Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Марапатқа лайық жан

«Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыт ұжымы – еңбегімен елге сыйлы азаматтармен мақтана алатын кәсіпорындардың бірі де біргейі болып табылады. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған өндірістегі еңбек жолы өнегелі тағылымға толы, ішкі мәдениеті биік, байсалды мінезімен көптеген маңызды істерді атқарып жүрген механикалық-жөндеу цехының бастығы Жанарбек Лепесов жайында болмақ.

Аталмыш кәсіпорынның меха­ни­ка­лық-жөндеу цехында табаны кү­ректей 30 жыл қарапайым жұмыс­шыдан бастап цех бастығына дейін кө­терілген Жанарбек Лепесов­тың өне­гелі өмір жолы мен еңбектегі жеңіс­ті жетістіктері жас мамандарға үлгі болары сөзсіз.
Ырғыздың жағасында дүниеге келген Жанарбек арман қуып, кез келген бозбаланың қолы жете бермейтін ресей жеріндегі Омбы қаласын­дағы политехникалық институттың маши­на жасау факультетін 1984 ойда­ғы­дай бітіріп, мамандық алып шығады. Содан кейін Петропавлдағы машина жасау зауытында қатардағы жұмыс­шы ретінде алғашқы еңбек жолын бастағанды. Төрт жыл­дың ішінде осы кәсіпорынның техни­калық шебер, аға шебер қызмет­терін абыроймен атқарған ол өзінің алғырлығы мен іскерлігінің арқа­сында, ұйымдасты­рушылық қа­рым-қабілетін, жастық жа­лынын ұш­тастырып, өндірістік жұ­мыс­ты дөңгелетіп, өзіндік орын қа­лып­­тас­тыра білді. 1987 жылы Тюмень облысының аруы Айсұлуды кездес­тіріп, көңіл жарастырып, отбасын құрады да, 1988 жылы елге оралып, зауыттың механикалық-жөндеу цехының құйма учаскесіне қарапайым жұмысшы ретінде қызметін әрі қарай жалғастырады. Жаңа ортаға келген жігіт білімі мен біліктілігін, еңбек жолындағы азды-көпті іс-тәжірибесін көрсетіп мұндағы жұмыста да өзін жақсы қырынан таныта білді. Осы ерекше қасиетін байқаған цех басышысы шебер, ауысым шебері, өндіріс аға шебері, цех бастығының орынбасары лауазымдарына қойып, еңбекте шыңдалуына мүмкіндік берді. Ал 2009 жылы цех бастығы Әкімжан Бишеновтың ұсынысы бойынша меха­никалық-жөндеу цех бастығы болып бекітілді. Содан бері осы цехтың жақсылығы мен ауыртпалығын ар­қа­лап, 100 адамның тілін тауып, кәсіпорын басшылығының жүктеген міндеттерін атқарып, өндірістік жұ­мысты жандандыруда. 75 жылдық тарихы бар зауыттың дамуына тер төгіп, қандай басшылық қызметте жүрсе де өз міндетін мінсіз атқарып, ерекше басқару қолтаңбасы мен озық іс-тәжірибесін, өндірістен алған ілімі мен білімін кейінгі толқын, жас буынның бойына сіңіре білді.
– Өндіріс болғаннан кейін жұмыс­тың үлкені, кішісі болмайды. Біздің ұжым шағын болғанмен, атқаратын жұмысының ауқымы кең әрі жауапты. Біздер өндірістің негізі болып табылатын балқыту және басқа цехтарға техника қауіпсіздігін басты назарға ала отырып, қажетті детальдарды, бөл­шектерді дайындаймыз және жөн­дейміз. Әрбір бөлшектер арнайы сызба арқылы, дәл әрі нақты, ақаусыз орындалуға тиіс. Ұжымның ең маңызды мәселе­лерінің бірі де бірегейі техника қауіпсіздігі, жұмыс жоспары болып табылады. Тәртіп пен қауіпсіздік сақталған жерде табыс болады деп есептеймін. Жақында маған берілген «Қазхромның еңбек сіңірген жұмыскері» атағы мен алтын төсбелгісі менің ұжымыма берілген үлкен баға әрі үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді басты кейіпкеріміз Жанарбек Лепесов.
Қарапайым жұмысшыдан цех бас­тығына дейінгі жарқын жолды абыроймен атқарып келе жатқан Жәкең­ді әріптестері өз ісін жетік білетін, цех ұжымының мұң-мұқ­тажын, жо­ғын жоқтайтын білікті басшысы деп біледі. Кеудесінде жар­қырап тұр­ған «Қаз­хромның еңбек сі­ңірген жұмыс­кері» атағы мен алтын төс белгісі әріп­тестерінің алдындағы еселі еңбегі үшін берілген лайықты баға деп білеміз.
Сондай-ақ, Жәкеңді ұжымдаста­ры жақсы басшы, қызын қияға қон­дырған ақылшы әке, жақсы жар және отбасымен өмірлерін өндіріспен бай­ланыстырған әулет деп баға­лай­ды. Әріптестері айтса айтқандай, Жанарбек пен Айсұлу екеуі жұптасып, өмір­дің қызығы мен қиындығын бірге арқалап келе жатқандарына 31 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында үш баланы тәрбиелеп, жоғары білім беріп, Ақнұр, Адиа атты жиен немерелерінің сүйікті ата-әжесі атанды. Қыздары Гүлжазира мен Диана бала кездерінен бастап Металлургтер мәдениет үйінің «Гүлдер айым» би ансамбліне қатысып, за­уыттың намысын қорғаған болатын. Қазіргі таңда Гүлжазира сатып алу бөлімі аналитика бюросының бастығы бо­лып жұмыс істесе, Диана компания есебінен Алматы қаласынан жоғары білім алып, өндірісті автоматтандыру және байланыс цехында жетекші инженер қызметін атқарып, әулеттің абыройлы еңбек жолын жалғастырып келеді. Ал қара шаңырақтың иесі болып саналатын ұлы Сәрсен – Алма­ты қаласындағы сәулет және құрылыс инс­титутының студенті.
Жанарбек Лепесов – тек өндіріс­те еңбек етіп қана қоймай, өнімді еселендіріп, цех ұжымын жігерлендіру жолында маңдай термен еткен еңбек­тің жемісін көріп отырған мерейлі жан.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру