмендеуден кейін өсу траекториясына шығып, 5,9%-ті құрады.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 39,5%-ке ұлғайды. Инвести­ция­лық салымдар көлік, құрылыс, өнеркәсіп және сауда саласында артып отыр.
Еңбек нарығындағы жағдай бір қалыпты аңғартып, наурыз айында жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды.
Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев ағымдағы жылдың бірінші тоқсанын­да­ғы инфляцияның жай-күйі туралы баяндап, жыл басынан бері инфляция 1,8%, жылдық есеп бойынша 6,6% бол­ғанын нақтылады.
Ал қаржы министрі Б.Сұлтанов мемлекеттік бюджеттің кірістері есепті кезеңде 107,8%-ке, соның ішінде республикалық – 101,9%-ке, жергілікті бюджеттер – 124,6%-ке асыра орын­дал­ғанын айтты. Сонымен қатар мем­ле­кет­тік бюджеттің шығыстары 95,7%-ті құраған.
Өткен есепті кезеңнің басты ерек­шелігі, жергілікті өзін-өзі басқару бюд­жетінің жұмысы басталды. Сөйтіп, олардың шоттарына 28 млрд теңге түсімдер жиналып, 22 млрд теңге шы­ғыс­тарға жұмсалды. Қазынашылық ор­гандары 4-деңгейлі бюджеттің 1078 мем­лекеттік мекемесіне қызмет көрсе­туде. Мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тік жобалары бойынша 235,2 млрд теңгеге 182 келісімшарт жасалды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарлама­сы­на бағытталған қаражат 99,9%-ке иге­ріліп, 37,3 млрд теңгені құрады.
Алда тұрған міндеттерді атап өткен қаржы министрі республикалық бюджет кірістерінің көлемі 189 млрд теңгеге көбеюіне байланысты кірістердің өсу қарқынын төмендетпей, нақтыланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету керектігіне тоқталды. Сол сияқ­ты импорттау кезінде уақытты қыс­қартуға мүмкіндік беретін «Астана-1» ақпараттық жүйесінде қалған 15 кедендік рәсімді іске қосу бюджетке қо­сымша 12 млрд теңгеге жуық кіріс түсіруге жол ашады. Президенттің бес әлеу­­меттік бастамасын және жолдауларда айқындалған міндеттерді іске асыру үшін нақтыланған бюджет жобасында қарастырылған шаралардың уақытында орындалуы қадағалануы тиіс.
Тақырыпты өз бағыттары бойынша инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, энергетиканың бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов жал­ғас­тырып, биылғы бірінші тоқсан­да­ғы жұмыс нәтижелері туралы баяндады.
Мәселені қарауды қорытындылай келе, Премьер-министр Б.Сағынтаев Мемлекет басшысы Үкіметке эконо­микалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізу­ді тапсырғандығын, статистикалық де­ректерге сәйкес ІЖӨ өсімі 4,1-ті құрап отырғанын атап өтті. Осы ретте экономика салаларында өсімді одан әрі қамтамасыз ету үшін жүйелі шараларды жалғастыру тапсырылып, бұл жұ­мыстарды бақылау Премьер-ми­нистрдің бірінші орынбасары А.Ма­мин­ге жүктелді.
Отырыста еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбіл­қасымова биылдың І тоқсанында жұ­мысы тіркеусіз тұлғаларды ел экономикасына тарту жөніндегі жол картасының іске асырылу барысын баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері статусы анықталмаған 2,7 млн азаматтың бүгінгі таңда 607 мыңы нақтыланды. 197 мың жұмысшы еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аударуда, 12 мың кәсіпкер қызметтерін тіркеген.
Жиында халықтың цифрлық са­уат­тылығын арттыру және мемле­кет­тік қызметтер көрсету мәселелері қаралды. Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев цифрлық сауаттылық – адамның ақпараттық тех­нологияларды күнделікті өмірде және жұмыста пайдалана алу қабілеті мен білімі екендігін атап өтті. Өткен жылы халықтың базалық цифрлық сауаттылық деңгейі 77%-ті құраған, жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 78,5%-ке дейін арттыру жоспарланған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясының бас­қар­ма төрағасы А.Оспанов халыққа көрсе­тілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жайын баяндады. Оның айтуынша, «Электронды үкімет» порталы арқылы былтыр 34 миллионнан астам қызмет көрсетіліп, «E-лицензиялау» арқылы 922 мыңнан астам лицензиялар мен рұқсат құжаттары берілген.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру