Валюта бағамы: $ 366.86 424.49 5.6 ¥ 53.02

«Аңыз тұлға» – ұрпақтар сабақтастығы жобасы

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Ақтау қаласында өткен Маңғыстау облысы Іскер әйелдері кеңесінің ІІІ форумына қатысты.

Форумда сөйлеген сөзінде Тимур Құлыбаев Қазақстанда әйелдердің 42%-і шағын және орта кәсіпкерлікті басқа­ратынын атап өтті. «Қазақстан әйелдері әдетте жоғары бі­лімі бар, алдына мақсат қоя білетін әрі өздерін жан-жақты дамытуға дайын жандар. Осы бағытта «Атамекен» жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын. Жылдан жылға бизнес ортада әйелдер белсенділігі артқаны байқалып отыр», – деді Тимур Құлыбаев.
Маңғыстаулық іскер әйел­дер кеңесі салалық алаңдар – қауымдастықтарды белсенді жетілдіріп келеді. Бүгінде өңірде «Маңғыстау облысы киім дизайнерлері одағы», «Маң­­ғыстау облысының қол өнер шеберлерi одағы», «Маң­ғыстау облысының интерьер ди­зай­нерлері мен декораторлары», «Маңғыстау облысының кондитерлер гильдиясы» және «Маңғыстау облысының мектепке дейінгі жекеменшік білім беру мекемелері» атты 5 қауымдастық құрылған. Өңір­де 53 366 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 23 мыңын әйелдер басқарып отыр (44%). Осы салада жұ­мыс істейтін әйелдердің 35%-і кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл көрсеткіш әйелдердің кәсіпкерлікке бет бұруы жә­не ауылдық жерде өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған қыз-келін­шектердің артқанын ай­қын­дайды.
«Атамекен» шағын несиелеу ұйымы арқылы 2 жыл ішінде әйелдер 404 млн теңгені игерген. Бұл дегеніміз – жүзеге асырылып жатқан 166 жобаның 75-сі. Жаңадан ашылған 408 жұмыс орнының жартысын іскер әйелдер құ­рған. Несие алуда әйелдер белсенділігі үлесі 41%-ті құ­райды. Қаржыландыру жүр­гізілген үш жыл ішінде кәсіп­кер әйелдердің несие алуы бойынша өңірдің барлық аудандары жақсы серпін көрсетіп отыр.
Форум барысында Іскер әйелдер кеңесі «Аңыз тұлға» – «Живые легенды» атты жобаны енгізу мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынды. Көп мем­лекетте қолөнер саласында бірегей технологияларға ие адамдар толығымен мемлекет немесе басқа да жалпыұлттық құрылым қамқорлығына алы­­нады. Мақсат – бірегей тех­но­логиялар бойынша бі­лім мен кәсіби машықты өс­келең ұрпаққа үйрету, осы құнды­лықтарды сақтап қалу. Осылайша ұрпақ сабақтастығы жал­ғасады. Мұндай аңыз тұл­ғалар елімізде саусақпен са­нар­­лықтай ғана.
«Атамекен» бұл бастаманы қолдады. «Тәлімгерлік тә­жіри­бесін міндетті түрде қол­дану керек. Мемлекет бөліп отырған қаржы есебінен әкім­діктермен бірлесіп, осындай бағдарламаны қарастыруға күш саламыз», – деді Т.Құлыбаев.
Форумда ауылды жерде әйел кәсіпкерлігі дамуының тиімді бағыттары ретінде мал шаруашылығы өнімдерін өң­деу, жеңіл өнеркәсіп, балалар мен ересектерге білім беру орталықтарын құру, көктем-жаз-күз айларында кішігірім этно ауылдарды құрып, ұлттық өнімдерді сату, этно және эко туризмді дамыту мәселелеріне маңыз берілді. Бұл бағыттар отбасылық бизнес негізінде жү­зеге асырылады.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру